Өндіріс • 11 Маусым, 2025

«Алтыналмас» Майқайыңдағы алтын кенішін үш есе арзанға сатып алған

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Алтыналмас АК» АҚ компаниясы «Майқайыңалтын» кәсіпорнын өз құнынан үш есе арзанға сатып алған. Бұл туралы компанияның 2024 жылғы қаржылық және аудиторлық есебінде көрсетілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алтыналмас» Майқайыңдағы алтын кенішін үш есе арзанға сатып алған

Төрт құтқарушының өмірін жалмаған «Майқайыңалтын» АҚ-ның барлық капиталдары, соның ішінде алтын кеніші мен комбинаты, биылғы сәуір айында толықтай «Алтыналмас АК» АҚ-ның қарауына өткен. Белгілі болғандай, «Майқайыңалтын» жаңа иесіне 5,8 млрд теңгеге сатылған. Kase.kz - Қазақстан қор биржасында «Алтыналмас АК» АҚ 2024 жылға шоғырландырылған қаржылық есептілігі және аудиторлық есебі жарияланды.

Есепте көрсетілгендей, майқайыңдық кәсіпорынды компания 5 млрд 827 млн теңгеге сатып алған. 

- 2025 жылдың 2 сәуірінде Топ кен орындары портфелін кеңейту стратегиясын жүзеге асыру аясында «Майқайыңалтын» АҚ алтын өндіру компаниясын сатып алды. Сатып алу кезінде белгіленген әділ құны – 5 млрд 827 млн 677 мың теңге,-деп көрсетілген қаржылық есепте.  

Бұл сомаға алтын кеніші үшін төлем және кәсіпорынның бұған дейінгі келісімшарттық қарым-қатынастарын реттеу кірген. 

Ал «Майқайыңалтынның» активтері жалпы сомасы 24,5 млрд теңге деп бағаланған. Сондай-ақ компанияның міндеттемелері 6,6 млрд теңге деп көрсетілген. Осылайша «Алтыналмас» кенішті негізгі құнынан 3 есе арзанға сатып алғаны мәлім болып отыр. Сәтті сатып алудан жаңа иесі 11,8 млрд теңгеден астам пайда көрген.

Жалпы 2024 жылы «Алтыналмас» компаниясының жылдық табысы 175,6 млрд теңге болғаны көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 120,5 %-ға көп. «Алтыналмастың» шешуші акционерлері - нидерландиялық Gouden Reserves B.V. тобы (67,5 % үлеске ие) мен қазақстандық олигарх Владимир Джуманбаев (22,5 %).

Павлодар облысы