Мирас • Кеше

Қымыздан асқан дәм бар ма!

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақсу қаласында ежелгі қазақ салтына негізделген Қымыз­мұрындық мерекесі кеңінен атап өтілді.

Қымыздан асқан дәм бар ма!

Суретті түсірген – Есенжол Исабек

Мерекенің шымылдығын қазақтың ұлттық «Қосбасар» биімен «Айгөлек» би ансамблі ашты. Кейін С.Дө­нентаев атындағы мәдениет сарайы­ның ұйымдастыруымен жер­гілік­ті өнерпаздар мен «Асыл мұра-Ақсу» қоғамдық бірлестігі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қо­ғамдық бірлестігінің әжелері театрлан­­ды­рылған Қымызмұрындықтың көрі­­нісін көрсетті.

Мерекеге Ақсу қаласына қарасты алты ауылдық округінің белсенді, шебер, өнерпаз тұрғындары атсалысып, қонақтарға қазақ салт-дәстүрінің атмосферасын сыйлады.

– Әр ауыл 20 литр қымыз бен бауыр­сақ әкелді. Қала тарапынан 40 литр қымыз дайындалып, 30 кило бауыр­сақ пісірілді. Пайдалы әрі емдік қасиеті бар сусын мен ыстық бауырсақтар тұрғындарға таратылды. Бірақ ең бас­ты мақсат – қарын тойдыру емес, жаңғыртылған дәстүрді көрсету болды, – дейді Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медғат Манапов.

Бие сүтінің адам ағзасына аса пайдалы екені мәлім. Дәруменге бай қымыздың әзірлену жолдары да әртүрлі. Әсіресе Арқаның бал татыған қымызын ыстықта шөліңді қанды­рып ішкенге не жетсін! Бір қызығы, бүгін­де Ертіс-Баян өңірін мекен еткен әртүр­лі ұлт өкілдері үшін қымыз достық ­сусынына айналғандай. Оның қасие­тін, пайдасын олар жоғары баға­лай­ды. Жаздың алғашқы күнде­рін­де өтетін Қымызмұрындықты асыға күтіп, арқа-жарқа болып қалатыны да содан.

– Қымызмұрындық дегеніміз – мамырдың аяғы, маусымның бас жағында жасыл шөп өсіп келе жатқанда биелерді байлап, алғашқы қымыз ішудің рәсімі. Бие сүті – денсаулыққа ең қажетті, керек дәрумен. Қымыздың түр-түрі бар. Ащы қымыз деп 4-5 күн тұрып қалған қымызды айтады. Ал бал қымызға тәтті заттар қосады, – дейді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бір­лестігінің Ақсудағы төрағасы Шәмшия Құсайынова.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы