
Фото: ашық дереккөз
Оқиға 4 маусым күні сағат 17:07 шамасында Наурызбай ауданы, Жүнісов көшесі 2/23 мекенжайында орналасқан «Алма Сити» тұрғын үй кешенінде болған. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, он қабатты үйдің төртінші қабатындағы балконда қоқыс өртенген. Өрт аумағы шамамен 1 шаршы метрді құраған.
Оқиға куәгерлері түсірген бейне TikTok желісінде тарап, көпшіліктің назарын аударды. Видеода ер адамның ғимараттың сыртымен өрмелеп, балконға жетіп, жанып жатқан затты төменге тастағаны көрінеді.
Қалалық ТЖД хабарлауынша, өрт сөндірушілер келгенге дейін өртті сөндіріп үлгерген азамат — 33 жастағы Асыл Ахметов.
«Ол батылдық танытып, балконға кіріп, жанып жатқан қоқысты төменге тастады. Осылайша өрттің әрі қарай таралуының алдын алды. Қазіргі уақытта ол Төтенше жағдайлар министрінің атынан марапатқа ұсынылды», деді Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшілік Асыл Ахметовтың әрекетін кинодағы көріністермен салыстырып жатыр.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті