Медицина • 03 Маусым, 2025

Дәрі-дәрмек жеткізушілердің «қара тізімі» жасақталады

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда дәрі-дәрмекті уақытында жеткізбейтін жеткізушілер бақылауға алынады. Денсаулық сақтау министрлігі жосықсыз компанияларды «қара тізімге» енгізуді қолға алды. Бұл бастама пациенттердің емін кешіктіретін жағдайлардың алдын алуға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.

Дәрі-дәрмек жеткізушілердің «қара тізімі» жасақталады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақтылы жеткізбейтін, шарттық міндеттемелерін бұзатын жеткізушілердің тізімі жасақталады. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Оның айтуынша, биыл «Кабозантиниб» препараты бойынша онкологиялық науқастарға байланысты бірнеше шағым түскен. Себебі тиісті тендерді жеңіп алған компания дәріні белгіленген мерзімде жеткізбеген. Соның салдарынан емделушілер қажетті емді уақытылы ала алмай отыр.

«Шарт бойынша міндеттемелер орындалмаған соң, Денсаулық сақтау басқармасы келісімді біржақты түрде бұзды. Қазір бұл бағытта жаңа конкурс жариялау жұмыстары басталды»,  деді Ержан Нұрлыбаев.

Сондай-ақ, ол 2024 жылы Жоғары аудиторлық палата тарапынан жүргізілген тексерістен кейін Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» мекемесіне бірнеше ұсыным берілгенін атап өтті. Соның бірі — дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды жүйелі түрде жеткізбей жүрген жеткізушілердің «қара тізімін» құру.

«Қазіргі уақытта осы тізімді қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жақын арада бұл механизмді ресми түрде бекіту үшін салалық нормативтік актілерге өзгерістер енгіземіз», деді вице-министр.

Бұл шара отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі тәртіп пен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті