Балалар • Кеше

Жазғы каникул көңілді

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 1–10 сынып оқушыларының 95 пайызы, нақтырақ айтқанда 64 770 баланың жазғы демалысын өткізуге айрықша назар аударылды. Сондай-ақ оларды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда облыс аумағында оқушыларға арналған 9 демалыс лагері бар. Ал Тайынша ауданындағы «Эдельвейс-Бурабай» жеткіншектер лагері Ақмола ауданының аумағында орналасқан.

Жазғы каникул көңілді

Биыл лагерьлерге ағым­­­дық жөндеу мен әрлеу жұ­мыстарын жүргізуге 393 млн теңге бө­лінген. Соның ішінде 368 млн теңге 5 лагерьді жөндеу мен жаб­дықтауға бөлінді. Дәлірек айтқанда, Аққайың ауданындағы «Оқжетпес» лагеріне – 4 млн, М.Жұ­мабаев ауданындағы «Бе­резка» лагеріне – 81,2 млн, Жам­был ауданындағы «Лесная поляна лагеріне – 86,8 млн, Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Ақ­­қайың» лагеріне – 3 млн теңге бөлінді. Ең үлкен қаражат – 192,8 млн теңге – Есіл ауданындағы «Род­­ник» балалар лагеріне бөлінді.

Бұдан басқа, 5 балалар лаге­рін сенімді басқарушылар ал­ған. Олар өздері белгіле­ген ақы­лы негізде жеткін­шек­­терге қызмет көрсетеді. Бұ­лар­­­дың де­малыс жағдайы, көңіл көте­ру бағдарламалары, та­­мақ­­та­нуы бюджеттен қаржылан­­дыра­тын­дарға қара­ған­да жоғары екенін айта кету керек. Бұл лагерьлер­ге де биыл жөндеу жұмыс­тары­на 25 млн теңге бөлінген. Со­ның 15 млн теңгесі Тайынша ауда­­нын­дағы «Эдельвейс-Бура­бай» лагеріне аударылған. Ал Петро­павл қаласының аумағын­да орналасқан «Достық» және «Ақ­қайың» лагерьлерін жөндеу­ге 10 млн теңгеден қаржы бөлінген.

Осы 6 маусымда өңірдегі демалыс және сауықтыру ла­гер­ьлері ашылды. Жұмысын бастаған лагерьлердің бәрі СЭС қорытындысын алған. Қазір  6 200 (10%) оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалып жатыр.

Сонымен бірге 2 маусымнан бастап мектеп жанындағы 58 570 оқушыны қамтыған демалыс лагері ұйымдастырылды. Онда балалар тамақтанатын 424 алаң жұмыс істейді.

Облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Айна­гүл Сұрағанованың айтуынша, жазғы кезеңде оқушылар 4 бағыт бойынша жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 8 414 оқушы еңбекпен қамтылып, көгалдандыру және абаттандыру бригадалары қатарында жұмыс істемек. Ал 15 965 ба­ла спорттық-туризм, өлке өңір­леріне саяхат, басқа да экскур­сиялар, археологиялық экс­пе­дицияларға тартылады. Соны­мен қатар 26 130 оқушы шы­ғар­ма­шылықпен айналысып, 30 сағат қосымша білім алады. Олар аула клубтары қатарында түрлі үйірме­лерге қатысады. Ал 13 мыңнан артық өрен зияткерлік өнерлермен айналысып, көшбасшылық мектеп­терінде белсенділік көрсетеді.

Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауда­­нындағы «Оқжетпес» лагерін­де болып, жаңа маусым­ның ашылуы­на қатысты. «Балалар­дың жазғы демалысты белсенді, мазмұнды әрі көтеріңкі көңіл-күймен бастағанына қуаныш­тымын», деп жазды ол өзінің әлеуметтік парақшасында.

Бұл лагерьде балалардың қауіп­сіз әрі жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасал­ған. Демалыс үйлері тегіс жөнде­ліп, аумақтары абаттандырылды. Сонымен бірге бейне бақылау­лар орнатылып, сапалы тамақтану, медициналық қызмет және әр тақырыпқа арналған қызықты ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы