Балалар • 05 Маусым, 2025

Театр мен музейлерге кімдер тегін кіре алады

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мәдени мекемелерде балалар үшін қолжетімді болудың түрлі жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылған. Соның бірі – 2017 жылдан бері Министрліктің бұйрығымен (Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 19 мамырдағы № 142 бұйрығы) республикалық деңгейдегі музейлер мен музей-қорықтарға әр айдың 3-ші жексенбісінде барлық санаттағы азаматтар үшін, каникул күндері мектеп жасындағы балалар үшін кіру тегін. Бұл туралы көпшілік әлі күнге дейін біле бермейді. Осы орайда сала министрлігіне және ҚР Ұлттық музейге сауалдар жолдап, мән-жайды толығырақ білген едік, деп жазады Egemen.kz.

Театр мен музейлерге кімдер тегін кіре алады

Фото: ҚР Ұлттық музейі

Демалыс кезеңдерінде балалар кез-келген музейге тегін кіре алады

Айта кеткен жөн, Министрліктің бұйрығына сәйкес мектеп оқушылары үшін күзгі, қысқы, көктемгі, жазғы демалыс кезеңдерінде республикалық музейлер мен музей-қорықтардың кез-келгеніне кіру тегін.

Бүгінде Министрлік жергілікті деңгейдегі әкімдіктерге музейлер мен музей-қорықтарда жазғы демалыс кезеңінде балаларға тегін кіруді қамтамасыз ету туралы ұсыныс енгізді, бұл бағыттағы жұмыстар Министрліктің бақылауында тұр.

Театрға тегін кіру білім мекемелерінің театрға алдын-ала жіберген ресми хатының негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте балалардың спектакльге кіруі қойылымның жас шектеуіне байланысты, 16 жасқа толмаған балалар қасында ересек адам болмаса, театр спектакліне кіре алмайды. Осыған орай, театр ұйымдарына оқушылардың тегін кіруі олардың тікелей репертуарлық жоспарына сәйкес ұйымдастырылады.

Сол секілді отандық музейлерге де жазғы демалыс кезінде кіші жастағы балалар ата-анасымен немесе өзге де қамқоршыларымен (тәрбиеші, мұғалім) бірге келуі шарт. Ата-ана, сынып жетекшісімен келген жағдайда үлкендердің музейге кіру ақысы прейскурант бойынша төленеді.

Статистикалық деректер

2024 жылдың статистикасына сүйенсек, Мәдениет және ақпарат министрлігіне бағынысты елордадағы республикалық үш театрда 3 958 балаға тегін қойылым көрсетілген. Соның ішінде, «Астана Балет» театрында 260 қайырымдылық акциясы, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында 1 384, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында 2 314 балаға тегін қойылым ұйымдастырылған. Астана қаласының әкімдігіне қарасты театрларда да мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларға арналған қайырымдылық акциялары мен мемлекеттік мерекелерді қоса алғанда 11 081 балаға тегін спектакль көрсетілген. 

Аталған бағыттағы жұмыс биыл да жалғасып, елордалық үш республикалық театрда 1 205 балаға тегін қойылым жасалып, қала әкімдігіне қарасты театрларда 5 651 бала үшін тегін қойылым көрсетілген.

Министрлік жүргізетін статистикалық деректер бойынша ҚР-ның Ұлттық музейі мен «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына 2017 жылдан бері тоқсан аралық және жазғы демалыста 700 мыңға жуық оқушылар тегін кірген.

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жыл сайын жазғы демалыс кезеңінде «Жас археолог» атты жазғы мектебі, «Шолпы тағу», «Атқа мінгізу», «Қымызмұрындық» т.б. секілді этнографиялық мейрамдар мен фестивальдерді өткізіп келеді. ҚР-ның Ұлттық музейінде «Сурет және кескіндеме» атты музейлік дәрістер сериясы, қолөнер шеберлерінің шеберлік сыныптары балалар арасында сұранысқа ие деп айтуға болады.

Ұлттық музейдегі «Кескіндеме және графика» үйірмесі

ҚР Ұлттық музейінің 7-16 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған «Кескіндеме және графика» үйірмесі бейнелеу өнер, графика, мүсін өнеріне баулуды көздейді. 2015 жылы жұмысын бастаған үйірмеге ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің Мүсін және кескіндеме кафедрасының оқытушысы Байбосынов Мұхтар Қайратұлы жетекшілік етеді.

Жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесіне орай  аталған үйірме жылдық жұмыс қорытындысы мен музейдегі шеберлік сағаттарында жасалған үздік жұмыстардың нәтижесі ретінде «Balavision» атты сурет көрмесін ұйымдастырады. Осы уақытқа дейін 15-ке жуық көрме өткізіліп, үйірмеге қатысушы оқушылар жыл бойы ерекше қызығушылық танытып, өз бойларындағы шығармашылық қабілеттерін арттыра түскен. Биыл 1 маусымда өскелең ұрпақ арасында экосауаттылықты дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Balavision-2025: Адам және табиғат» көрмесінде 20 жас суретшінің әртүрлі техникада орындалған 40-тан астам туындылары көпшілік назарына ұсынылған.

Аталған үйірме жұмысынан күтілетін нәтиже – оқушылар көркемсурет туындылары мен негізгі стильдік бағыттарды ажыратып, бейнелеу құралдарын еркін пайдаланып, сұлба мен композициялық эскиздер жасауды меңгереді. Жалпы бүгінге дейін үйірмеге 400-ге жуық бала қатысқан.

Әр айдың үшінші жексенбісінде музейге кіру тегін

ҚР Ұлттық музейінің Экскурсиялық жұмыстар, музей педагогикасы және экспозициялық залдарды сақтау қызметінің Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің мәліметінше, әр айдың үшінші жексенбісі – музейге тегін кіру тәжірибесі 2017 жылдан бастап тұрақты түрде іске асырылып, келушілер саны айтарлықтай артқан. 2017 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта шамамен 120 мың 560 адам Ұлттық музейге тегін кірген, ал 2025 жыл басталғалы бұл көрсеткіш 6 106 адамды құрап отыр. Бұл мәліметтер музейдің кең аудиторияны қамтитын мәдени платформа ретінде қызмет атқаратынын көрсетеді.

Айта кеткен жөн, аталған бастама – музейлердің көпшілік үшін қолжетімді болуына оң ықпал етіп, қоғамда тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылықты арттыруға зор үлес қосты.

Түйіндей айтқанда, аталған күн азаматтарға өз мәдени мұрасымен еркін танысуға мүмкіндік береді және азаматтардың тарихи-мәдени санасын қалыптастыру тұрғысында маңызды рөл атқарады.

Айта кетелік, Министрлікке қарасты республикалық театрларда барлық санаттағы азаматтар үшін Дүниежүзілік театр күні, Республика күні, Білім күні, Тәуелсіздік күні, Балаларды қорғау күні кіру тегін.

Соңғы жаңалықтар

Керек дерек

Digital • Кеше

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Кеше

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Кеше

Алаш дәрігері

Тұлға • Кеше

Нияз батыр

Зерде • Кеше

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Кеше

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Кеше

Пойыздағы арпалыс

Театр • Кеше

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Кеше