
Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН
Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, жәрмеңкенің мән-маңызын атап өтті.
– Халықтың әл-ауқатын көтеру, оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау – қашанда қоғамдағы өзекті мәселе. Әсіресе азаматтардың жұмысқа орналасуына мемлекет тарапынан қолдау білдіру ісі Мемлекет басшысының басты назарында тұр. Біз өңір тұрғындарын жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалардың игіліктерін халыққа түсіндіру мақсатында «Talpyn» мүмкіндіктер алаңы шарасын ұйымдастырып отырмыз, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, 2022–2024 жылдар аралығында облыста жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 1800 азаматқа арнайы грант берілген екен. Ал биыл тағы 445 адамға осындай грант беру жоспарланған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылы облыста 268 шағын несие беріліп, 2,5 млрд теңге қаражат бөлінсе, биыл жобаны іске асыруға 5,5 млрд теңге бөлініп, 815 жоба қаржыландырылмақ. «Осы арқылы 886 жұмыс орны құрылады деп отырмыз. Қабылданып жатқан шараның барлығы – мемлекет тарапынан тұрғындарға көрсетілген үлкен көмек», деді Нариман Төреғалиұлы.
Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтары жылын» жариялауы да қарапайым еңбек адамдарына деген құрметті арттырып отыр. Жыл басынан бері облыста бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 22 мәрте ұйымдастырылды. Оларға жалпы саны 368 жұмыс беруші қатысты. Нәтижесінде, 118 жұмыс іздеуші тұрақты жұмысқа орналасты.
Бұл жолғы іс-шараға 79 жұмыс беруші қатысып, 1 282 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында ҚПО, «Күбілей», «Uniserv», «Зенит» зауыты секілді ірі мекемелер мен жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер бар. Бір ерекшелігі, жиын кезінде осы алаңда тәжірибелі кәсіпкерлер мен жастардың ашық кездесуі өтті. Кездесуде спикерлерге сұрақ қойған, белсенді болған қатысушыларға мотивациялық кітаптар сыйға тартылды. Осындай сыйлықтың біріне Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледждің 4-курс студенті Жәмилә Өтепова ие болды.
Жәрмеңке кезінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобалары нәтижесінде өндірілген тауарлар саудаға шығарылды. «Talpyn» – мүмкіндіктер алаңы» іс-шарасы жұмыс іздеп жүрген мамандардың жұмыс табуына ғана емес, жаңа кәсіп туралы ойлауына да жол ашты.
Батыс Қазақстан облысы