Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап «Даму» қоры базасында Кепілдік беру қорларының жұмысы басталды. Бірінші қор – 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды, екінші қор – 7 млрд теңгеден асатын ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда 9 банкпен келісімдер жасалған.
Кепілдік беру қоры іске қосылғаннан бері 66,5 млрд теңге көлеміндегі несиелер бойынша 543 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 35,4 млрд теңге берілген кепілдіктердің көлемі.
Бекітілген жобалардың 70%-дан астамы инвестициялық мақсаттарға бағытталған: жаңа өндірістерді іске қосу, жабдық сатып алу және құрылыс.
Өңдеу өнеркәсібі барлық берілген қарыздардың шамамен 33%-ын құрап отыр. Сондай-ақ, көлік-логистика, денсаулық сақтау және білім беру салаларында да жоғары сұраныс байқалды.
Жалпы алғанда, кепілдік беру құралы аясында 2025 жылдың бес айында «Даму» қоры 2 470 жобаны қолдады. Бұл жобалар бойынша несие көлемі 325,1 млрд теңге, ал ұсынылған кепілдіктердің жалпы сомасы 225,8 млрд теңгені құрады.
Мемлекет пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігінен жеңілдетілген несиелеуге кезең-кезеңімен көшуде. 2025 жылы осы бағытқа бөлінетін қаржы көлемі 750 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен үш есе көп.
Аталған бағыт аясында жаңа «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6%-дан аспайды. «Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер банктерге тікелей жүгінуі қажет (қазіргі кезеңде бұл — Freedom Bank, Банк ЦентрКредит және Halyk Bank).
2025 жылдың бес айында қолданыстағы жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында 873 жоба жалпы сомасы 73,6 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Сонымен қатар, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау құралы бойынша 2 228 жоба қолдау тауып, жалпы 290,7 млрд теңге көлемінде несие берілді.
Жобалардың саны мен несие көлемі бойынша ең көп қолдау көрсетілген салалар - ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және сауда.