Руханият • Кеше

Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана – зерттеудің, дамудың ордасы

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Білім мен ғылым ордасы, жоғары оқу орнының жүрегі – кітапхана. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кітапханасы – тарих тереңінен тамыр тартатын, ұлт ұстаздары қалыптастырған рухани орта. 2024 жылы бұл орталық жаңа кейіпке еніп, күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар кітапханаға еліміздің білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз, физика-математика ғылымдарының кандидаты Сералы Қаниевтің есімі берілді.

Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана – зерттеудің, дамудың ордасы

Қыздар институтындағы кітапхана 1945 жылы құрылып, алғашқы меңгерушісі Қалила Исмагулова болды. Алғашқы кітап қоры небары 3190 данадан тұрса, оның дені оқытушылар мен қызметкерлердің жеке кітаптарынан құралған. Тұңғыш ректор Тұрсын Мырзабекованың Мәскеу мен Ленинград қалаларынан әкелген құнды еңбектері кітапхананың қорын байытты. Кейінірек, 1980 жылдары ректор Жәмилә Елемесова мен кітапхана директоры Раушан Әйтиева жаңа кітапхананың іргесін қалап, 1985 жылы жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Бұл кезеңде ҚазКСР Мемжоспар төрағасы Мұхамед-Рахимов кітапхана құрылысына жеке бақылау жасағанын атап өткен жөн.

40 жылға жуық Қыздар институтында еңбек еткен Сералы Қаниұлы Қаниев – тек білім мен ғылымға ғана емес, ізгілік пен парасаттылыққа негізделген ұлағат иесі. Ғылым мен педагогиканы ұштастыра отырып, сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ол – Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі атанған. Сералы Қаниұлы – есептерді біріктіріп шешудің өзіндік амалдарын ашып, оқытуда жаңашыл әдістерді ұсынған ғалым. Оның тағылымды жолы – бүгінгі жасқа бағыт, ертеңгіге мұра.

Жаңғыртылған кітапхана заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Бұл ауқымды жоба белгілі кәсіпкер, білім мен мәдениет жанашыры Берік Қаниевтің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаға халықаралық дизайнерлер мен сәулетшілер тартылып, кітапхана кеңістігі жаңа мазмұнмен толықты және оған ... млн инвестиция құйылды. Бұл – инвестиция ғана емес, болашаққа салынған рухани капитал.

Кітапхананың бірінші қабатында студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы, көпфункциялы аймақтар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, академиялық жазылым орталығы, 72 орындық конференц-зал (синхрондық аударма кабинасымен), Mosaic кафесі, топтық және жеке жұмыс кабиналары, заманауи компьютерлік сынып, демалыс бөлмесі, балаларға арналған ойын алаңы, ана мен бала бөлмесі, инклюзивті санитарлық тораптар.

Кітапхана кеңістігі LCC (Library of Congress Classification) жүйесі бойынша жабдықталып, ашық қор принципі енгізілген. Студенттер мен оқытушылар кітаптарды өз бетінше таңдап, заманауи электронды ресурстарға еркін қол жеткізе алады.

Кітапхана жанындағы академиялық жазылым орталығы студенттердің жазу дағдысын жетілдірумен қатар, жарияланым мәдениетін, академиялық адалдық принциптерін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар мұнда soft skills дағдыларын дамытуға арналған тренингтер мен воркшоптар өтеді.

Университет аумағынан табылған, 1970 жылдары Молдахмет Кенбаев пен Николай Цивчинский салған мозаикалық панно да 2024 жылы қайта қалпына келтіріліп, кітапхана маңына орнатылды. Бұл – өткенге тағзым, болашаққа бағдар.

Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана – тек ақпарат көзі емес, ол – ізденістің, зерттеудің, дамудың ордасы. Бұл жаңартылған кеңістік университетіміздің заманауи білім беру үрдістеріне бейімделуінің, сапалы кадр даярлау жолындағы жаңа қадамының нақты айғағы.

Гүлмира Қанай, Қазақ ұлттық қыздар

педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры

Соңғы жаңалықтар