Зерде • Кеше

«Мен» деген жоқ, «ел» деді

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Маңғыстаудан шыққан марғасқалар көп. Солардың арасында биік мінберге шықпай-ақ, ауыл-ауданда жүріп те еліне пайдасын тигізген тұлғалар бар. Олар осы өлкеде туып, өмірін ұлтқа қызмет етуге арнап, ел алдында ешқандай атақ күтпей-ақ, азаматтық болмысымен биіктеген. Жайсаң жандардың бірі – қазақ баспасөзінің аймақтағы тірегі, шындық пен шежіренің жоқшысы, жүйрік журналист Терекбай Жаңбыршыұлы еді.

«Мен» деген жоқ, «ел» деді

Терекең 1938 жылы дүниеге келген. Әкесі Жаңбыршы, анасы Күрең еліне өте сыйлы кісілер болған. Бұл отбасы социалистік құрылыс жылдарында еңбек озаты атанып, республика көлеміндегі жарыс­тарда үнемі алдыңғы қатарда жүрген. Осындай тамыры терең, текті шаңырақтан шыққан Терекең өмір бойы сол абыройды биік ұстап өтті.

ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік аяқтап, артынан Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітірген. Бірақ ауылда туып-өскен азамат өз білімін биік мансапқа емес, туған жерін түлетуге арнады.

1963 жылы ол Гурьев облы­сының Маңғыстау ауданында алғаш қазақ тілінде жарық көрген «Жаңа өмір» газетіне қызметке келді. Ол уақытта газет шығару – қағаз толтырып, ақпарат тарату ғана емес, ұлттың санасын ояту, елмен бірге етене болу деген сөз. Ал Терекең осы міндетті жан-тәнімен сезінді. Тілші, бөлім меңгеру­шісі, редактордың орынбасары, ақырында редактор бола жүріп, басқарған басылымын халықтың нағыз үніне айналдырды. Ол жай ғана редактор емес еді. Ол – тұтас бір аймақтың сөзін сөйлеген, үнін естірткен рухани көшбасшы болды. Өмір бойы газет шығарып қана қоймай, өңір тарихын түгендеді, халықтың жадын сақтады, өзі тұрған өлкенің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Оның әр ісі, әр әрекеті – ұлттық рухтың ұйытқысы тұғын.

Ол кезеңде журналистер газетті шығару үшін қорғасын әріптерді қолмен теріп, бояу иісі аңқыған баспаханада таң атқанша отыр. Құрал-жабдық та, кадр да тапшы. Бірақ Терекең талғампаздығы мен табандылығы арқылы сапаны биік ұстады. Ол әр мақаланы сүзгіден өткізіп, ар мен намыс тұрғысынан қарап қабылдайтын. Сондықтан болар, «Жаңа өмірдің» әр санын оқырман қауым асыға күтетін. Бұл басылымнан шындық пен сенімнің лебі есіп тұратын. Тоқсаныншы жылдары басталған егемендіктің елең-алаңы, өтпелі кезең жақсылықтарымен қоса, қиыншылықтарды да ала келді. Бүкіл республика бойынша аудандық газеттер жабылып жатты, журналистер жұмыссыз қалды. Сонда ол газет редакторы, жергілікті мәслихат депутаты ретінде аудан басшылығына «Жаңа өмірді» сақтап қалу жөнінде ашық хат жазды. Ел оған үн қосты, осылайша газет аман қалды. Қазақстанның құрметті журналисі, өзі ұзақ жыл еңбек еткен аудан­ның құр­метті азаматы атанған Терек­бай Жаңбыршыұлының жар­қын бейнесі көз көрген за­ман­дастарының жадында ұзақ сақ­талары анық.

Оның қазақтың ардақты жазушысы Әбіш Кекілбайұлымен достық қарым-қатынасы ерекше болды. Бір өңірде туып-өскен олардың университетте қатар білім алуы, одан кейін ғұмыр бойы бір-бірінен байланысын үзбей, сыйластықта жүруі соған біршама куә болған мен үшін де мақтаныш. Ол екеуінің ең алдымен Маңғыстау деп аталатын киелі мекенде дүниеге келуі, сол бала кезден басталған достық арқауының жылдар өткен сайын берік бола түсуі кім-кімге де үлгі еді. Әбіш ағамыз «Қазақстанның халық жазушысы» атанып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Еліміздің алғашқы Мем­ле­кеттік хатшысы болды. Қазақ­стан­­ның Еңбек ері атанды. Сол уа­қыт­­тар­дың барлығында да елге кел­генде олар бір-бірімен са­ғы­­ны­сып кө­рісетін, бірін-бірі іздейтін.

Терекбай Жаңбыршыұлының отбасылық өмірі де өнегеге толы. Жұбайы Светлана Қанапияқызы Маңғыстаудағы сауда жүйесінде абыроймен еңбек етіп, бес бала тәрбиелеген. Терекең мен Светлана апай айналасына сүй­кімді жұп ретінде сый-құр­метке бөленді. Олардың ұл-қыздары елге қызмет етіп, ата-ана аманатын адал атқарып жүр. Ұлы Еділ Жаңбыршин – Парламент Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері. Экология, та­би­ғатты қорғау саласындағы бас­та­ма­­ларымен елге танылған азамат. Ол «Парасат», «Құр­мет» ор­ден­дерінің иегері, «Қа­зақ­станның ең­бек сіңірген экологі» атағын алған.

Терекбай Жаңбыршыұлы Маңғыстаудың сол кездегі рухани орталығын қалыптастыруда ерекше еңбек сіңірді. Мәселен, ол Ақтаудың іргесі енді қаланып жатқан кезде, қала халқына рух беру үшін күйші досы Сержан Шәкіратовты арнайы шақыртып, мәдени кеш ұйымдастырды. Бұл 1973 жылдың күзінде болатын. Соны «Юбилейный» деген кинотеатрдың сахна­сында өткіздік. Әңгімені әрі­ден бастаған Терекең киелі тү­­бектің тіршілігін, тарихын, жа­ғра­пиялық ерекше­ліктерін, әулиелер мекені екенін де айтты. Сосын бізге кезек келді. Дом­бырашы Сержан ағамыз бас­тап, «Адай» күйін тартты. Мен үш тілде ән шырқағаннан кейін көрермен сахнаға топырлап шығып, жылы сөздерін айтып, ерекше көзқарас білдірді. Бұл – концерт қана емес, елдік сананы сілкінткен тарихи сәт еді.

Оның тағы бір ерен еңбегі – Маңғыстаудың тарихи жадын жаңғыртуға атсалысуы. Ол қызмет кабинетіндегі шкафтарға жүздеген тарихи қолжазбалар, мақалалар, шежіре кестелері мен мұрағат құжаттарын жинап, оларды «Арыс Адайым» атты кітапқа айналдыруды ар­ман­дады. Бұл деректер арасында қазақ батырларының жо­рықтары, Арал-Каспий ара­сын­дағы көне су жолдары, орыс архивтерінде сақталған 1812 жылғы Француз–Ресей соғысында қазақ жасақ­тарының қатысуына байланысты тың мәліметтер бар еді. Терекең, сондай-ақ Түрікменстанға шекаралас өңірдегі Шерқала тауының аңызын, жерасты бұлақтарын зерттеп, картаға түсіруге күш салған. Бұл деректердің барлығы – бүгінгі жас зерттеушілерге алтын қазына. Ол тіпті Үстіртте құдық қазып, шөлде су көзін тапқан бабаларының ерлігін жазбақ болды. Бірақ көп еңбегі әлі күнге дейін жарияланбай жатыр, өйткені ол кісі бәрін соңына дейін реттеп үлгермей кетті.

Оның өмірінің соңына дейін жазған естеліктері – тұтас бір дәуірдің айнасы. «Мен айтайын бабаңнан» деген тарихи очерк – ұрпаққа қалдырған аманаты. Бұл жазбаларда Маңғыстаудың өткені, ел ішіндегі рухани дің­гектер жайлы мол мағлұмат бар.

Терекбай Жаңбыршыұлы – елдің есінде сөзбен емес, іспен қалған азамат. Ол өмірден өтке­ні­мен, өнегесі өлген жоқ. Оның қала­­мынан туған шығармалары – халқының қазынасы. Оның еңбегі – Маңғыстаудың рухани бет-бейнесі. Оның жолы – бүгінгі ұрпаққа бағдар, ертеңгі буынға өнеге.

Терекең – «мен» деген жоқ, «ел» деді. Даңқ үшін емес, парыз үшін өмір сүрді. Осы облыс­тың ашылуына, оның өсіп-өркендеуіне, мәдени-рухани мұ­ра­ларының жаңғыруына үлкен үлес қосқан абзал ағаны мәң­гілік есте қалдыру шаралары қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Баянғали ҚҰЛТАЕВ,

өлкетанушы