Медицина • 03 Маусым, 2025

1 шілдеге дейін барлық дәрілік заттардың бағасы қайта есептеледі

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда дәрілік заттардың бағасын есептеу моделі өзгертілді, бұл кейбір препараттардың 30%-ға дейін арзандауына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

1 шілдеге дейін барлық дәрілік заттардың бағасы қайта есептеледі

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, жаңартылған тәсіл аясында шекті баға құрылымынан бірқатар үстемелер, соның ішінде маркетингтік, көлік және кедендік шығындар алынып тасталған.

«Енді өндірушінің зауыттық құнына ғана бірыңғай үстеме қолданылады. Бұл жаңа модель сынақтан өтті. Елімізде тіркелген барлық дәрі-дәрмектің бағасын 1 шілдеге дейін қайта есептеу жоспарланып отыр», деді Нұрлыбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг аясында.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта фармацевтикалық нарық қатысушыларымен жаңа баға жүйесін енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Күтіліп отырған нәтижелерге сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ұсынылатын дәрі-дәрмектердің бағасы шамамен 19%-ға төмендейді, ал көтерме және бөлшек сауда нарығында кейбір препараттар 30%-ға дейін арзандауы мүмкін.