
Мәселенің мәнісі
Жуырда Үкімет басшысы Абай, Павлодар облыстарындағы орманды өрттен қорғау ісі әлсіз екенін сынға алды. Өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, орман өрттерінен қорғау жүйесінің жай-күйін бағалау нәтижелері облыста бірқатар проблема мен сәйкессіздікті анықтаған. Тіпті үш коммуналдық орман қорғау ұйымының екеуі – «Павлодар», «Максим-Горький» шаруашылықтары қанағаттанарлықсыз баға алған (2,8 және 3,5 балл). Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Сәуір айында кенеттен тұтанған тілсіз жау «Жасыбай» демалыс аймағындағы 20 гектардан астам жерді жайпап кетті.
Орман шаруашылықтары мен ұлттық паркте орман өрттеріне дайындық жұмыстарының уақытында аяқталмауы, орман өртін сөндіру стансаларының (ӨСО) болмауы немесе стандарттарға сәйкес келмеуі, штат бірліктерінің жеткіліксіздігі мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейінің төмендігі анықталып отыр.
– Мәселен, «Ертіс орманы» резерватындағы 16 орманшылық бөлімшесінің 4-еуінде ӨСО мүлде жоқ. Өрт сөндіру техникаларының, құрал-жабдықтардың біраз бөлігі тозғанына қарамастан, есептен шығарылмаған. Баянауылда жанар-жағармай жетіспейді. Найзағайға қарсы құрылғылар жоқ. Кейбір учаскелерге, әсіресе Ертіс өзенінің жайылымдық аймағындағы жерлерге жету қиын. Өткен жылы дауыл салдарынан құлаған ағаштар мен сынған бұтақтар орман аумағында көптеп жиналып қалған. Олар уақтылы тазартылмаған. Резерват пен ұлттық парк техникамен толық жарақтандырылғанына қарамастан, бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Атап айтқанда, резерваттағы 13 ӨСО қолданыстағы «Орман өрт сөндіру стансасы ережесіне» сәйкес келмейді. Сонымен қатар ондағы Майқарағай, Заводской, Чушкалин орманшылықтарында, Баянауылдағы Далба бөлімшесінде қосымша 4 өрт сөндіру стансасын салу қажет, – дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Мұсағалиев.
72 мың гектар қарағай шығын болған
Тәуелсіздік жылдары Павлодар облысындағы алапат өрттерден қарағай ормандарының 40%-ы жанып кеткен. Бұл шамамен 72 мың гектардан асады. Статистикалық деректерге сүйенсек, өңірдің қазіргі мемлекеттік орман қоры – 479 мың га. Оның ішінде орманмен көмкерілгені – 309 мың га. Бұл – облыс аумағындағы жер көлемінің небәрі 2,2%-ын құрайды. Орманмен көмкерілуі бойынша республикада 7-орында, ормандылығы бойынша 8-орында тұр. Жалпы орман қорының 72%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға тиесілі («Ертіс орманы» – 278 мың га, Баянауыл ұлттық табиғи паркі – 68 мың га). Өзгесі облыс әкімдігіне қарасты орман қорғау мекемелерінің орман қоры, сондай-ақ автокөлік жолдары, теміржол бойындағы орман екпелері.
Ертіс-Баян өңірінде негізінен қарағай («Ертіс орманы» мен Баянауылда кеңінен тараған), қайың, терек, қарағаш, жағалау талдары, Қызыл кітапқа енген қандыағаш, басқа да ағаш түрлері өседі. Аталған ағаш түрлері өңірдің климаттық, жер жағдайларына бейімделген, биоалуандылықты сақтау, топырақты қорғау, микроклиматты тұрақтандыру бағытында маңызды рөл атқарады.
Өкінішке қарай, жыл сайынғы орман өрттері табиғи байлығымызға орасан зор шығын келтіріп тұр. Былтыр облыста 46 орман өрті тіркеліп, 5 мың гектардан астам орманды жер отқа оранған.
– Биыл көктем құрғақ болғаны себепті, сәуірден бері бірнеше орман өрті тіркеліп үлгерді. Жалпы аумағы 44,4 гектарды шарпыған 6 орман өртінен мемлекетке 815,4 мың теңге шығын келген. Орманды және табиғатты қорғау мекемелері орманды қалпына келтіру жұмыстарын үзбей жүргізіп, тек былтыр 4131,1 гектарға барлығы 19,6 млн дана екіжылдық кәдімгі қарағай көшеттері отырғызылды. Биыл жалпы саны 18 млн данадан астам қарағай көшеттері 3654,5 гектарға отырғызылуы керек. Резерват пен ұлттық парк қажетті көшеттерді өздерінің питомниктері есебінен қамтамасыз етеді. Өзге мекемелер көшеттерді сатып алады. Сондықтан соңғыларын көшетпен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті болып отыр, – дейді Қ.Мұсағалиев.
Өрт мұнараларының тиімділігі мол
«Ертіс орманы» резерваты бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметов қазіргі уақытта орман арасын құлаған ағаштардан тазарту жұмыстары қауырт жүріп жатқанын жеткізді. Биыл жазда жалпы ұзындығы 570 шақырым минералды жолақтар салу, қолданыстағы 9,6 мың шақырым минералды жолақтарға күтім жасау жоспарланған.
– Ауа райын болжаушылар биыл жаздың аса ыстық болатынын айтады. Резерваттың ықтимал өрт жағдайларына дайындығы ойдағыдай жүріп жатыр. 3 жасанды өртке қарсы су қоймасы (әуеден су төгетін құралдарға арналған), орманшылықтар мен орман алқаптарында су толтырылған 35 үлкен ыдыс орналасқан. Бәйімбет, Шошқалы, Степной, Тайбағар, Майқарағай орманшылықтарында қосымша 5 су ыдыстарын орнату жоспарда бар. Қауіпсіздік мәселелері бойынша жергілікті халықпен, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, түсіндіру іс-шараларын үзбей жүргізіп жатырмыз. Бүгінде резерватта барлығы 244 техника, оның ішінде 39 өрт сөндіру, 21 патрульдік көліктер, 93 трактор бар. Бұл бекітілген нормативтердің 100%-ын құрайды. Резерват жұмысына биыл бюджеттен 4 млрд 649 млн теңге бөлінгелі отыр, – дейді резерваттың бас орманшысы.
Лизинг бойынша қосымша 7 МТЗ тракторын, 2 патрульдік автокөлік, L200 базасындағы шағын өрт сөндіру кешені, 8 Lovol тракторы, әрқайсысы 300 литр су алатын 34 дана JAC T6 автокөліктері, 136 арқаға асылатын өрт сөндіргіштері, басқа да қосымша өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған шағын өрт сөндіру кешендері сатып алынған. Орманшылар JAC T6 базасындағы шағын өрт сөндіру кешендері аса тиімді екенін айтады. Олар арқылы өрт пайда болған жерге жедел ден қойып, орманшылар мен арқаға асылатын өрт сөндіргіштерді оқиға орнына шұғыл жеткізуге, төтенше жағдай кезінде тұрғындар мен мүліктерді эвакуациялауға болады.
Талдауларға ден қойсақ, резерват 2003 жылдан бастап өртеніп кеткен 46 935 га орман алқабын қалпына келтірген. Орман өрттерінің сиреуіне былтыр орнатылған 23 мұнара (тепловизорлары, жоғары сапалы бейнекамералары бар) сеп болған. 2024 жылы 38 өрттің 20-сы мұнаралардың көмегімен анықталыпты. Биыл ұлттық парк аумағында тағы 8 бақылау мұнарасын орнату жоспарланған.
Орман ұрлығы бойынша өткен жылы 4 жағдай тіркелген. Резерват қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының бірлескен жұмысының арқасында заңсыз ағаш кесу 97%-ға азайған.
Қ.Әметов өрт қауіпті кезең биыл ерте басталғанын айтады. Жыл басынан орманда 4 өрт оқиғасы тіркеліп, жалпы аумағы 0,87 гектар жер жанған. Резерваттың негізгі штатында 307 адам, 354 адамнан тұратын қосымша штат жұмыс істейді. Сонымен қатар өрт қауіпті маусым кезеңі мен орманды қалпына келтіру іс-шаралары барысында маусымдық жұмысшылар қабылданады. Қызметкерлер жазғы мезгілге тас-түйін дайын. Жұмысшылардың орташа жас мөлшері – 30-50 жас. Тракторшы, жүргізуші, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандықтарға сұраныс бар. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда кадр тапшылығы мәселесі соншалықты өзекті емес.
Мамандардың біліктілігін арттыру – міндет
Баянауыл ұлттық паркінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өрт оқиғалары жиі тіркелетін. Таулы жерді қызықтап келетін туристердің бақылаусыздығы, өртке қарсы жүйелердің әлсіздігі байқалып тұратын. Оның үстіне дағдарыс кезеңіндегі техника мен материалдық ресурстың жетіспеушілігі орманның елеулі бөлігін жоғалтуға алып келді. 1991 жылы Баян тауларының оңтүстік жағында тау қиялары бір ай бойы жанды. Техника жете алмайтын тау биіктеріне өрт сөндірушілер мен ерікті жасақтардың өкілдері жаяу көтеріліп, қолмен сөндіруге әрекеттенді. Ақыры тікұшақ шақыртылып, тілсіз жау тоқтатылды. Алапат өрт 1997 жылы тағы қайталанып, қазіргі «Факел» демалыс аймағының маңайы қалың өртке оранды.
– Таулы жердегі өртті жазық далалы жердегі орман өртімен салыстыруға келмейді. Мәселен, «Ертіс орманы», «Семей орманы» резерваттарында тілсіз жауды қарсы өрт қойып тоқтатып алады. Таулы-тасты аймақтарда тұтанған жалын көбіне ағаштың тамырына кіріп кетеді. Ол бықсып ұзақ жанады, дауыл тұрса өршіп, лезде таралып кету қаупі бар. Әсіресе, тас арасына кіріп кеткен шоқ қауіпті. Кейінгі кезде ұлттық паркте қытайлық техникалар көбейіп кетті. Бұл техникалардың қуаты аз, небәрі 500 литр суды таудың үстіне шығара алмайды. Ескі Газ-66 жүк көлігінің базасындағы бұрынғы өрт сөндіру машиналары мықты, кез келген қияға 3 тонна суды жеткізеді. Бірақ олар бүгінде әбден ескірген. Сондықтан жаңа техника сатып алғанда ресейлік көліктерге маңыз берген дұрыс. Қытайлық техникалардың астының бәрі кәдімгі пластмасса, өрттің үстінен жүріп өтсе, еріп түсіп қалады, – дейді Баянауыл ұлттық паркінің гид-экскурсоводы, орман шаруашылығында 37 жылдық еңбек өтілі бар маман Ерғалым Қайырденов.
Орман өртінің алдын алудың кешенді тәсілдерінің бірі – мамандардың сапасын арттыру. Өкінішке қарай жоғары білімді жас кадрлар ауылдық жерлерге барғысы жоқ. Орман мекемелері жас мамандарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеп енгізуді, еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауды, сондай-ақ ауылдық жерлерде кәсіби даму мүмкіндіктерін тудыруды сұрайды. Бүгінде орманшылардың еңбекақысы 140 000 теңгеден басталып, 350 000 теңгеге дейін жетеді.
Павлодар облысы