
Фото: Ашық дереккөз
Соңғы мәліметтерге сәйкес, дрондар екі ауданға бағытталып, шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, 54 тұрғын түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Жараланғандардың арасында сегіз бала бар.
Харьков мэрі Игорь Тереховтың айтуынша, шабуыл түнгі сағат 00:31-де басталып, 00:40-қа дейін жалғасқан. Ресей тарапы қалаға 17 «Шахед» дронын жіберген. Олар тұрғын үйлерге, жеке секторға, балалар алаңдарына, қоғамдық көлікке және өндірістік нысандарға тікелей соққы жасаған.
Шабуыл нәтижесінде бірнеше көпқабатты үй өртеніп, ғимараттардың шатырлары қираған. Сонымен қатар автокөліктер жанып, жарылыс толқыны терезелерді сындырған. Сондай-ақ троллейбустар мен олардың желілері, коммуналдық және өндірістік нысандарға да зақым келген.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, Слобод ауданына да шабуыл жасалып, троллейбус депосына тікелей соққы тиген. Бұл жерде тоғыз адам зардап шеккен, олардың екеуі бала.