Туризм • Кеше

Бурабайдың туристік әлеуеті артады

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі туризм саласын дамытуға әлеуеті зор Бурабай баурайы мемлекеттің қамқорлығымен жаңарған кейіпке еніп, түрленбек. Табиғаты тамылжыған ғажайып өлкені көріктендіру, сақтау, хас сұлудай сыландыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Үкіметтің кешенді даму жоспарына сәйкес, жалпы құны 137,2 млрд теңге болатын 118 іс-шара қолға алынбақ. Бір жақсысы, осы қаржының 64 млрды – жеке инвестиция. Бес жылда жүзеге асырылуға тиісті ауқымды іс-шара басталып та кетті. Туристік маусымға дайындық барысын қаузаған дөңгелек үстел барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов түйінді мәселенің мән-жайын тілге тиек етті.

Бурабайдың туристік әлеуеті артады

– Щучье-Бурабай курортты аймағының жан-жақты дамуына зор мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі. – Салаға тартылған инвес­тиция инфрақұрылымдарды жаңғыртып, туристерді жақсылап қарсы алуға мүмкіндік береді. Өңір туризмді дамытуға бағытталған стратегиялық басымдық берілген жоспарды қолға алып отыр.

Өткен жылғы атқарылған шаруаны пы­сықтасақ, ауқымды іс атқарылған екен. Көркем табиғаттың аясында тыныққан адамдар саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Нақты мысалға жүгінетін болсақ, өткен жылы бұл өңірге ат ізін салған туристер саны бір млн-ға жуықтапты. Оның 350 мыңы шипажайлар мен қонақүйлерде орналасқан. Бұрнағы жылғы көлемнен 14%-ға көп.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурскийдің айтуына қарағанда, жаңа туристік кластерді дамыту ерекше мәнге ие. Мәселен, «Ақ бура» курорты Қотыркөл мен Жөкей көлдерінің жағалауында туристерді қабылдауға, жаңа заманның талабына толық жауап беретін көрікті кешендер салынып жатыр. Щучье көлі мен Бурабай кентінде отбасылық демалыстарға көп-көрім көңіл бө­лінген. Қотыркөл көлінің жағалауында балалардың санаторийлік-курорттық демалыс аймақтарын кеңейту жоспарланған. 2027 жылы инвестор жалпы құны бір млрд теңге болатын, жыл бойы жұмыс істейтін аквапарк салмақ.     

Түйінді мәселелер де бар. Балалар туризмін дамытуға жер телімдері керек. Бос жатқан жерлер де бар. Оның иелері не өздері кәдеге асырмай, не халықтың игілігіне бермей отыр. Осы арада нақты мысал келтіре кетелік. Қотыркөл көлінің жағалауында 11 балалар сауықтыру орталығы болса, соның тек төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Өзгелері табиғат ансамблін бұзып, алқам-салқам болып шашылып жатыр. Бұл мәселе әділ шешімін табуы қажет. Қазір Бурабай аудандық әкімдігі мен облыстық туризм басқармасы кәдеге аспай жатқан жерлерді есепке алып, қайтарып алудың тетіктерін іздестіру үстінде. Осы жос­пар жүзеге асса, қаншама жер балалардың игілігіне жарап қалар еді.

Жергілікті билік инфрақұрылымды жаң­ғыртып, көлік логистикасын жақсартуға ынталы. Таяу арада курортты аймақтағы жол­дар жөнделіп, су, жылумен қамту мәселесі шешіледі. Сондай-ақ ұялы байланыс пен интернет желісінің де сапасына назар ауда­рылмақ. Тағы бір елді елең еткізетін жағымды жаңалық, биыл шілде айынан бастап екі жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Оның біріншісі, қоқыс өңдеу кәсіпорнының құрылысы болса, екіншісі Щучинск қаласының маңында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кешен құрылысы қолға алынбақ. Міне, осы кезде тамаша табиғаттың аясы жыл сайын ат көпір болып жататын қоқыстан арылады.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық туризмді дамытуға көбірек көңіл бөлмек. Келушілерге жағдай жасау мақсатында кемпинг, глемпинг салынып, велоорталық пайдалануға беріледі деп отыр. Кірпияз келушілердің көңілінен шығу үшін Астана-Бурабай бағытындағы күре жол бойындағы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсармақ.

Бүгінгі турист Бурабай баурайындағы дертке шипа ауаны жұтып, қайталанбас көрініске көз суарып, табиғаттың ай ару сипатына таңдана көз салып қана қоймай, ілкідегі әдемі аңызға да назар аударары сөзсіз. 

Абылай алаңында тұрып, Көкшенің қарсы алдыңыздағы биігіне көз салсаңыз, ғажайып табиғат құбылысын айқын аңғарар едіңіз. Қылпылдаған болат қашау батпайтын көк гранит тасын бауырлай тіліп орналасқан ғажайып тас сырғанаққа жанарыңыз түссе, туған табиғаттың құдіретіне еріксіз бас иесіз. Сонау қыр жотадан басталып, еңіске қарай құлдилай құлайтын ғаламат үлкен тас сырғанақты жасау әрине, адамзаттың қолынан келмес еді. Көзбен жобалағанда, көк тастың ені жиырма қадамдай, табаны 150 қадамға жуық. Кертіліп түскен, әлде ойылған. Қалай болған күнде де жаратылыстың бұйрығымен осындай тас сырғанақ пайда болған. Екі жағы тіп-тік, жылан жалағандай теп-тегіс. Бір таңданарлығы, жалпақ табанда бармақ басындай бір бұдыр болсашы. Иненің көзіндей ойық та кездеспейді. Жергілікті жұрт бұл жерді «Тас сырғанақ» деп атайды. Айтса айтқандай, ту биіктен құлдилай құлап, етегі еңіске жететін сырғанақтың сырын ұққан кім бар екен?

Көк тастан өрілген, адамзат баласының өзі де шыға алмайтын биік шыңның ұшар басына піл шығып шөгіпті десе, сенесіз бе, сенбейсіз бе? Сенбейтіндер табылса, Бурабайдың баурайына келсін. Келген соң Абылай алаңына табан тіреп, жүзін Оқжетпеске бұрсын. Сол сәтте сонау шың басынан төрт сирағын бауы­рына басып шөккен піл көрінеді. Көзі өткір адам ұшы сәл жоғары қайқиған ұп-ұзын тұмсығын аңдайды. Бажайлап қарасаңыз, алақандай көзі, қауқиған құлағы, сабаудай құйрығы, қысқартып айтқанда, барлық он екі мүшесі түп-түгел. Тек жанды емес, жансыз, көк гранит тас.  Есте жоқ ескі кезеңде Оқжетпес батыр қалың жау қаумалаған сәтте жаратқан иеден тілек етіп, тасқа айналыпты деседі ғой. Сонда төбесіне көтеріп алған осы піл екен деген жорамал айтылады. Әрине, аңыз. Әйтсе де, ұлт мұраты мен ұлттың ұлағатты ұлдарының арымас асыл арманы ұштасып жатқандай. Аңыз астарында туған жердің топырағын Оқжетпес батыр тәрізді қорғай білу керек. Сонда есімің ел есінен ешқашан өшпейді деген ишара жатыр.

Иә, келер ұрпаққа мұра болып қалатын өңірдің өңін сақтау бүгінге парыз. Жыл сайын кісінің көптігінен қанша көрікті болса да та­биғаттың ай нұрлы ару сипатына кіреу­ке тү­сетіндігі бар. Ұлттық парк бұл мәселеге мейлінше мән беріп отыр. Жаңадан 21 санитарлық-гигиеналық орындар салынбақ. Бұл бір жағынан туристерге қолайлы болса, екінші жағынан табиғи ортадағы тазалықты сақтау үшін керек.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы