Тұлға • 03 Маусым, 2025

Іңкәр әуен әуезі

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Музыка – адам сөзінің мүмкіндігі жетпеген жерге жететін тіл. Бірақ барлық ұлт тілдеріне ортақ. Адамзаттың жасампаздық табиғаты осы музыканы жасау үшін, жарату үшін, дамыту үшін өркениеттің даму деңгейіне жарасымды дәрежеде үйлестіріп отыруға сан алуан ақыл-ой, амал-тәсілді жетілдірген. Өнер эволюциясының барысында адамзат мыңдап саналатын аспаптарды дүниеге әкелген.

Іңкәр әуен әуезі

Біздің кейіпкеріміз де әуезді әндердің авторы – Бейбіт Орал­ұлы. Ол іңкәр сезім суретін дыбыс жарасымдылығымен көркемдеуші, композитор, ақындығы да бар, оның өзі бір төбе. Дыбыстың бәрі іңкәр сезімді елес­тете бермейтіні анық. Ал оны тану үшін талғам керек. Талғам адам тағдырымен біте қайнасқан қасиет. Әркімнің де өнерге бар таласы, дегенмен әркімнің қабілеті әртүрлі. Біреу сағынышын, біреу арманын, біреу салтанатын, біреу қайғы-мұңын музыка тілімен суреттейді. Ал Бейбіт Оралұлы – ойшыл композитор. Ол нота арқылы музыканы сөйлетеді. Сондықтан болса керек, байқауларда дайындаған әншілері бас жүлдені жеңіп алып жатады.

Өзі де дәстүрлі «Азия дауысы» фести­валінің дүркіреп тұрған кезінде қатарынан жеті жыл бойы лауреат атанды. Қазақстан Президенті жүлдесін иеленген. «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» атты Тәуелсіздікке арналған республикалық байқауларда он жыл бойы бас жүлдені еншіледі.

Әрбір өнерпаз өз заманының тынысын суреттейді. Уақыттың бейнесін, көңіл күйін сол уақыттағы құндылықтар аясында көркемдеп баяндайды. Кейіпкеріміздің сазгер ретіндегі басты ерекшелігі, кез келген мелодияның тартымдылығын арттыру үшін нотаның кілттерімен бояуын келтіріп, суретін салады. Суреттің, яғни композицияның бояуы қанығып, көркемдік маңызына ие болған кезде орындаушысын таңдап, сахнаға немесе тыңдарман талғамына лайықтап жарасымдылығын жетілдіреді.

Бейбіт Оралұлы ауылын ән-күймен тербеткен талғамын, шеберлігін ел іші мойындаған өнері басым өнерпаз отбасында дүниеге келген. Жақсы әншіні немесе күйшіні ауылы әлдилемесе, ауылы қоштамаса, жанбай жатып сөніп қалары анық. Ауылынан тұтандырған шырағын алаулатып, Алатауға бет алған азамат бүгінде ел ағасы деңгейіне шықты.

Бейбіт Оралұлы ауылға сағыныш, туған жерге махаббат, еркіндік, т.б. сезімдерін іңкәр әуендермен көркемдей білді. Өнерпаз ауылға сағыныш туралы әндерінің шығу тарихын былай әңгімелейді. «Ауыл – менің әндерімнің өзегі, тағдырымның тынысы. Ауылыма жиі барып тұрамын. Жем бойы атақты Қобыланды батыр өткен жер, қазақтың қайраткер ғалым-ойшылдары Құдайберген және Ахмет Жұбановтар туған жер. «Ауылға», «Сағындым ауылымды», «Жем бойы», «Жүрші сәулем, ауылға», «Мұғалжар», тағы басқа көптеген әндерім Жем бойында өткен балалық шаққа арналған. Сол кездерді, балалық шақ-бал дәуренді бүгінде қатты аңсаймын. Алғашқы әндерім де осы мектепте оқып жүргенде дүниеге келді. «Гүлнарым», «Айналдым», «Нұр көктем», «Бір қызға» деген әндерім аудан жастары арасында кең таралып кетті. «Гүлнарым» әнін кейін әнші Рахат Тұрлыханов ініміз қайтадан өңдеп сахнаға шығарды», дейді композитор.

Композитор мен шығармашыл буынның басты миссиясы – халықтың рухын, адамгершіл сипатын, даналығын өнер туындыларының болмысында сақтап, халықтың қасиетін, өзгешелігін қоғамның жадына сіңіріп насихаттау. Композитор бұл жөнінде: «Бізге тыңдарманның жетегінде кететін ән емес, тыңдарманды жетелейтін әндер керек. Әнге деген жеңіл көзқарас ұшпаққа шығармайды. Ән, музыка – әр дәуірдің үні, бет-бейнесі, келбеті. Ертең біздің балаларымыз «Алдыңғы буын қандай музыка тыңдады екен?» дейтіні анық. Сондықтан да есер әннен есті әніміз көп болсын» дейді.

Бейбіт Оралұлы махаббатты сана шеңберінен бөліп алып жекелей жырлаған жоқ. Міндетті түрде халықтың өнегесімен бірлестіріп өмір мелодияларымен қоса суреттеді. Ол сан алуан музыка жанрларын ұстанып, әндерді, композицияларды дүниеге әкелгендігін былай деп баян­дайды. «Қазіргі уақытта эстрадалық әннің түрлі жанры пайда болды, синтез басым. Этнорок, этнофольк, этноджазрок секілді көне музыкамен бүгінгі музыканы ұштастыру бағыты маған да жат емес. Менің дәстүрлі музыкамыздың сарынында жазылған ән-толғауларым да, заманауи стильдегі әндерім де уақыт тынысынан туған, тыңдарманның сұранысына сай дүниелер. Әрі олар қазақи дәстүрден тамыр алғандықтан да өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Мәселен, Роза Рымбаева айтқан «Домбыраның үні» атты әнім ұлттық сарында жазылған және көпшіліктің ықыласына бөленген туынды».

Ол жасандылықты жаны сүймейді. Сабырлы, асығыс шешім қабылдай қоймайтын байыпты мінезі бар. Сұхбат барысында қалыпты әдептілігін сақтап әңгімесін өрбітіп отырады. Өзін қай ортада болсын еркін ұстайды. Көздерінен жігітке лайық сұстылықпен қоса мейі­рімділікті сезініп отырасың. Бауырын жазып, кең даланың жазығымен бір айналып орғытып келетін арғымақ сияқты ауыл, ел туралы, өнер туралы әсерлі әңгімелейді. Әрбір әннің шығу тарихын айтып, көркемдік маңыздылығын ортаға салып ойландырып сезімдерді қалай суреттеу керек екендігіне шолу жасайды.

Композитордың айтуынша, «Боз жорға» әнінің жарық көруінің тарихы көпшілікті қатты қызықтырады. Аста­наның алғашқы тұсаукесері басталарда қазақ әні айтылсын деп шешім қабылданған. Осы бастаманы жүзеге асыру Ресей эстрадасының азулы продюсері Бари Алибасовқа тапсырылған. Ол бір ай бойы лайықты ән іздеген. Бейбіт Оралұлы мен Шөмішбай Сариев шығармашылық тандемі жарасқан әндерін ұсынады. Бірақ ол көптеген әндердің ішінен қанша таңдаса да бір тоқтамға келе алмағандықтан, соңғы күні «Боз жорға» әнін тыңдатқан. Бари қатты қуанып әнді бірден қабылдап, әуелі қаланың тұсаукесерінде, содан кейін мерекелік іс-шараларда сахнаға қайта-қайта шығарып, қаланың да, әннің де тұсаукесерін жасаған. Осылайша, Бари Алибасов жетекшілігімен құрылған Ресейдің атақты «На-На» тобының орындауында хит әнге айналды.

Бари Алибасов бір сөзінде «Бейбіт, егер сен консерватория бітіргенде осындай әндер жазбаған болар едің» деген екен. Міне, осы сөзді мәдениеттану теориясының сараптамасына салып көрейік. Біріншіден балалық, бозбалалық, жеткіншек, ержеткен еркіндік шағын ауы­лында өткізген жігіт қаймағы алынбаған рухани қоры бар арманшыл тұлға. Оны қала тіршілігі қалыпқа салған емес, ауылда еркін өскен, жадында ауылының болмысы, көрінісі жайнап тұр. Классикалық музыкалардың бір қасиеті теңіз тәрізді терең бойлаған сайын, яғни үйреніп игерген сайын тұздылығы басым болғандықтан өзен жағасында өсіп, бойда ұялаған тұщымды сезімдерді шайып кетеді. Егер Бейбіт Оралұлы консерваторияға түсіп, шығармашылығын жалғастырғанда эстрада емес, классика жанрындағы туындыларға автор болар ма еді.

 

Ақылбай ҚҰЛЫМША,

мәдениеттанушы