Өндіріс • 03 Маусым, 2025

Жылына 1 500 локомотив жөндейді

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге шетелдік инвес­торларды тартудың маңызы зор екенін атқарушы билік өкілдеріне әлденеше рет шегелеп тапсырғаны мәлім. Содан да болса керек, ­ке­йін­­гі жылдары өңірде шетелдік алпауыт ­компаниялармен келіссөз жүргізіліп, жұмыс жүйелене түсті.

Жылына 1 500 локомотив жөндейді

Суретті түсірген – Ақаділ Рысмахан

Тоғыз жолдың торабында орна­ласқан Шу қаласын­да локомотив жөндеумен айналысатын алғашқы техника­лық қызмет көрсету депосы ашыл­ды. Депо жылына 1 500-ден астам локомотив жөндеуге қауқарлы. Көлік саласындағы жаһандық көш­бас­шы компаниялар санатына енген «Alstom» ұжымы жаңа депоны салу үшін 3,5 млрд шамасында ин­вес­тиция құйған. Осылай­ша, франция­лық компания араға 37 жыл салып елі­мізде техника­лық қызмет көрсе­ту кәсіпорнын ашып, жұмысты жандан­дыруға бел буып отыр.

Дерекке сүйенсек, компания өкіл­дері заманауи үлгіде бой кө­тер­ген цифрлық депо құрылысын екі жыл бедерінде аяқтаған.

ол

«Жаңа нысанның ашылуы ­Қазақ­стан мен Франция арасын­­дағы іскер­лік байла­ныс­тың өркен­де­ге­нін көрсе­теді. Біздің компания «Қа­зақстан темір жолы» компа­ниясымен 15 жыл бойы үздіксіз жұ­мыс істеп келе­­ді. Жаңадан ашыл­ған техни­ка­лық қызмет көрсету депосы – екі ел ара­сындағы берік байланыстың жемісі. Осы орайда Қазақстан билігі тарапынан ин­весторларға барынша жақсы жағ­дай қарастырылғанын айта кеткен ләзім. Қазір Қазақстанда жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз», дейді «Alstom» компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша бас­қарушы директоры Жером Бойе.

Өңір басшысы Ербол Қарашө­кеев­тің айтуынша, өңірге тікелей ше­телдік инвестиция тарту жұмысы жалғаса береді. Әсіресе жаңа өндіріс орындарын ашу үшін бірнеше жобаны жүзеге асырудың тетіктері қа­растырылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде ауқымды инвес­тициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Кейінгі жылдары бірнеше жаңа өндіріс ошағы іске қосылып, жергілікті халықты жұ­мыспен қамту шараларына басымдық берілді. Алдағы үш жылда жалпы құ­ны 3,7 трлн теңгені құрайтын 62 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыруға ниеттіміз. Осы жылдың өзінде 175,2 млрд теңгеге бағаланған 30 жоба іске қосылып, мыңнан астам жаңа жұ­мыс орны құрыл­ды. «Жібек жолы» ар­найы экономика­лық аймағы ірі инвес­тициялық жоба­лар алаңына айналды. Бүгін іске қосыл­ған «Alstom kazakhstan» компа­ния­сы­ның тех­никалық қызмет көрсету депосы Шу ауданының стратегиялық маңызын арттырып, еліміздің темір­жол инфрақұрылымын да­мытуға, транзиттік әлеуетін ны­ғай­туға зор үлес қосатынына күмән жоқ», дейді Е.Қарашөкеев.

Мамандардың айтуынша, Шу қаласында орналасқан жаңа депо KZ4 және KZ8 электровоз­дарына қызмет көрсетуге арнал­ған. Мұнда айына жүзден астам локомо­тивті жөндеуге мүмкіндік бар.

«Әр локомотивті жөндеу үшін депо қызметкерлері шамамен 12 сағат уақыт жұмсайды. Алдағы бір­неше жылда мұндай сервистік деполар Алматы, Астана қалаларында және Арыста ашылады. Бұл өз кезе­гінде сала жұмысын ілгерілетуге ық­пал етеді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орын­дарын құруға да мүмкіндік береді», дейді компанияның қызмет көр­сету бойынша директоры Олжас Ахметов.

Жаңа кәсіпорын жұмысы халық­ара­лық стандартқа негізделген. Мұн­да өнеркәсіптік және экологиялық қауіп­сіздік талаптары қатаң сақта­лады.

 

Жамбыл облысы,

Шу қаласы