Байқау • Кеше

Киножобалар таныстырылымы басталды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы биыл мем­лекет қол­дауына үміткер киножобалар таныстырылымы (питчинг) бас­тал­ға­нын хабарлайды. Ашық қорғау 9–12 маусым ара­лы­ғын­да Алматы қала­­сында өтеді. Питчингке байқаудың екі кезеңінен сәтті өткен 99 жо­ба қатысып жатыр.

Киножобалар таныстырылымы басталды

Таныстырылымның ашылуын­да­ Ұлттық киноны қол­дау мем­лекеттік орта­лы­­ғы­ның бас­қарма төрағасы Құр­­ман­­бек Жұ­мағали аталған ке­зең­­­нің салмағына тоқталды.

«Бүгінгі таныстырылымда Сарап­тама кеңесі ұлттық киноға сүбелі үлес қоса­тын жобаларды іріктеу үшін бар күшін салады деген сенімдеміз. Ұлт­тық кино – ұлттың рухани келбеті. Сондықтан мемлекет қаржысына түсірілетін фильмдердің мазмұны мен сапасы жоғары дең­гейде болуға тиіс. Киногерлер бұл жауапкершілікті терең түсінеді деп ой­лаймыз. Біз ашық конкурс өткізуге мүд­де­ліміз. Барлық үдеріс тиісті сала – Мәдениет және ақпарат министр­лігі­­нің бақылауында», деді Қ.Жұмағали.

Ал Сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкенов кәсіби және әділ бағалаудың маңызын ерекше атап өтті.

«Әрбір жобаны мұқият қарап, оның идеялық мазмұны мен драматургиялық сапасын бағалаймыз. Мемлекеттік қол­дауға лайық, мазмұны бай әрі бола­шағы зор жұмыстар іріктеледі деп үміттенеміз. Барлық бағалау кезеңдері бекітілген талаптарға сай әділ өтеді», деді Б.Шөкенов.

Естеріңізге сала кетейік, байқауға өтінім қабылдау 13 наурызда аяқ­тал­ды. Биыл көркем, деректі және ани­ма­циялық фильм секцияларында барлығы 444 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 357 жоба Сараптама кеңесінің қарауына жіберілді. Бағалау нәтижесінде 128 сце­нарий мен сценарий жоспары екін­ші кезеңге өтті. Құжаттардың толық пакетін тапсырған соң 99 жоба питчингке жолдама алды.