Кәсіпкер • Кеше

Жұмысты жүйелеп, ырысты арттырып отыр

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Айс» серіктестігі 2010 жылы әлем­дегі ең танымал гольштейн тұқымдас 2 мың бас сиырды Германиядан әкеліп, сүт-тауарлы фермасын іске қосты. Содан бері Мәртөк ауданында кідіріс­сіз жұмыс істеп, облыстағы ең ірі шаруашылыққа айналды.

Жұмысты жүйелеп, ырысты арттырып отыр

Ферма Ақтөбеден 30 шақырым жерде, Мәртөк ауданының Кеңсахара мен Саржансай ауылдарының іргесінде орналасқан. Бағы­латын 3,5 мың бас ірі қараның 1,1 мыңы – сауын сиыр. Ерекше жағдайда күтіп ұста­латын сауын сиырлар 8 сағат сайын сауылып, әрқайсысынан тәулігіне 38-40 литр сүт алынады. Алайда гольштейн тұқымының төрт жылдан кейін сүт беруге мүмкіндігі жойылады екен. Тез қартаятын малдың орнын осы шаруашылықта өсіп жетілетін басқасы ауыстырады. Бүгінде ай сайын 30 бас сауын сиыр қосылып отыр. Заманауи санитарлық-гигие­налық талаптарға сай жабдықталған кешен­нің қора-жайларында тазалыққа ерекше мән берілген, жабық кешендерде ылғал мен жылуды реттейтін желдеткіштер қосылған.

Бұл жерден жаңа сауылған сүт мұздатылған күйде қаладағы компа­нияның сүт зауытына жіберіледі. Зауыттан ірімшік, айран, сүзбе сияқты бірнеше өнім түрі шығарылып қала дүкендеріне жөнелтіледі. «Айс» ЖШС директоры Бақытжан Ботбаевтың айтуынша, қалдықсыз өндірісті нығайту мен өнімділікті арттыру мақсатында біраз шаруа атқарылып жатыр. Мәселен, әр бас малдың күтімін ветеринар, ассимилятор, сауыншылар компьютерден бақылайды. Сондай-ақ әр сиырдың жеке төлқұжаты, арғы тегі, ауру-сырқауы, алынған екпесі туралы мәліметтер базаға енгізілген.

л

«Бізде сиыр 305 күн бойы сауылады. Бұзаулар туғаннан бастап 13–14 айда жетіледі. Жыл сайын 800 асыл тұқымды бұқашықтарды сатуға шығарамыз. Қаладағы «Айс» зауытының тәулігіне 120 тонна сүт өңдеуге мүмкіндігі болса да, біз 40 тоннасын жеткізіп отырмыз. Көбейтуге әзірше мүмкіндігіміз жоқ. Зауытқа жетпей жатқанын Қостанай мен Қызылордадан алдырып, өңдеп, сатылымға шығарамыз. Өнімдеріміз Алматыға, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарына жіберіледі», дейді Б.Ботбаев.

Сүт-тауарлы ферманың жанындағы 2 500 гектар суармалы шаруашылықта арпа, бидай, жоңышқа, жүгері, мал азығы дақылдарының басқа да түрлері егіледі. Сүтті көп алу үшін сауын сиырдың азығы құнарлы болғаны жөн. 3 500 бас малға берілетін жемшөптің 95%-ын өздері өсіреді. Қосымша құнарландыру үшін мал азығына минералдар мен дәрумендер қосылады. Жаңа туған бұзауларға бері­летін сүт қоспалары Германиядан әкелінеді. Фермада жемшөпті уатып, құнарландырғыш арнайы қоспалармен араластыратын автоматтандырылған жүйе де орнатылған. Осылайша, мал азығын өндіру мен сүт өңдеуге дейінгі бағыт тиімді жолға қойылыпты.

Компания былтыр сүт-тауарлы кешенді кеңейту мақсатында 6,5 млрд теңгенің инвестициялық жобасын қолға алды. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Сүлейменовтің сөзінше, осы жобаның 60%-ын «Ақтөбе» ӘКК қаржыландырып отыр. Негізгі мақсат – сүт фермасы жанынан тағы да 800 бас сауын сиырға арналған кешен тұрғызу. Жаңа сүт фермасы іске қосылса 10 мың тонна сүтті артық өндіруге мүмкіндік туады. Кешен құрылысын бастаған мердігер күннің суытуы мен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмысты былтыр желтоқсанда тоқтатып, биыл мамырда қайта жалғастырған.

«Айс» сүт-тауарлы фермасында бүгінде 90 адам еңбек етеді. Бәрі де Мәртөк ауданының тұрғындары. Кешен аумағында 30 орындық жатақхана бар. Малшылардың орташа еңбекақысы жұмыс күнінің ұзақтығы мен еңбек өтіліне байланысты 350 мың теңгенің шамасында. Ең төменгі жалақы 200 мың теңге көлемінде екен.

Ақтөбе облысында жергілікті сүт өнімдерімен қамту деңгейі әлі де төмен. Нақтырақ айтсақ, өңірдегі үш сүт зауыты жылына 19 мың тонна сүт өндірсе, мұндағы «Айс» компаниясының үлесі 13,5 мың тоннаны құрайды. Қалғаны – импорттық өнімдер. Жыл соңына дейін компанияның жаңа кешені іске қосылып, мал басын 800 сиырға дейін көбейте алса, онда компания жылына 23 мың тоннаға дейін табиғи сүт өнімдерімен жергілікті нарықты қамтамасыз етпекші.

 

Ақтөбе облысы