
Сыр бойының рухани ордасы
Мәдени-нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, қоғам өкілдері қатысты.
«Өскелең ұрпақ осы орталық арқылы өңірдің тарихын, мәдениетін тереңінен таниды деп сенеміз. Мұнда әрбір жәдігер – рухани байлығымыздың дәлелі, өткен мен бүгіннің алтын көпірі. «Самұрық-Қазына» қоры кейінгі 4 жылда Қызылорда облысында 13 әлеуметтік жобаны қолдады. Өткен жылы Үстел теннисі орталығын аштық. «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмыс істейді. Биыл жыл соңына дейін балаларға арналған оңалту орталығын ашамыз. Баршаңызды маңызды мәдени және тарихи орталықтың ашылуымен құттықтаймын», деді Ғибрат Ауғанов.
Жаңа ғимараттың ауданы 1953 жылы салынған бұрынғы өлкетану музейінің аумағынан екі есе үлкен. Заманауи музей ғимаратында 250 мыңнан астам жәдігерді сақтауға болады. Бұл – қазіргі облыстық музей қорынан 3,5 есе үлкен.
Мұражай экспозициялары 12 залда орналасқан. Онда өңір мен ел тарихының негізгі кезеңдері қамтылған. Мысалы, палеонтология, археология залдары, Қазақ хандығы дәуірі, этнография, Қызылорда өңірінің тарихы, Алашорда мұрасы, Екінші дүниежүзілік соғыс, мәдениет пен өнер, әлеуметтік-экономикалық даму, ғарыш тақырыбы, еліміз тәуелсіздігінің қалыптасуына арналған залдар бар. Экспозицияны жан-жақты зерттеу мақсатында музейде заманауи цифрлық технологиялар енгізілген: жасанды интеллект жүйесі, панорамалық, диорамалық инсталляциялар, интерактивті LED экрандар экскурсияны көрнекі әрі қызықты етеді.
Жаңа орталық – Қызылорданың мәдени әлеуетін айқындайтын заманауи платформаға айналмақ. Бұл – тек өткенді еске алу алаңы ғана емес, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік пен тарихи таным дарытатын, болашаққа сенім ұялататын рухани орда.
Қомақты инвестиция, нақты нәтиже
Кейінгі бес жылда «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қызылорда облысында жалпы құны 1,8 млрд теңгеге 13 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Жобалардың қатарында былтыр қазан айында ашылған Үстел теннисі орталығы бар.
Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан, заманауи талаптарға сай салынған бұл кешеннің аумағы – 3652 шаршы метр, екі қабатты ғимаратта 16 үстел, 350 көрерменге арналған трибуна қарастырылған. Бүгінде 5 жаттықтырушы 300-ге жуық жасөспірімді үстел теннисімен кәсіби түрде айналысуға баулып келеді. Жарты жылдың ішінде орталықтың 18 спортшысы 1-спорттық разряд иесі атанып, жас өрендер республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Ұрпаққа білім, ұлтқа бірлік сыйлаған жоба
Сонымен қатар былтыр қазан айында қордың «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы алғашқы заманауи оқу орны қолданысқа берілді. 900 оқушыға арналған мектеп қазіргі заман талаптарына толық сай. Жалпы, жоба шеңберінде өңірде 12 300 орындық 21 мектеп салу көзделіп, бүгінде алғашқы төрт мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.
Бұдан бөлек, қордың аутизмі бар балаларға ерекше назар аударатын әлеуметтік саясаты аясында өңірде ерте араласу орталығы ашылып, ондағы сәбилер мен олардың отбасыларына кешенді көмек көрсетіледі.
1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қызылорда қаласында «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимаратының іргетасы қаланды. Жалпы құны 3,8 млрд теңге болатын бұл заманауи нысан этномәдени бірлестіктерге арналған толық жабдықталған орталыққа айналады.
Айгерім АҚШОЛАҚОВА