
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
«Словакия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы сенімді серіктесі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Республикасымен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше мән береді. Біздің елдерімізде өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, жоғары білікті адами капиталды дамыту, сондай-ақ қолайлы географиялық жағдай салаларында көптеген ұқсастықтар бар. Мұның бәрі Қазақстан – Словакия қатынастарын одан әрі нығайтуға берік негіз болады», деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $140 млн-ды құраған. Ал биылғы жылдың 4 айында өзара сауда көлемі 46%-ға артқан. Сонымен қатар сауда құрылымын әртараптандыру және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер түрін одан әрі кеңейту шараларының маңыздылығы атап өтілді.
«Екі мемлекеттің басшылары мен премьер-министрлер кездесулері – жобаларды жүзеге асырудың жұмылдырушы құрамдас бөлігі. Біз тауар айналымын арттыруға ғана емес, бірлескен өндіріс орындарын құруға да мүдделіміз», деп атап өтті Роберт Фицо.
Өз кезегінде Қазақстан органикалық өндіріс саласында бірлескен кәсіпорындар құру және тәжірибе алмасу, халықаралық нарықтарға тұрақты шығуды қамтамасыз ететін тиімді көлік-логистикалық бағыттарды дамыту арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі.
ҚР Үкіметіне отандық тасымалдаушылар тарапынан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Олжас Бектенов транзиттік жүк тасымалдауға рұқсат беру квотасын одан әрі ұлғайту мәселесін қарауға бастамашы болды.
Тараптар жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және Роберт Фицоның Қазақстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.