
Осындай ұранмен Шымкентте «Amanat» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ержан Саиров жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында өткізілетін сатып алулар мен еңбекақы, үстемақыларды төлеу кезінде парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыру фактілері жиі кездесетінін айтты. Ол мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа жол бермес үшін нақты шараларға көшу қажеттігін атады. Соның ішінде қоғам дертімен күресте Шымкент әлі де жұмысты күшейте түсу керек деді. Кеңес төрағасы денсаулық пен білім саласында жемқорлық жайлағанын атап өтті. Сондықтан бақылау мен тәртіпті қолға алуға шақырды. Дегенмен жемқорлықтың алдын алу, күрес шарасында Шымкенттен үйренер нәрсе көп екенін де тілге тиек етті. Әсіресе білім саласында бұл бағытта тындырымды істер бар екеніне тоқталды.
Е.Саиров мәлімдегендей, 2022–2024 жылдары шаһарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 270 қылмыстың бетін ашқан. Оның ішінде пара алу, ұрлық, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану деректері бар. Осы қылмыстардан болған зауал 7,4 млрд теңгені құрап, оның 5,9 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды. Кеңес төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруда Шымкент көш бастап тұрғанын айтты.
Жиында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев қала әкімдігінің басқармалары жемқорлыққа қарсы күрес шарасында көзбояушылық жасайтынын, ашықтық, тазалық жетіспейтінін атап өтті.
«Қоғам дертімен күрес жүріп жатқанымен сыбайлас жемқорлық қылмыстары әлі де тыйылмай тұр. Ондай қылмысқа жергілікті атқарушы органдар мен полиция өкілдері көп баратыны анықталды. Сондықтан олардың алдын алу қажет. Ол үшін партияның сайлауалды бағдарламасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шарасын қатаң орындау керек», деді ол.
Басқосуда сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков партияның сайлауалды бағдарламасының мегаполисте қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Шаһар басшысының айтуынша, мәслихаттағы партия фракциясының 21 мүшесі бағдарлама тармақтарына жеке-жеке бекітілген. 2024 жылға жоспарланған 95 тармақтың бүгінгі таңда 90-ы орындалған. Бағдарлама аясында 1,3 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 127 азамат пәтермен қамтылды. «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында тағы 150 азамат баспаналы болды. 2 878 медицина қызметкері симуляциялық орталықтарда біліктілігін арттырды. Сонымен қатар 30 284 адам жұмыспен қамтылса, «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы 43 640 мүмкіндігі шектеулі азаматтың өтініші қанағаттандырылды. Осылай деген әкім бұл бағдарламаның нақты іске асып жатқанын көрсететін көрсеткіштер екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ кеңес барысында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері талқыланды.
ШЫМКЕНТ