Алматы • 03 Маусым, 2025

Ұлттық анимациядағы жаңа белес

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Балаларды қорғау күні қарсаңында «Алтын адам» анимация­лық фильмінің жабық көр­сетілімі өтті. Ұлттық анимацияның қоржынына келіп түскен жаңа туын­ды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында, Мәде­ниет және ақпарат ми­нис­трлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауы­мен жарыққа шықты.

Ұлттық анимациядағы жаңа белес

«Алтын адам» анима­ция­лық фильмі – жас ұрпақ­тың бойында отан­сүйгіштік пен ұлттық мұраға қызығушылықты оятатын әлеуметтік маңы­зы бар жарқын жоба­лар­дың бірі.

Фильм «Алтын адам» деп аталға­нымен, оны Есік қорға­ны­нан табылған атақты артефакті­мен байланыстырудың еш қисы­ны жоқ. Адам бойындағы ең қастер­лі қасиеттер ұлғая келе, әлем­ді ұстап тұратын ұлы құн­дылық­тарға айналып, халық арасында «Алтын адам» аталып кететінін шытырман оқиғаға толы бірегей туынды тамаша тұспалдайды.

Сақтардың тарихын, мәде­ниетін, жауынгерлік өнерін бейнелеген фильмнің бас кейіпкері Аңқылдың басынан кешкен оқиғасы тым шиеленісті басталады. «Мәңгілік отты» іздеп Хантәңірі шыңына аттанған сақ жауынгерінің қиял-ғажайыпқа құрылған оқиғасы жаңа хикаялармен жетілдіріліп, жылдам өрістеп отырады. Әкесі Антей қағанның тақ мұрагері атанып, нағыз жауын­гер болу үшін 13 жастағы бозбала аңшылық­қа аттанып, қар барысының терісін иығына жамылып келуге міндетті. Ықылым заманнан бері жалғасқан Орда дәстүрі солай бұйырады. Бірақ Аңқылдың құлаштап атқан жебесі жердегі тірі жанның бірін де жанап өтпестен, көк аспандағы бұлттардың өзін көктеп өтіп, көз жетпейтін буалдыр белгісіздікке батып кетеді. Мұны Тәңірдің тұспалындай қабыл алған Аңқыл қормалда қамаулы тұрған барысты өлтіруден де бас тартады. Хал үстінде жан тапсырғалы жатқан хан әкесі баласының бұл ісін әлсіздікке яки әділдікке жатқызарын білмей дал болады. Анасы ұлын абыройсыздықтан құтқа­рудың амалын жасауды ой­лап жүргенде, халық қағансыз қа­лып, сақтарға қалың жау қатер төн­діріп, андыздап ел шетіне келеді...

Жол бойы ол достары мен қарсы­ластарын кездестіріп, сан түрлі сынақтан өтеді, шынайы жауын­герге айналып, сақ дала­сына төнген зұлымдықты жеңе­ді. Тәңірдің дидарын көруден үмітті оларға мәңгі Мұз­ды жыл­дар­дың жұмбағын шешу­ге тура келеді: әділдік пен шын­дықтан, жауынгерлік ерлік­тен өзге мынау әлемді ұстап тұрған қандай күш? Аңқыл оның да жұмбағын шешті – ізгілік. Тәңір бейнесіндегі құдіретті күш Аңқылдың жүрегіне анасының сүтімен сіңген адамгершілігін әділетті бағалаған екен. Тәңір оның бір кездегі аспанға ұшып, көзден ғайып болған жебесіне құт дарытып өзіне қайтарады. Қайғыдан құса болып қаза болған аяулы анасының да кеудесіне жан бітіп, қайта тіріледі.

«Алтын адамның» оқиғасы қою, динамикасы жылдам, бір тыныспен жалықтырмай жетелеп отырады. Көне сақтардың тарихы, мәдениеті мен ар-намыс туралы түсінігі көркем әрі әсерлі түрде ашылады. Бас кейіпкер Аңқыл – жас көрерменге батылдық пен ерліктің, адалдық пен рухани күштің үлгісі іспеттес.

Фильмнің режиссерлері Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеу­ғазы және сценарий авторлары Әннәс Бағдат, Ұларбек Нұрға­лым бұл жобамен ұзақ уақыт жұ­­мыс істеген. «Жоба 2019 жылы басталып, өткен жыл­­дың соңын­да аяқталды. Бір қара­ған­да, бес жылға таяу уақыт жұмсал­ғанымен, 40-тан аса адам нақты 182 күн жұмыс істеді. Фильмнің мақсаты – тарихи құнды жәдіге­ріміз алтын сауытты негізге ала оты­рып, жас көрерменді «алтын сауыт­ты қандай адам киген, оны кию үшін бойда қандай лайық­ты қасиет болуы керек?» деген сауалдың төңірегінде ойландыру. «Алтын сауытты парасаты тұн­ған, ерлік жасай алатын, батыр­лығы, әділдігі бар адам ғана кию­ге лайықты болған. Яғни Алтын адам – алтынмен апталып, кү­міспен күптелген сырты жылтыр адам емес, оның ішкі рухы, адам­гершілігі мықты болса ғана, осы атқа лайық деген идеяны насихаттаймыз», дейді Тілек Төлеуғазы. 

«Алтын адам» кино өнерін­дегі ең күрделі стильдің бірі – классикалық сурет үлгісінде салынып, түсірілген. Кейіпкердің әрекетін, қимыл-қозғалысын, әр оқиғаның өрбуін сатылап бейнелеп, тұтас оқиғаны құрастыру қажырлы еңбек пен қыруар уақытты талап етеді. Режиссердің айтуынша, бір секунд үшін 24 сурет салынады. Ал 1,5 сағатқа жуық жүретін толықметрлі «Алтын адамды» әзірлеу барысында 110 мыңға жуық сурет салынған.

Аталған жабық көрсетілім — отандық анимацияны дамы­туға, сапалы контенттің салма­ғын арттыруға және көрер­мен­нің жаңа буынын тәр­биелеу­ге бағытталған мәдени бастама­лардың бір бөлігі. Шығар­машы­лық топ жаңа туын­ды арқылы бала­ларды ізгілік­ке бау­луды, отан­сүй­гіштік мінез қалып­тасты­руды көздей­ді. «Алтын адам» 5 мау­сымнан бас­тап ел­дің барлық кинотеатр­ла­ры­ның экранынан көрсетіле бастайды.

 

АЛМАТЫ