
Серіктестік мамандары бірден мал тұқымын асылдандыруға мән берген. Жергілікті жердің тұқымы азған малынан алар табыс жарытымсыз болуы әбден мүмкін. Асыл тұқымның аса беретіндігі ақиқат. Осылайша, қабырғаларымен кеңесіп барып таңдау қазақтың ақбасы мен қалмақ сиырына түскен. Ақбас – төл малымыз, ал қалмақ сиырының сыры тосындау. Мал баққан қауымның қаперінде жүрсін деп сипаттамасын айта кеткен де дұрыс болар. Бұл – ірі қараның етті тұқымы. Табиғи сұрыптау арқылы кезінде Моңғолия жерінде өсірілген. Қысы-жазы жайылымда бағылған. Тұзы бетіне шығып жататын қуаң даланың ауа райына әбден бейімделген, күй таңдамайды. Сом денелі, аяқтары мықты, бұлшық еттері өте жақсы дамыған. Терісі қалың болғандықтан, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта малдың мазасын алатын маса-сонаны, шыбын-шіркейді елей бермейді. Шоқтығы биік. Бұқасының тірідей салмағы 800 килодан асып жығылады. Жақсылап күтсе тана торпағы 18 айда 500 килоға жетеді. Сиырының сүті де майлы.
Асыл тұқымды малдың дәрумендері де үзілген емес. Жұмысын бір жолға қойғаннан кейін серіктестік халықаралық сертификатқа ие болды. Мал өз төлі есебінен өсіріледі. Жілігіне май бітіп, салмағы толысқан соң қасапханаға тоғытылып, дәмі тіл үйіретін семіз ет өңдеу кешеніне өткізіледі. «Жаңа Берекенің» бордақылау алаңында 10 мың басқа жуық қой семіртіледі. Мал азығын серіктестіктің өздері дайындайды. Қысы-жазы сақтайтын қоймалары дайын. Баяғыдай айыр ұстап жүрген ешкім жоқ. Мал азығын дайындайтын цехта сан қилы дәрумені қосылып әзір болған азықты техникамен таратады. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, ісіне береке біту үшін мал азығын өздері дайындауы мейлінше маңызды. Сондықтан серіктестік жүгеріден бастап бірнеше дақыл түрін өсіріп, қысқа қамдануды қапысыз жолға қойған.
2023 жылы республикалық «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Ет өнімдерін сақтайтын мұздатқыштарына 26 тонна өнім сыяды. Кешен заманауи құрылғылармен толық жабдықталған. Оның ішінде аустриялық «Laska» құрылғысы да бар. Серіктестік қой шаруашылығын өркендетуге бет бұрып отыр. Оған барлық жағдай бар. Бабын тапқан соң бағымы жақсы малдың басы да көбеймей ме? «Столичная трапеза» брендімен сатылатын шұжықтың бірнеше түрі және өңделген ет еліміздегі 70 сауда орнында сатылады екен.
Компанияда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Орташа табыстары 200 мың теңге төңірегінде. Шұжық цехы жылына 270 тонна өнім шығарады. Ет өңдейтін цехтың өнімі 900 тонна төңірегінде. Бұл жерде көлем ғана емес, сапаның жоғары екенін де айта кетуіміз керек.
«Болашақтағы мақсатымыз – шетелдердің сауда орындарына өз өнімімізді жеткізу. БАӘ, Сауд Арабиясындағы халықаралық көрмеге қатысуға ниеттеніп отырмыз», дейді «Алтын қазық» компаниясы директорлар тобының орынбасары Қонысбек Нұрғазин.
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы