
Қазақстан қоғамдық даму институтының мәліметінше, дауыс беру 23 шілдеге дейін жалғасады. Отандық авторлардың ең көп оқылатын 100 туындысы 10 тамыз – Абай күні ұсынылады.
Айта кетейік, аталған жоба Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсынысы бойынша бекітілген Ұлттық кітап күні бастау алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бастамаға қолдау білдіріп, қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытудың, сондай-ақ кітаптардың қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын айтып келеді.
Іс-шара барысында сөз алған Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Айдос Сарым бұл бастама әдеби талғамның қалыптасуына ықпал етіп қана қоймай, еліміздегі кітап өндірісіне байыпты бағдар беретінін атап өтті.
«Егер осы сауалнама нәтижесі бойынша біз белгілі бір кітаптардың барлық жерде барынша көп оқылатынын білетін болсақ, аталған туындыларды қайта басып шығаруға, насихаттауға және дәріптеуге мүмкіндік береді. Мұндай сауалнамалар – бейберекет ақпарат ағымына қарсы тұрудың, әдебиетке тұрақты және ғылыми негізделген талғам қалыптастырудың бір жолы. Өзге мемлекеттердегі секілді, уақыт өте келе өз құндылығын жоғалтпайтын кітаптар тізімі жасалады. Біз қоғамды не толғандыратынын, жастардың, аға буынның қай жанрды ұнататынын ұғына аламыз. Бұл жай ғана тізім емес, бұл – дәуір айнасы», деді ол.
Айдос Сарымның айтуынша, аралық қорытынды әртүрлі жастағы азаматтардың, әртүрлі тілде сөйлейтін топтардың талғамына талдау жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай зерттеулер баспагерлерге қандай кітаптар сұранысқа ие және не нәрсеге назар аудару керек екені туралы мәлімет ұсынады. Жоба қазірдің өзінде маңызды мәдени оқиғаға айналды. Соның көмегімен болашақта ауқымды әлеуметтік-мәдени зерттеулер жүргізуге болады.
Айта кетейік, «100 кітап» жобасы аясында қатысушыларды ынталандыру мәселесі де қарастырылған. «100 кітап» жобасының серіктесі – «Меломан-MARWIN» дүкендер желісінің қолдауымен 9000, 10000 және 16000-дауыс берушіге сыйлық карталары табысталды. Бұл қадам оқырманға ерекше сый ғана емес, халық сүйіп оқитын 100 кітапты таңдауға азаматтарды барынша көп тартуға қосымша ынта болды. Мәселен, 9000-дауыс беруші – астаналық Жүсіп Амантай, 10000-қатысушы – қарағандылық Әсел Көшен, ал 16000-азамат – ақтөбелік Гүлжан Өтегенова.
Иә, «Amanat» партиясы кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. 2023 жылғы қыркүйек айынан бастап партия «Кітап-Amanat» жобасын қолға алып, соның аясында ел аумағында, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда 23 кітап орталығы ашылды. Онда әдеби кештер, жазушылармен кездесулер, түрлі байқау өтеді. Барлығы 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Кітаптар нарық бағасынан төмен бағамен сатылады.
Жалпыұлттық сауалнамаға әр азамат «eGov Mobile» мобильдік қосымшасы арқылы дауыс беріп, он кітапқа дейін таңдау жасай алады. Ең бастысы, шығарманың атауы мен авторын да көрсету қажет.