Пікір • Бүгін, 09:45

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенім. Осы ұғымның соншалықты маңызды екеніне мән бермейміз. Сондық­тан қоғамда, өзара қарым-қатынаста, мемлекеттік қызметте жақсы жетістікке жету, адамгершілік құндылықты жоғары шығару бағытындағы ісімізді жүргізуде ақсап жатамыз. Егер өз ортаңда, қоғамда сенім басты құндылық ретінде орнықса, бар игілік сонда ғана орнайды емес пе?

Басқасын айтпағанда, көптеген отбасы өзара сенімнің жоқтығынан зардап шегіп келеді: ажырасу, ұрыс-керіс, аңдысу, арбасу. Бала-шағасы өтірікпен өзектенген, ерлі-зайыптысы бір-бірін алдаған, өзара алданған, содан келіп аңдысу мен арбасумен күн өткізуден өзге амалы қалмаған отбасы қаншама? Қоғамымыздағы некелі жұптардың ажырасу саны артқаны, ең жақын адамдардың бір-бірін сот пен отқа сүйреу таңғаларлық жайт болмай отырғаны, мемлекеттік қызмет сеніп тапсырылған кейбір азаматтардың сыбайлас жемқорлықтың шылауында кетуі –  үйреншікті көрініске айналғаны сенімнің  шала-жансар күй кешуінен. Өз отбасынан сенім құндылығын сезінбей, көрмей өсіп келе жатқан балғын ұрпаққа обал-ақ. Бұған бүгінгі іс басындағы аға буын жауапты.

Талай жыл ел алдында емірене сөйлеп жүр­ген адамың кенет жемқорлықпен ұсталып жатады, «О, тоба, кімге сеніп келгенбіз?» дейсің де қоясың. Ұрланып барып ойынхана жағалайтын, тиісті мақсатта пайдалансын деп әперген құрылғыдан көзіңді ала бере «көксегенін» тамашалап таңды атыратын, онысын өліп бара жатса да мойындамайтын бала-шағаға қарап қолыңды бір-ақ сілтейсің.

Осындайда мынадай  өмір көріністері көз алдыңа келеді.

Екі не үшінші сыныптағы баласының сөмкесі мен пакетін көтеріп алған келіншек «құлы­нын» жетектеп алып мектеп есігінен енгізіп, одан әрі сырт киімін шешіп, топлыйын кигізіп берді. Мыңдаған ата-ананың күн сайын қайталап істейтін шаруасы бұл. Баламызды өзі-ақ атқаратын өте қарапайым тірлікке жолатқымыз жоқ. Өз бәтеңкесінің бауын байлауға мүмкіндік бермейміз. Ойбай-ау, ең құрығанда сөмкесін өзіне арқалатып, мектеп ауласына кірген соң, әрі қарайғы жолын өзі жалғастыруға сенім білдіруге болады ғой. Жоқ, сенбейміз. Қандай да бір істе сенім білдіріп көру керектігін ұмытқанбыз.

Таяуда 1-сыныпта оқитын балама үйді құлыптап шық деп кілтті тастап кет­тім. Көзі жайнаң қақты. Бұрын-соңды артыл­маған сенім. Сыртта күтіп тұрмын. Ән­шейінде көптеу уақыт күттіріп барып шыға­тын балам лезде төбе көрсетті. Танауы делдиіп кеткен. Еңсесі тік. Ол өзіне сенім, жауап­кершілік жүгі артылғанына масаттанып қалды. Оның үй есігін дұрыстап жауып шыққанына күдігім бар. Өйткені өмірінде бір рет те есік құлыптатпағанбыз. Бірақ есікті қалай бекітетінімізді күнделікті көріп жүр. Тәуекел, ешкім тонап кете қоймас қас пен көздің арасында дедім. Балама сенім білдірдім. Бірер сағаттан кейін үйге келсем, балам мен сияқты біреуін ғана емес, екі құлыпты да іске қосыпты. Сол күні ол өзін сергек әрі маңызды сезініп жүрді... Сенімнің күші.

Тағы бір мысал. Әлі есімде,  мектепке әлі бара қоймаған, жетіге енді толатын Бекарыс ағамды әкем Бетпаққа мал айдасуға ертті. Күн ыстық, малды асықпай айдағанға бір апталық, асыққанға төрт-бес күндік жол. Анау-мынау ересек адам шыдауы қиын мехнатты сапар. Өзіне сенім білдірілгеніне ағам мәз. Басқамызға үстем қарайды. Әкем, ағам, туысқан ағамыз Бейсенбай бар – үшеуі отар қойды, оған қоса бір табын сиырды айдап кетті. Қалғанымыз шешемізбен бірге жүк артылған көлікпен кеттік. Дөңгелекті көлік қойсын ба, жер апшысын қуырып, Бетпақтағы белгіленген қонысымызға бес-алты сағатта жеткізіп салды. Жабылып жүріп киіз үйімізді тіктік, біз, майда-шүйделер сым қораны құрып қойдық. Шешеміз үй шаруасымен әлек.

Алты күн дегенде біздің отар Тоқпан артезианына жеткенін естідік. Жаңа қонысымыз Теріскен сайға әлі бір күндік жол бар... Ертесіне түстен кейін жалғыз қарайған көрінді. Біз соны бетке алып жүгірдік. Жақындағанда білдік, әлгі қарайған түйе екен, жанында бір шөкім болып Бекарыс ағам отыр. Алдына жаңа туған бұзауды өңгеріп алған. Көкем ертерек үйге бара бер деп бағыттап жіберіпті. Бет-аузы шаң-шаң, көзі жылт-жылт етеді. Ерні кезеріп кеткен. Алты күн үзіліссіз мал айдау жас балаға оңай ма, ағам бұрынғысынан әлдеқайда азып кетіпті. Сол кезде оның бұл ісіне таңғалған жоқпыз, өйткені бұл ағамның жасындағы екінің бірі атқара алатын іс еді. Ал бүгінгі балалармен салыстыра келіп, оның сол «ерлігіне» қазір таңғаламын.

Әрине, бүгінгі жас ұрпақты шаруақор, малсақ болмады деп кінәлай алмаймыз. Өйт­кені қазіргі өмір сүру ауаны өзгеше. Көбіміз қалаға тығылдық. Ауылда қалған ағайынның жартысы шаруашылықтан қол үзіп кеткен. Тек біз бұл арада бұрынғы ата-аналардың балаларын қандай да бір істе сенім білдіріп, сол қадамы арқылы тәрбиелегенін, жетектеп, үлбіретіп өсіру, оларға тән болмағанын айтқымыз келген еді.

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03