Қоғам • Кеше

Сыр сүлейі – Ақжайықта

80 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында белгілі фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіп пен ақын, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы «Сүлейдария» атты сыр-сұхбат кешін өткізді.

Сыр сүлейі – Ақжайықта

Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН

Ғарифолла Құрман­ға­лиев атындағы Батыс Қазақ­стан облыстық филармо­ния­сы ұйымдастырған бұл ерекше кеш ежелгі қазақтың есті өнерін – жыршылық дәстү­рін жаңаша жаңғыртқан іс-шара болды. Кештің бас кейіпкері Берік Жүсіп – 12-13 жасынан бастап халық мұрасын жинаған фольклортанушы ғалым әрі эпик жыршы болса, кеш тізгінін ұстаған Бауыржан Бабажан­ұлы да осал емес, бала кезі­нен Құдайберген, Наурыз­бек, Қалдаш жыраулардың жырын тыңдап, Бесқала қазақтары арасында күні кешеге дейін қаймағы бұзыл­май сақталған жырау­лық өнердің кәусарына қанып өскен ақын. Бұл екеуі­нің сахна төрінде қара әңгіме мен жыр-термені араластыра шерткен сыр-сұхбаты кө­рерменді де қызығына тартып әкетті.

– Асылында, жыршылық – сахналық өнер емес қой. Бұл өзі дастарқан басында, алқа қотан ағайынның алдында кіріспесінің өзі 2-3 сағатқа созылып, жырлаушы содан соң ғана қыза түсетін құбылыс. Жырау әуелі тамағын қыздырып ән айтып, кейін жеңіл-желпі жыр-термеге түседі. Арасында әр шығарманың тарихы, оқиғасы қара әңгі­мемен қоса баяндалып, отырыс қыза түседі. Одан әрі жырау өзі білетін жырларды бір-бірлеп таныс­тырып, қайсысын таңдау­ды халықтың өз талқысына қалдырады. Мұны «ортаға салу» деп атайды. Содан кейін ғана жиналған жұрт­шылықтың қалауымен не­гізгі шығармаға – үлкен жыр­ға кезек келеді, – дейді қазақы жыршылық өнердің мән-жайымен таныстырған Берік Жүсіп.

Бір ғажабы, Берік Мыр­за­лыұлы Сыр еліндегі сөз ұстаған үлкендердің ізіне ерте түскен екен. 12-13 жасында ел аралап, көкірегі қазы­наға толы қария­лар­мен кездескен, жыршы-жырау­лардың шығармаларын тас­паға түсіре берген. Осы­­лайша, қазіргі таңда Берік Жүсіптің жеке қо­рын­да таспаға түсіріп алған 2 500 сағаттық мұра сақтау­лы тұр екен! Бұл жа­йын­да филармонияның ақпа­рат бөлімі дайындаған «Көкі­­регі – көне кітап» бейне филь­мін­­де де айтылды.

Ақын Темірхан Медет­бек бірде: «Әуелден шал болып туған мен білетін екі адам бар: Оның бірі Әбіш Кекілбай болса, екіншісі – Берік Жүсіп» деген екен. Сол айтқандай, сүлейлердің сарқытын сарқып ішкен, қариялармен көп жүріп өзі де данаға айналған Бекең осы кеште кеңінен көсілді. Көне қазақтар арасындағы жырлау тәртібі мен тың­дау мәдениеті туралы сөз қоз­ғап, әр орындаған ән-жыр­ға түсіндірме беріп отыр­ды. Жадында жазы­лып қалған қазақы қалжыңдарды да ортаға салып, көрерменді сер­пілтіп, көңілдендіре біл­ді. Түйін сөзінде «жыр­шылық өнер­ді дамытатын жалғыз жол – тың­дау­шы­ның сауатты болуы» деді.

Әрине, бүгінгі қым-қуыт тірлік, бәрі асығыс заманда қазақтың жыраулық өнері жетімсіреп, жырлаушы да, тыңдаушы да азайып бара жатқаны рас. Дегенмен әйгілі Марабай жырау­дың отаны – Батыс Қазақстан об­лысында жыраулық дәс­түр­ді сақтауға ұмты­лыс бар. Республикалық, халық­­аралық деңгейде өнер көр­­сетіп жүрген жергілікті Фархат Оразов сынды өнер­паздар да өз мектебін қалып­тас­тырып жатыр. Батыс Қазақ­стан облыстық халық шығар­машылығы орталы­ғы 2021 жылы халық жыршы­сы Марабай жыраудың туға­нына 180 жыл толуына орай «Марабай таным» жобасын бас­тап, республикалық деңгейдегі ғылыми конфе­ренция өткізген еді. Пар­ламент депутаты Абзал Құс­­пан, DANAqaz орталы­ғы­ның жетекшісі Жантас Сафуллин сынды азаматтар әр жылдары Семейден Дүйсенғазы жырау Нығмет­жановты, Бей­неу­ден Сәр­сенбай жырау Қыдыр­ұлын ал­дырып, халықпен қа­уыш­­­­тырған болатын. Ға­ри­­­­фол­ла Құр­ман­ғалиев атын­­­­­дағы Батыс Қазақстан об­­лыс­тық филармо­ния­сы­ның басшысы, белгілі өнер қай­раткері Бауыржан Ха­лиол­ла ұйымдастырған «Сү­­­лей­­­дария» кеші де ұлы көш­­ті жалғаған жарасымды іс болды. Кеш соңында Бауыр­жан Ергенұлы Берік жы­раудың асыл жары, Ақ Жайық елінің қонағы Гүл­фай­рус ханымға гүл ұсы­нып, қамзол жауып құрмет көр­сетті. Ал жым­питылық кә­сіпкер, белгілі меценат Ғани­мат Қайыржанұлы Берік Мыр­залыұлы мен кеш­­ті жүр­гізген Бауыржан Баба­­жан­­ұлына елдің атынан ат мін­гізді. Осы­лайша, төл өне­ріміз өрге озған, көңіл қияға қол созған керемет кеш өтті.

 

Батыс Қазақстан облысы