
– Ақмарал Шәріпбайқызы, денсаулық сақтау саласы үнемі қоғам назарында. Салада қордаланған мәселелер қалай шешімін тауып жатыр? Қандай міндеттер қойылды және не жүзеге асты?
– Өткен жылдан бастап бастапқы медициналық-санитариялық көмекті (БМСК) жүйелі түрде қайта құруды бастадық. Бұл заңнама деңгейінен бастап цифрлық шешімдер мен жаңа клиникалық тәжірибелерді енгізуге дейінгі барлық деңгейді қамтиды. Біз жалпы практика дәрігерлерінің (ЖПД) өкілеттіктерін кеңейтіп, «отбасылық дәрігер» қағидатын енгізіп жатырмыз.
БМСК қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту үшін ынталандыру жүйесі қайта қаралды, дәрігерлердің үйге шығу міндеті алынып тасталды, шұғыл көмек кабинеттері мен мобильді бригадалар құрылып жатыр, БМСК ұйымдарындағы көмек көрсету маршруттары өзгертілді. Мұнда мейіргер мамандар пациентпен алғашқы байланыс орнатушы ретінде қызмет атқарады. Министрлік мейіргер қызметінің функцияларын күшейтіп, алдын алу шараларын, жоспарлы қабылдауларды және динамикалық бақылау аясында пациенттерді жүргізу үшін жеке мейіргерлік қабылдауды енгізді. Бұл БМСК дәрігерлеріне өз кәсібилігін арттырып, науқастармен толыққанды айналысуға мүмкіндік береді. Мобильді бригадалар мен шұғыл көмек кабинеттерінің іске қосылуы стационарға түсу жағдайын азайтады және халықтың БМСК ұйымдарына сенімін арттырады.
Жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау үшін жаңа скрининг түрлері енгізілді. Кардиология, онкология, эндокринология және басқа да бейіндер бойынша амбулаторлық көмекті үйлестіріп, жоғары білікті консультациялардың қолжетімділігін арттыратын Құзыреттілік орталықтары дамып жатыр. 2024 жылы бұл салада 3,5 миллионға жуық адамға, оның ішінде 936 мыңнан астам балаға стационарлық көмек көрсетілді. 900 мыңнан астам операция жасалды, оның ішінде 23,8 мыңнан астамына жоғары технология пайдаланылды.
Ел медицинасының бірнеше бағыты халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті. Әлемдегі үздік 22 клиника қатарында – еліміздің Ұлттық кардиохирургиялық және нейрохирургиялық орталықтары бар. «Гамма-пышақ» радиохирургиялық емдеудің алтын стандарты ретінде ми ауруларын емдеуде қолданылады. Қазақстанда әлем бойынша саны жүзге жетпейтін протондық терапияны қолданатын орталық ашылды. Онкологиялық ауруларды радионуклидтік терапиямен емдеу кеңінен дамып келеді. Біздің жұмысымыздың нәтижесі өмір сүру ұзақтығының 2023 жылғы 75,09 жас көрсеткішінен 2024 жылы 75,44 жасқа дейін өсуі болды.
– Скринингтік бағдарламалар туралы айтып өттіңіз, олар қаншалықты тиімді және оларды кеңейту жоспарда бар ма?
– Скринингтердің бірнеше түрі бар – қан айналымы жүйесі, қант диабеті, глаукома секілді ауруларды анықтауға арналған рутиндік скринингтер. Бұған дейін онкоскринингтер тек сақтандырылған адамдар үшін қолжетімді болған.
Енді заңнамалық деңгейде қабылданған өзгерістерден кейін онкологиялық скринингтер халықтың барлық санаты үшін қолжетімді болады. Олар МӘМС пакетінің орнына ТМККК пакетіне ауыстырылады. Бұл – сақтандыру жүйесінен тыс қалған, саны 3 миллионнан асатын азаматтарға да скринингтер қолжетімді болады деген сөз.
Сапаны арттыру үшін ПМСП деңгейінде онкоскринингті үйлестіру орталықтары ашылады, әрі қарай онкоорталықтарда терең тексеру жүргізіледі.
Қазіргі заманғы тестілер – әйелдер үшін 35–55 жас аралығында ВПЧ тесті, жасырын қанға арналған тест, виртуалды колоноскопия, асқазан мен өкпе обырын ерте диагностикалау бағдарламалары әзірленеді. B және C гепатиттеріне жаппай скрининг жүргізу, әрі қарай емдеу мен бақылау қарастырылған. 2025 жылдың III тоқсанынан бастап ерлер арасындағы инсульт пен инфаркттің алдын алу мақсатында ми функцияларының ерте бұзылуын анықтайтын скрининг басталады. Кейбір скринингтер дәлірек диагностикалық тесттермен алмастырылды, мысалы, гликирленген гемоглобинді талдау енгізілді, скрининг жасына қатысты талаптар қайта қаралды.
– Кейінгі жылда ана мен бала өлімі азайғаны байқалады. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылды?
– 2024 жылы 2024–2030 жылдарға арналған Ана мен баланың денсаулығын қорғау қызметін дамыту бойынша Іс-қимыл жоспары бекітілді. Жүктілер мен босанатын әйелдерге көрсетілетін көмекті жетілдіру шаралары нәтижесінде ана өлімі 12%-ға төмендеп, тәуелсіздік алғаннан бергі ең төменгі деңгейге жетті. Біріншіден, акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуге арналған 25 клиникалық хаттама қайта қаралды. Кейінгі 10 жылда алғаш рет босану қызметіне арналған тарифтер 60%-ға көтерілді. Сондай-ақ нәресте өлімі құрылымында екінші орында тұратын туа біткен даму ақауларын ерте анықтау жұмысы күшейтілді. Кейінгі бір жылда елдегі перинаталдық орталықтар базасында бір күндік 17 клиника ашылды. Бұл клиникаларда генетиктер, акушер-гинекологтер мен УДЗ мамандары мультидисциплинарлы форматта 2–3 сағат ішінде диагноз қойып, болашақ анаға қорытынды береді.
Неонаталдық қызметтің үйлестіруі айтарлықтай күшейтілді. Перинаталдық орталықтарда неонаталдық хирургиялық төсектер саны 20%-ға артты, жылына орта есеппен 1500 жаңа туған нәрестеге операция жасалса, оның 40%-ы – эндовидеохирургия әдісімен жүзеге асады. Нәтижесінде, операциядан кейінгі нәрестелердің өмір сүру деңгейі 93%-ға дейін артты, туа біткен ақаулардан болатын өлім-жітім 15%-ға төмендеді. Елімізде алғаш рет фетальды медицина енгізілді. Бұл – жатыр ішінде жүктілік кезінде туабітті ақауды түзетуге мүмкіндік беретін аз инвазивті операция түрі. Бұл көмекті 87 бала алды.
2025 жылғы ақпанда жаңа педиатриялық көмек стандарты бекітілді. Мақсат – әр баланы және жүкті әйелді әмбебап патронаж пакетімен, ал 15% дамуы бұзылған балаларды арнайы мониторингпен қамту.
– Медициналық инфрақұрылымның тозуы – денсаулық сақтау саласының өзекті мәселесі. Әсіресе ауыл тұрғындарына сапалы қызмет қолжетімді болуы маңызды. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Ауылдар мен шалғай аймақтардағы медициналық инфрақұрылымды жаңғырту – басты басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба аясында дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық пункттер салынып жатыр. Жалпы, 655 БМСК нысанын салу көзделген, оның ішінде 473 нысан пайдалануға берілді, 182-сін биыл аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ 32 аудандық аурухана МКРА деңгейіне дейін жаңғыртылып отыр.
Ауылдық медициналық мекемелер заманауи диагностикалық жабдықтармен, зертханалық құрылғылармен және телемедицина жүйелерімен жабдықталып жатыр. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекті өз ауылында алуға мүмкіндік береді.
– Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарының орындалуы туралы не айтасыз?
– Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың шекті бағаларын қалыптастыру тәсілдері қайта қаралды – артық шығындар алынып тасталды, дженериктердің шекті бағалары түпнұсқа препараттардың 30%-ына дейін төмендетілді.
Талдау көрсеткендей, ТМККК мен МӘМС аясындағы шекті бағалар 19%-ға, көтерме және бөлшек нарықта 30%-ға дейін төмендейді.
Дәрілік заттарды тіркеу мерзімі 100 жұмыс күніне дейін қысқартылды, ал жоғары реттеуші беделі бар елдер (АҚШ, ЕО, Ұлыбритания, Жапония) үшін жеделдетілген тіркеу жүйесі 15 жұмыс күнінен аспайды. Дәрі сапасын бақылау үшін тәуекелге бағытталған тәсіл мен бақылау-сатып алу жүйесі енгізілді. Вейптер мен олардың хош иістендіргіштері, сұйықтықтарын айналымға енгізуге заңды түрде тыйым салынды. Энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгілерге сатуға тыйым енгізілді.
– Қайсыбір салада да білікті мамандарды ынталандыру мәселесі маңызды. Мемлекет тарапынан медициналық кадрларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
– Иә, дәрігер – білім мен дағды ғана иесі емес, сонымен бірге миссия, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Технология, жабдықтар, дәрі-дәрмек – маңызды. Бірақ ең бастысы – пациентке көмек көрсететін, жанашырлық танытатын ақ халатты адам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің қоғамдағы мәртебесін үнемі атап өтеді. 2024 жылы медицина қызметкерлерінің мәртебесін, құқықтық және қаржылық қорғанысын арттыруға бағытталған заң қабылданды. Медицина қызметкерлері үшін кәсіби сақтандыру жүйесі енгізілді. 2024 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет үш дәрігерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді. Республикалық «Үздік маман» байқауының жеңімпаздары 500 АЕК мөлшерінде сыйақы алады. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша ауылға жұмысқа келген дәрігерлерге 5 жыл жұмыс істеу шартымен 100 ЕТЖ (8,5 млн теңге) көлемінде бір реттік төлем беріледі. Осының арқасында өткен жылы дәрігерлер тапшылығы 19%-ға, орта медицина қызметкерлерінің тапшылығы 7%-ға азайды. Медициналық білім сапасын арттыру үшін грант мөлшері сараланған, колледждер мен ЖОО-лардағы стипендиялар артты. Жас мамандарға тәлімгерлік және бейімделу жүйесі енгізіліп жатыр. 2025 жылы біліктілікті арттыру бағдарламалары жаңартылады. Мамандармен қамтуды арттыру үшін түлектерді бөлу комиссияларының рөлі күшейтіледі.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында барша дәрігер мен сала мамандарын шын жүректен құттықтаймын!
Әңгімелескен –
Қуат ӘУЕСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»