
Фото: ЖИ
Сенаттағы жиында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов әскерге шақыру науқанына қатысты пікір білдірді. Ол әскерге азаматтарды көшеден ұстап әкету оқиғаларының бар екенін растап, бұл әрекеттердің заңсыз екенін мәлімдеді.
«Мұндай фактілер – тек Қарулы Күштерге ғана емес, жалпы мемлекетке, қоғамымызға деген құрметсіздік. Бұл – ортақ мәселе. Әрбір азамат заң аясында әскери міндетін өтеуі керек», деді ол.
Сұлтан Камалетдинов журналистерді тек теріс жаңалықтарды емес, елге үлгі боларлық оқиғаларды да насихаттауға шақырды.
«Сіздер тек осындай теріс жайттарды насихаттайсыздар. Меніңше, бұл дұрыс емес. Өз еркімен әскерге барғысы келетін жастарды да көрсету керек. Олар — біздің мақтанышымыз», деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз айынан маусымның соңына дейін жалғасады. Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 20 мыңнан астам азамат әскер қатарына шақырылуы тиіс.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті