
Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХIV жалпы отырысы қарсаңында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығарушы палатасының спикері Нуриддин Исмоилов, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы Парламентінің төрағасы Зия Өзтүрклер «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Ұлттық ғарыш орталығына барды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Орталық басшылығы қонақтарға ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысын көрсетіп, Қазақстандағы аэроғарыш саласының болашағы туралы айтып берді. Орталық Азияда баламасы жоқ бұл кешен 100 кг-нан 6 тоннаға дейінгі салмақтағы ғарыш аппараттарын құрастыруға, ұшу алдындағы дайындыққа және толық сынақ циклінен өткізуге арналған. Орталық базасында отандық мамандар жоғары дәлдікті жабдықтарды пайдалана отырып, ғарыш аппараттарының компоненттері мен басқа салаларға арналған қосалқы бөлшектерді дайындайды. Соның ішінде экспортқа да әзірлейді.
Парламент спикерлеріне британдық компаниямен бірлесіп жасалған «KazSTSat» ғылыми жер серігінің макеті көрсетілді. Мұндай типтегі алғашқы жер серігі 2018 жылы ұшырылған еді. Ол ғарыштық мониторинг жүргізіп, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану, төтенше жағдайлар саласы, табиғи апаттарды болжау сияқты және басқа да міндеттерді тиімді шешіп келеді. Қазіргі уақытта 5 жер серігінен тұратын топтаманы құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық жұмысты 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Моңғолия мен Конго үшін «KazSTSat» типі бойынша спутниктерді әзірлеу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Алдағы уақытта осы елдердің және отандық жер серіктерінің арасында ақпарат алмасу қамтамасыз етіледі. Бұл халықаралық жер серіктері топтамасын құруға және ғарыштық мониторингтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қонақтарға «OTS-Sat» наносанатты ғылыми ғарыш аппаратының жасалуына қатысты әзірлемелер таныстырылды. Бұл – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бірлескен жобасы. Қазіргі уақытта аппарат пен оның қосалқы жүйелерінің жобалануы аяқталып, компоненттерді сатып алу және қосалқы жүйелерді жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оптикалық пайдалы жүктемені жасау және оны сынақтан өткізу аяқталды.
Сонымен қатар Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов Парламент спикерлеріне «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ресеймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешені туралы айтып берді. Бұл жоба Қазақстанға ғарыш аппараттарын жасаудан бастап оларды ұшыруға дейінгі толық циклді қамтитын, тиімді коммерциялық құрылымы бар толыққанды ғарыш саласын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алғашқы сынақтық ұшыру осы жылдың соңына жоспарланған. «Байқоңыр» ғарыш айлағында ғарыштық туризмді ұйымдастыру, стартаптар мен ғылыми және өндірістік жобалар үшін инфрақұрылым құру сияқты басқа да бірлескен бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Бұл күндері Астанада ТүркПА-ның Парламенттік дипломатия рөліне арналған XIV жалпы отырысы өтіп жатыр. Отырыстың күн тәртібінде парламенттік ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ цифрландыру, ғылым, экология және денсаулық сақтау бағыттарындағы өзара іс-әрекетті дамыту мәселелері қарастырылуда.