
Форум Қазақстан мен Қытайдың туризм индустриясы өкілдері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Оған екі елдің жетекші сарапшылары, туроператорлары, қонақ үй бизнесі мен Ctrip, Tongcheng, JD Travel тәрізді ірі технологиялық компанияларының өкілдері қатысты.
Форум аясында «Kazakh Tourism» мен «Zowoyoo» компаниялары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстанның туристік әлеуетін Қытай нарығында цифрлық форматта дәріптеуге, Қытайдан туристерді белсенді тартуға бағытталған.
«Zowoyoo Қытай қолданушыларының цифрлық мінез-құлқын жақсы түсінеді. Бұл бізге жаңа буын туристерінің талғамы қалыптасатын негізгі платформаларда барынша жеке стратегия құруға мүмкіндік береді. Осылайша біз әрбір саяхатшыға бейімделген тәжірибе ұсынып, олардың сапарды жоспарлауын едәуір жеңілдетеміз. Қытайлық серіктеспен жоспарланған бірлескен бастамаларды іске асыру бюджеттік қаржыландыруды қажет етпейтінін атап өткім келеді», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Жоспар бойынша тараптар аспан асты еліндегі саяхатшыларға бейімделген заманауи цифрлық экожүйені дамытады. Серіктестік аясында Қазақстанды Қытайдағы Douyin (TikTok-тың баламасы), Xiaohongshu (Little Red Book) тәрізді танымал платформаларда және басқа медиаарналарда ұсынылуын кеңейту қарастырылған.
Қытай делегациясына еліміздің туристік әлеуеті таныстырылып, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Панельдік сессиялар барысында екі негізгі тақырып көтерілді: туризм экожүйесінің цифрлық трансформациясы және заманауи медиалар арқылы маркетингтік ілгерілету.
Форум екі ел арасындағы туризм мен мәдени байланыстарды дамытуға арналған маңызды диалог алаңына айналды.
АЛМАТЫ