Мектеп • Кеше

Қайтарылған қаржыға мектеп салынады

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан маңызды істің бірі – заңсыз иемденген қаржыны қоғам игілігіне қайтару. Осындай қаржының есебінен Атырау облысында мектеп-интернаттың құрылысы басталды.

Қайтарылған қаржыға мектеп салынады

Оқушыларға арналған интернаты бар жаңа білім ордасы Жамансор ауылында бой көтереді. Қызылқоға ауда­­­нында теміржол бойында орналасқан аталған елді мекенде мектеп жасындағы 200-ге жуық бала бар. Мұнда баста­­уыш сыныптың оқушылары 60 орынға бейім­делген ғимаратта білім алуға мәж­бүр. Ал бейім­дел­ген нысанда спорт және мәжіліс залы жоқ.

Қазір бастауыш сыныптар мен дайындық топтарында 64 бала тіркелген. Ал жоғары сыныптардың оқушылары Аты­рау мен Құлсары қалала­рын­­­да­ғы, Мақат және Мұқыр стан­са­ларындағы мектеп-интернатта білім алады.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, құ­ры­­­лысы басталған мектеп-интернат үшін екі нысан салы­­­натыны қарас­ты­рыл­­­ған. Оның бірі – 80 орындық мектеп, ал екіншісі – 30 орынға есептелген интернат.

«Президенттің айқын ұста­нымы – қайтарылған қаржы­ны ел игілігіне жұмсау. Мем­ле­кетке қайтарылған актив­тер қаржысының бір бөлігі Жа­ман­сор ауылында жаңа мек­теп-ин­тернаттың құрылысына жұм­салады. Бұл жоба шалғай ауыл­дағы балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай­дың ке­пілі болады», деді Қайрат Нұртаев.

Облыстық құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқар­ма­сының тапсырысымен са­лы­натын білім ордасы про­ку­ра­тураның бақылауы­на алы­нып отыр. Атырау облы­сы­ның прокуроры Бауыр­жан Жұмаханов­тың пікірін­ше, мектеп-интер­нат­­тың құрылысын алдағы қа­раша айына дейін аяқтау көз­де­ліпті. Құ­рылыстың сапа­лы жүргізі­луі­не жауапты мердігер – «Жиен­бай» ЖШС. Ал «Aspab Engineering Grup» ЖШС техника­лық қадағалауды, «A&K Али Company» ЖШС автор­­­лық бақылауды жүргізеді.

Жамансор ауылының тұр­ғын­дары мектеп-интернат құ­рылысының басталғанын қуа­ныш­ты жаңалық ретінде қа­был­­дап отыр. Өйткені ауыл тұр­ғы­ны Бағдабай Амановтың айтуынша, бұрын балаларды өзге ауылдардағы мектеп-интер­наттарға тасымалдап келген. Әсіресе қысқы мезгілде қиын­дық жиі туындайды.

«Балалар ата-анасының жанында білім алғаны жөн ғой. Алайда осы кезге дейін біз мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмадық. Жамансорда жоғары сыныпқа арналған білім ордасы жоқ. Сол себептен оқушыларды көршілес елді мекендердегі интернаттарға жіберетін едік. Балаларымыз ата-анасынан жырақтауды қа­ла­маса да амалсыздан кете­­тін еді. Енді өз ауылымызда за­ма­­науи мектеп-интернат ашылса, алдымен балаларымыз қуанатын болды», дейді Бағдабай Аманов.

 

Атырау облысы