Заң мен Тәртіп • Кеше

Тұжырымдама тегеуріні

70 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде кейінгі жылдары Президенттің бастамасымен қабылдан­ған заңнамалық өзгерістер мен іс-шаралар кешені, оның ішінде «Заң мен тәртіп» тұжы­рымдасын жүзеге асыру оң нәтижесін беріп отыр. Мұны халық­аралық рейтинг агенттіктерінің зерттеулері де растады.

Тұжырымдама тегеуріні

Осыған орай Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жуырда өткен ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан беделді халықаралық рейтингтер­дегі қауіпсіздік индексі бойынша айналамыздағы көптеген мемлекеттің бәрінің дерлік алдында тұр. Ал заң үстемдігі индексіндегі «Тәртіп пен қауіпсіздік» көрсеткіші бойынша 142 елдің ішінен 43-орынға табан тіреді.

Мұның бәрі Қазақстанды жайлы әрі өмір сүруге қауіп­сіз аумаққа айналдыруға бағыт­талған күш-жігеріміздің нәти­жесі», дей келіп, әр істе темірдей тәртіп болуы қажеттігін, сонда еліміз орасан зор табысқа жететіндігін, заң мен тәртіп өзінің стратегиялық бағдарының арқауы екенін атап айтты.

«World Justice Project» (WJP) халықаралық ұйымы әзірлейтін Заң үстемдігі индексі басқару­дың ашықтығы, қауіпсіздік, азаматтық және қылмыстық сот төрелігінің тиімділігі сияқты маңызды параметрлер бо­йынша бағаланады. «WJP 2024» жаһандық зерттеуіне қараған­да, былтыр әлемнің көптеген елінде заң үстемдігі әлсіреген. Зерттеу жүргізілген 142 елдің 81-інің, яғни 57 пайызының көрсеткіштері нашарлап, 61-інің немесе 43 пайызының ғана рейтингі жақсарған. Ортақ нәтиже 0,2 балға төмендеген. Ал Қазақстан бұрнағы жылғы­мен салыстырғанда өз жағдайын 0,53 балдан 0,54 балға дейін жақсартып, 65-орынға жайғасты. Еліміз осы орынды үш жылдан бері еншілеп отыр. Бұл көрсет­кіші 2019–2021 жылдары 0,52 балл болған еді.

Барлығы салыстыру арқы­лы танылатынын ескерсек, көр­шілес, экономикалық одақтас және бауырлас елдердің ішінде заң үстемдігін қамтамасыз етуде Қазақстанның алдына түсіп отырған мемлекет жоқ. Мәселен, Түркия 0,42 балмен – 117-орынды, Ресей Федерациясы 0,43 балмен – 113-орынды, Беларусь пен Қырғызстан 0,45 балмен – 101-105-орындарды, Қытай 0,47 балмен – 95-орынды, Өзбекстан 0,49 балмен 83-орынды еншілепті.

Заң үстемдігі индексінің «Тәртіп және қауіпсіздік» санаты бойынша еліміз былтыр 2019 жылғымен салыстырғанда 2 позицияға көтеріліп, яғни 0,80 балл алып, 43-орынды иеленді. Жақын қарым-қатынас жасап отырған мемлекеттер арасында алдымызға Өзбекстан, Беларусь және Қытай түсіп отыр. «Өз ағамыз» 0,90 балл жинап, 17-орынға көтерілді. Беларусь 0,81 балмен – 39-орынға шықты. Қытай елі 0,81 балмен – 40-орынды иемденді. Ресей Федерациясы 0,63 балмен – 111-орынды, Түркия 0,72 балмен – 70-орынды, Қырғызстан 0,75 балмен – 60-орынды місе тұтты.

Тәртібі темірдей деуге болатын 10 елдің ішінде Люксембург (0,95 балл), Сингапур (0,94 балл), Дания (0,93 балл), Ирландия (0,93 балл), Норвегия (0,93 балл), Финляндия (0,93 балл), Швеция (0,93 балл), Жапония (0,93 балл), Гонконг (0,92 балл) және Мальта (0,91 балл) бар. Көш соңындағы «ондыққа» Нигерия (0,36 балл), Мали (0,37 балл), Пәкістан (0,37 балл), Ауғанстан (0,38 балл), Буркина Фасо (0,43 балл), Гаити (0,43 балл), Конго Демократиялық Республикасы (0,47 балл), Камерун (0,48 балл), Мозамбик (0,50 балл), Мексика (0,52 балл) және Судан (0,52 балл) кіріпті.

«Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік» санатының маңызды көрсеткіштерінің бірі кісі өлтіру, адам ұрлау, бұзу арқылы ұрлық жасау, қарулы тонау және бопсалау сияқты қылмыстардың таралуын, сондай-ақ азаматтардың қоғамдағы қауіпсіздікті жалпы қабылдауын бағалауға арналған. Бұл ретте Қазақстан 68-орынды иемденіп, қылмыс атаулыны тиімді бақылауда ұстап отырғанын байқатты.

Екінші көрсеткіш – адам­дардың қарулы қақтығыстар мен терроризмнен қорғалуы бойынша 54-орынды алдық. Бұл елімізде азаматтық дау-дамайлар ұтымды түрде шектелгенін білдіреді.

Үшінші көрсеткіш бойынша адамдар өз араларында туындайтын азаматтық дауларды шешу үшін және үкіметтен өтемақы алу үшін қоқан-лоқыға немесе зорлық-зомбылыққа жүгіне ме, сондай-ақ олар тобырдың күш көрсетуінен аман ба деген сауалдарға жауап ізделеді. Осы орайда қазақстандықтардың жеке проблемаларын шешу үшін зорлық-зомбылыққа бармайтыны атап өтіліп, елімізге 36-орын берілді. Мұндай жетістікке Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын ұсынып, жұрт­­шылықты Әділетті Қазақ­стан құруға шақырғанының ар­­қа­­сында қол жеткізілгені анық.

Әрине, еліміздің заң үстем­дігі индексіндегі орнын одан әрі жоғарылату мақсатында назар аударуды тілейтін түйткілдер де бар. Ең алдымен, қылмыспен күресті күшейте түсу қажет. Бұған Бас прокуратураның Құ­қық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің салыстырмалы мәліметтеріне қарап көз жеткізуге болады. Былтыр қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қарсы жасалған қылмыстар саны бұрнағы жыл­ғыға қарағанда 8,3 пайызға көбейіп, 4 978-ге жеткен. Өңір­лердің ішінде Атырау облысында осындай қылмыстар саны – 113-тен 196-ға дейін (73,5 пайыз), Астана қаласында – 225-тен 312-ге дейін (38,7 пайыз), Павлодар облысында – 87-ден 120-ға дейін (37,9 пайыз), Шымкент қаласында – 145-тен 187-ге дейін (29 пайыз), Ақмола облысында – 109-дан 137-ге дейін (25,7 пайыз), Алматы облысында – 311-ден 384-ке дейін (23,5 пайыз), Алматы қаласында – 477-ден 578-ге дейін (21,2 пайыз), Ақтөбе облысында – 217-ден 254-ке дейін (17,1 пайыз), Қостанай облысында – 127-ден 146-ға дейін (15 пайыз), Батыс Қазақстан облысында – 163-тен 184-ке дейін (12,9 пайыз), Шығыс Қазақстан облысында – 171-ден 192-ге дейін (12,3 пайыз), Абай облысында – 130-дан 144-ке дейін (10,8 пайыз), Маңғыстау облысында 161-ден 174-ке дейін (8,1 пайыз) ұлғайған. Өзге облыстарда қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар біршама азайған.

Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалған қылмыстар саны азаймай тұрғаны да алаң­датпай қоймайды. Был­тыр қоғам­дық орындарда жасал­ған қыл­мыстық құқық бұзу­шы­лық саны бұрнағы жыл­ғы 37 485-тен 37 610-ға дейін көбейген (0,3 па­йыз). Ал көшеде болған қылмыс саны 16 457-ден 17 232-ге дейін (4,7 пайыз) ұлғайған. Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында және Алматы қаласының қоғамдық орындарына жасалған қылмыс жиілеп кеткен. Көшелерде жасалған қылмыс тек Шымкент қаласында сәл азайған. Аталған кемшіліктерге мүдделі мемлекеттік органдар, оның ішінде, әсіресе Ішкі істер министрлігі жете көңіл бөліп, қосымша пәрменді шаралар қолданса, құба-құп. ІІМ Мемлекет басшысының ішкі істер органдарында «Жұртқа жақын полиция» қағидатын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бірталай игі іс атқарып жатқанына қарамастан, тәртіп сақшыларына қойылатын талапты барынша күшейте түсу керек. Себебі былтыр әртүрлі құқық бұзушылыққа жол берген полиция қызметкерлерінің саны бұрнағы жылғы 368-ден 312-ге дейін немесе 15,2 пайыз­ға азайғанымен, мұндай келең­сіздіктің тамырына түпкі­лікті балта шабылмай тұр. 

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03