
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
ХХ ғасырда қазақ азаматтарының ішінен жоғары билікке қол жеткізген Т.Рысқұловтың қоғамдық-мемлекеттік қызмет атқарудағы орны ерекше. Ол шын мәнінде Талғар болысында туғанымен тағдырдың жазуы болар, Меркі жерінде оқып, Пішкекте ауыл шаруашылығы мектебін бітіріп, күрескерлік өмір жолы осы Меркі, Әулиеата уезінде басталды. Оның жанында Меркі түземдік мектебін бітірген серіктері, өмірлік жан жолдасы Қ.Сарымолдаев, М.Жылысбаев және т.б. өрімдей жас-жігіттер болды, олардың арасында қырғыз азаматтары да бар еді.
Қ.Сарымолдаев Әулиеата уездік қалалық ревкомының төрағасы, Ішкі істер халкомының орынбасары болып жауапты қызмет атқарып, жергілікті кедейлердің, шаруалардың мүдделерін қорғап, көп жұмыс атқарды. Ол 1918 жылы ТурЦИК-тің мүшесі, Азық-түлік халық комиссариатының мүшесі болды. 1919 жылдың сәуіріне дейін Аштықпен күрес жөніндегі комиссияның (Туркомголодо) төрағасы болып 5 айдай жұмыс істеді, аштыққа ұшырап қырыла бастаған халықты ажал аузынан аман алып қалу үшін жанқиярлықпен күресті. Түркістан АССР-інде 1918–1921 жылдар аралығында кеңес өкіметін орнату үшін күрес жүргізіліп жатқан жылдарда жаппай ашаршылық етек алды, тігерге тұяғы қалмаған халық нәубетке ұшырады. Т.Рысқұловтың қоғамдық тамақтандыру пункттерін шұғыл түрде ұйымдастырды, соның арқасында шамамен бір миллионнан аса адам ажал тырнағынан аман қалды. Бұл жерде Қ.Сарымолдаевтың аштықпен күресудегі алапат еңбегін атап өту қажет. Т.Рысқұлов, Қ.Сарымолдаев сынды халқына жанашыр болған азаматтардың жанқиярлық еңбегі болмаса, халқымыздың көп бөлігі ашаршылықтан қырылып та қалған болар еді. Түркістан АКСР-ның құрамына Қазақстанның қазіргі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облысына дейінгі еліміздің оңтүстік бөлігі кірді. Түркістан республикасының құрамында Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан да болды.
Бұл ғасырдың басында қасірет бұлты қазақ халқының басына дүркін-дүркін үйіріліп төніп отырды. Еліміздің 1920-1930 жылдардағы басынан кешкен нәубет – халқымыздың қаралы жылдардағы тарихы. Дәл мұндай нәубетпен Т.Рысқұловтай бүкіл қоғамды, мемлекеттік орындарды жұмылдырып күрескен қайраткерлер кемде-кем, Қ.Сарымолдаев соның қатарында болды. Бір ауыл емес, тұтас халықты ашаршылықтан аман алып қалу жолындағы қайраткерлердің қажырлы еңбегі – ұлт тағдыры үшін күресудің өнегелі жолы еді. Халықтың жаппай аштықтан қырылып жатқанын көрген Қ.Сарымолдаев Түркістан АКСР-нда 1919 жылы Аштықпен күрес жөніндегі комиссияның төрағасы болып алты айдай жұмыс істеді дедік. Облыстық-қалалық ревкомның төрағасы болып 1922–1923 жылдары алты ай істеді, содан кейін 1923–1924 жылдары облыстық-қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін қатар атқарған. Ол Ташкент қаласы орталығы болған Сырдария облысы атқару комитетінің төрағасы қызметіне 25 жасында тағайындалды. Бұл өте жоғары лауазымдық қызмет болатын. Ол «Спутник коммуниста» журналын редакторы қызметін қоса атқарды. Қ.Сарымолдаев қазақ, орыс тілдерінде бірдей мақалалар жазып, екі тілде баяндама жасады, жаңа қоғамды құруға белсене атсалысты. 1924 жылы Орта Азияда саяси жағдай күрделенді, сол тұста ол Хорезм Республикасына қызметке жіберілді. Алдымен Хорезм республикасының Жұмысшы-шаруа инспекциясының Халық комиссары, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды.
1924 жылы Түркістан АКСР-інде ұлттық-аумақтық межелеу аяқталды, Қ.Сарымолдаев Қазақстанға ауысып, алғаш Су шаруашылығы басқармасын басқарып, республикалар арасында су шаруашылығына байланысты мәселелерді шешуге тікелей қатысты. Көп ұзамай ол 1927 жылы Қазақстан Халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Қазақстанның экономикасын жақсы білетін азамат 1928–1931 жылдары Республика жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметіне ауыстырылады. КСРО-да алғашқы бес жылдық жоспар 1928 жылы қабылданды.
Қабылбек Сарымолдаев республикамыздың ауыл шаруашылығын, су шаруашылығын басқаруда атқарған жұмыс ауқымы өте зор еді. Ол елімізде мелиорация мәселелерін көтеріп шеше білді. Көп ұзамай республиканың алғашқы бесжылдық жоспарын жасауға тікелей атсалысты, алғашқы бес жылдық жоспарға өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту мәселелерін енгізді, соның ішінде ет комбинаттарын, зауыттар мен фабрикаларды салу, электрлендіруге қатысты мәселелер жоспарланды. Барлық мәселе жоспарға енгізіліп, қаралатын жоспарлы экономика жағдайында республиканың мүддесін Орталық Жоспарлау комиссиясының алдында қорғай білді. Қ.Сарымолдаев – бірінші, екінші, үшінші бес жылдық жоспарларды жасауға атсалысып, көптеген өндіріс, оқу орындарының ашылуына тікелей атсалысып, жүзеге асырған қайраткер.
Қ.Сарымолдаев кіндігінен қалған жалғыз қызы Зүлфия «халық жауының» қызы болғандықтан шешесімен Өзбекстанға өтіп кетеді, банк салаларында қызмет етеді. Кейін Қазақстанға оралып, КСРО банкінің Қазақстан банк конторында (қазіргі Ұлттық банкі) банк төрағасының ауыр өнеркәсіп салаларын қаржыландыру бойынша орынбасары болып істеген, белгілі банкир, қаржыгер. Зүлфия апамыз әкесінің экономистік қасиеті өзіне берілгенін айтып отырады екен. Жалпы, Қ.Сарымолдаевтың үй-іші, отбасы, туған-туыстары, жақындары 1937–1938 жылғы науқанда қуғын-сүргінге ұшырап, елден безіп кетуге мәжбүр болды.
Қ.Сарымолдаев – республиканың материалдық-техникалық базасын жасап, қалыптастыруда өлшеусіз еңбек еткен қайраткер. Техникалық үдеріс жетістіктерін енгізу, аэроплан, тракторлар, машиналармен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән берген. Қ.Сарымолдаев атсалыспаған экономикамыздың саласы жоқ десе де болады. Өзі тікелей атқарып жатқан сала жұмыстарын баспасөз, журнал беттерінде мақала жазып насихаттап отыру қызметінің бір саласындай еді. Оның қаламынан туған көптеген мақаласы орыс, қазақ тілінде республикалық газет журналдарда жарық көрді. Ол «Народное Казахстана» журналының редколлегия мүшесі болды.
Қ.Сарымолдаев 1931 жылы Қазақ АКСР Орталық Атқару комитетінің қаулысымен Қазақ АКСР Жер-су халық комиссары (Наркомзем) болып тағайындалады. Қазақстанды аграрлы-индустриалды елге айналдыру мақсатында бар мүмкіндікті іске асырды, ғылым мен білімнің дамуына зор маңыз берді.
Қазақстан Ғылым академиясы алғашында КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филлиалы болып құрылды, кейін 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы болып қайта құрылып, Қ.Сәтбаев басшылық етті. Ал Қазақстанда алдымен ауыл шаруашылығы академиясы КСРО Ауыл шаруашылығы академиясының филиалы болып құрылғанын көпшілік біле бермейді. Қазақстанда Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының ірге тасын қалаған әрі ұйымдастырған Қабылбек Сарымолдаев болатын. Ол 1932 жылы ауыл шаруашылығы ғылым академиясының филиалын құру мәселесін одақта қоя отырып, 1933 жылы Ленин атындағы Ғылым академиясы мен Одақтық Жер шаруашылығы Халық комиссариатының коллегиясының Қазақстанда Ленин атындағы академияның филиалын ұйымдастыру жөніндегі шешім шығаруына қол жеткізеді.
Сонымен, Қ.Сарымолдаевтың ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, ішкі істер қызметі саласы, халық ағарту, жоспарлау салаларындағы қызмет ауқымы өте зор болды. Іскер, жаңашыл, новатор, реформатор басшы ғана емес, білікті зерттеуші, экономист, ұшқыр ойлы публицист еді. Ол Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі халық комиссарының орынбасары болып қызмет істеп, республикада тамақ өнеркәсібінің, жеңіл өнеркәсіп салаларының дамуына зор үлес қосты. Ол бірнеше кітаптың авторы, оның әдеби мұралары жинақталып, бір томдық еңбегі 2023 жылы басылып шықты.
Архив деректері Л.Мирзоянның ең алдымен зиялы қауымды 1-категория бойынша ату жазасына шығарылған үкімге қол қойып қана қоймай, малша қыруға қосымша лимит сұрағанын айғақтайды. 1-категория бойынша «халық жауы» болып Қ.Сарымолдаев та 1938 жылы небәрі 39 жасында атылды. Қ.Сарымолдаев тұтқындалысымен, оның 1911 жылы туған бауыры Мүсірепбек те «халық жауының» туысы болғандықтан абақтыға қамалды.
Мүсірепбек туралы архив деректері Кентау өңірлік мемлекеттік мұрағатынан табылды. Мүсірепбек 1920–1930 жылдары балалар үйінде тәрбиеленеді. Меркідегі орыс-қазақ интернатында оқиды. Ол 1931 жылы Дондағы Ростовта Теміржол транспорты инженерлері институтына түсіп, оны 1937 жылы бітіріп шығады. Түркістан – Сібір теміржолының Семей стансасында учаске аға инженері болып еңбек жолын бастайды. Кеңес өкіметі кезінде жоғары білім алып, теміржол саласында инженер маман болған қазақ азаматтары өте сирек. Алғашқы қазақтың теміржол транспорты инженері М.Тынышбаев болды, соның ізін жалғастырушы Мүсірепбектің жоғары білімді кадрлар мүлде тапшы кезде маман ретінде өзін көрсетуге мүмкіндігі болмай қалды. Ағасы Қабылбек Сарымолдаев ұсталғаннан кейін, Семейден Алматыға бауырының жағдайын білуге келген Мүсірепбек те ұсталып, қамауға алынды. Ол 1937 жылдың 1 наурызында жұмысқа алынып, небәрі алты айдай ғана уақыт қызмет етіп, сол жылдың 22 қыркүйегінде он жылға абақтыға жабылады. Ешбір жазығы да, жасаған қылмысы да жоқ Мүсірепбектің жастық өмірі абақтыда өтеді, Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында майданға алынудың орнына ол абақтыға «халық жауының» бауыры болғандықтан отырғызылды, саяси сенімсіз элементке айналды, азаматтық құқығы аяққа тапталды. Ол НКВД-ның Самара және Коми АКСР-нда Воркутада еңбекпен түзеу лагерінде он жыл бойы тұтқында болады. Воркутаның шахтасында жұмыс істеп, денсаулығынан айырылды. 1947 жылы абақты мерзімі біткеннен кейін бостандыққа шықты. Меркіде аз уақыт жұмыс істеп, Өзбекстанға жансауғалап кеткен Қабылбектің әйелі мен қызы Зүлфияның шақыруымен көрші елге кетеді. Ол үнемі саяси сенімсіз адам ретінде НКВД-нің бақылауында болды. Өзбекстаннан қайта Қазақстанға оралып, Ащысай полиметалл комбинатының Түркістан-Таулы теміржолында паровоздарды жөндеу депосында нормалаушы, кейін монтер болып істейді, содан кейін депоның конструктор технигі болып қызмет етеді. Бірақ теміржол транспорты инженер-механикі мамандығы бойынша қызмет ете алмады. Науқасты жағдайда отбасын да құра алмаған, жар да сүйе алмаған жоғары білімді инженердің тағдыры аянышты еді. Соған қарамастан өз білімін үнемі жетілдірумен болған, дүние жүзінің классиктерінің еңбектерін оқып отырған, оның кітапханасында техникалық әдебиеттер де көп еді. Ол Түркістанда 1956 жылы 5 шілдеде дүние салды. Қуғын-сүргінге, әділетсіз жазаға ұшыраған есіл азаматтың өмірі, тағдыры өте аянышты жағдайда өтті.
Ағайынды Сарымолдаевтар екеуі де бірдей еліне нағыз қызмет ететін кезде 1937 жылғы саяси репрессияның құрбанына айналды. Саяси құрғын-сүргіннің ең ауыр зардабын тартқан Сарымолдаев шаңырағы мен туған-туыстары болды, олардың біразы қырғыз еліне, Өзбекстанға бас сауғалауға мәжбүр болды.
Мұхтар ҚАЗЫБЕК,
жазушы, зерттеуші