
Фото: gov.kz
Рәсімге облыс әкімі Асхат Шахаров, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, түрлі өңірлерден келген делегациялар, батырдың туыстары мен қала тұрғындары қатысты.
Жиын Әлияның жарқын бейнесін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, Әлия ерлігі елдік пен отансүйгіштіктің мәңгілік символы екенін атап өтті.
«Бүгін біз Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының даңқты қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуын атап өтудеміз. Оның ерлігі мен жанқиярлығы талай ұрпаққа үлгі. Бұл атаулы күн - тек Ақтөбе өңірі үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін тарихи маңызды кезең. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, мерейтой республикалық деңгейдегі атаулы күндер тізіміне енгізілді. Бұл оның ерлігінің мемлекеттік маңызын көрсетеді.
Әлияның батырлығы - өткен күннің ғана емес, бүгінгі ұрпақты тәрбиелеудің айқын үлгісі. Бүкіл ел көлемінде, соның ішінде Ақтөбе облысында, Отан үшін жанын пида еткен ерлердің есімін ұлықтауға бағытталған кең ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл тарихты кейінгі буынға жеткізу - біздің перзенттік парызымыз. Жастардың бойында елге деген мақтаныш пен ерлік рухын сіңіру - бүгінгі міндетіміз», деді Мәлік Отарбаев.
Құттықтау сөзден соң, монумент-ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ, бұл шарада «Әлия гүлі достарын қарсы алады» атты Халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы фестиваліне қатысушылар да бой көрсетті.
Еске салайық, 2005 жылы тұрғызылған Әлия Молдағұлова ескерткішінің биіктігі 3,8 метр. Қола мүсіннің авторы, мүсінші - Бақытжан Әбішев, ал барельефтің авторы - Ескен Серғабаев.
Алина ҚАЙРАТҚЫЗЫ, ЕҰУ студенті