Экспорт • 03 Маусым, 2025

Күнбағыс майы – Қазақстанның жаңа экспорттық әлеуеті

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер Ұлттық қауымдастығының мұрындық болуымен IV халықаралық «FOC 2025: Fats and Oils Conference» мәжілісі өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Күнбағыс майы – Қазақстанның жаңа экспорттық әлеуеті

Алқалы бас қосуға АҚШ, Қытай, Еуропа елдері, Балтық елдері, Орта Азия, Таяу Шығыс пенаграрлық саладағы Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі басқа да мемлекеттер қатысып отыр.
Қазіргі таңда май өнімдері саласы Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) негізгі әрі ең серпінді дамып жатқан салаларының біріне айналып отыр. Мемлекеттік қолдау мен жүйелі даму тәсілінің арқасында соңғы үш маркетингтік жылда елдегі өңдеу кәсіпорындары айтарлықтай жетістіктерге жетіп, күнбағыс майы өндірісі 2,5 есеге артты, экспорт көлемі 4,8 есеге өскен. Бөтелкедегі май импорты 11%-ға азайып, ішкі нарыққа арналған майдың босату (шығару) бағалары тұрақтандырылды десек те болады.
Мұндай нәтиже 2025 жылға қарай өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу және шикізаттық емес экспорт көлемін екі еселеу жөніндегі Мемлекет басшысы міндеттеген межеге сәйкес келеді. Май өнімдері саласы 2024 жылдың өзінде өңделген өнім экспорты бойынша жоспардағы көрсеткіштерді орындады.
Өткен 2023–2024 жылдардың нәтижесінде Қазақстан әлемдегі күнбағыс майын экспорттаушы ТОП-10 елдің қатарына еніп, 8-орын алды. Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының жоспары – әлемдік экспорт бойынша алғашқы үштікке ену болса, бұл шетелдік валюта түсімін $2 млрд-қа дейін арттырып, қазіргі деңгейден 3,5 есеге өсіруге мүмкіндік береді.
Еліміз ішкі нарықты ғана емес, Орталық Азия елдерінің күнбағыс шроты мен күнжара сияқты жоғары ақуызды мал азығына деген өсіп келе жатқан сұранысын да толық қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, Қазақстан Еуропалық комиссияның деректері бойынша ЕО-ға күнбағыс шротын жеткізуші ТОП-3 елдің қатарына кірді.
Нысаналы нарықтардың (Қытай, Орталық Азия, ЕО, Иран, Ауғанстан) жиынтық сыйымдылығы 43 млн тонна деп бағаланады, бұл қазіргі экспорт көлемінен 42 есе артық. Бұл тиімді стратегия жүргізудің, бизнестің мемлекетпен күш біріктіруі жағдайында жүзеге асыруға болатын зор экспорттық әлеуеттің бар екенін көрсетеді.
2024 жылғы деректер бойынша, АӨК өнімдері экспорты $5,1 млрд құрады, оның ішінде 52% – өңделген өнім. Май өнімдері саласы осы көлемнің төрттен бірін қамтамасыз етіп, стратегиялық сектор ретіндегі мәртебесін растады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі еселеу және неғұрлым табысты дақылдарға көшу міндеттері аясында, майлы дақылдар секторы ең жоғары серпінділік көрсеткен, яғни2025 жылы күнбағыс егіс алқаптары 1,4 млн гектардан асады, бұл 2021 жылғы деңгейден 85%-ға көп – ауыл шаруашылығы дақылдарының арасындағы абсолютті көшбасшы. Бұл майлы бағыттың жоғары рентабельдігі мен сұранысын дәлелдейді.
Бүгінгі халықаралық жиында егіс алқаптарын әртараптандыру, өңдеуді тереңдету, логистиканы жетілдіру, инвестиция тарту, экспорттық арналарды дамыту, сауда-саттықты нығайтудың жай-жапсары талқыланды.
Халықаралық мәжіліске осы саламен тікелей байланысты 180-дей делегат: 40-тан астам отандық май зауытының басшылары, салалық министрліктердің өкілдері, ауылшаруашылық өндірушілері, халықаралық сауда компаниялары, май өнімдерін импорттаушылар, майлы дақылдарды сақтау мен өңдеу жабдықтарын жеткізушілер, логистикалық компаниялар, аналитикалық агенттіктер қатысып отыр.