
Сурет: turkystan.kz
Антикор қызметінің пәрмені бойынша өңірлік экология департаментінің мамандары Тереңкөл ауданына барып, қоқыс орындарын жоспардан тыс тексерген. Нәтижесінде, ондағы барлық 12 ауылдық округте (Әулиеағаш, Байқоныс, Береговой, Жаңабет, Жаңақұрылыс, Ивановка, Калиновка, Октябрьск, Песчан, Тереңкөл, Томарлы, Алтай) қалдықтарды сақтауда заң бұзушылық бар екені анықталған. Тексеріс қорытындысында ауылдық округтердің әкімдеріне 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
Антикор қызметі аудандардың бюджеті шектеулі, облыста жаңа қоқыс полигондарын жүзеге асыру әзірше мүмкін емес екенін мүлде назарға алмағаны таңғалдырады. Парадокс жағдай екі арада ауыл әкімдерін негізсіз жазалауға соқтырып отыр. Мұндай айыппұл бұған дейін Ақтоғай, Шарбақты, Павлодар аудандарының әкімдеріне де салыныпты.
Мәселені кеңірек түсіндіріп өтейік. Ертіс-Баян өңірінде қазіргі уақытта заманға сай жабдықталып, экологиялық құжаттарын алған небәрі 3 қоқыс полигоны ғана бар. Олар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасқан. Өкінішке қарай, еліміздің Экологиялық кодексінде көрсетілген ережелерге сай келетін қоқыс орындарын құру өзге елді мекендерде қаржылық тұрғыдан мүмкін емес. Заманға сай қоқыс алаңдарын салу, жабдықтау өте қымбат тұрады. Егер Кодекске бағынып, барлық полигондарды реттеп шығамыз десек, облысқа 300 млрд теңгеден астам қаражат қажет болады. Оны аудандар тұрмақ, облыстың бюджеті көтермейді.
Бұл мәселе қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі қоқыс төгу орындарының жағдайын қиындатып отыр. Яғни заң бар, бірақ оны орындайтын қаржылық ресурс жоқ.
– Өңірде аудан-ауылдардағы қоқыс полигондарының орналасқан жері ғана тіркелген. Заң жүзінде оларда экологиялық рұқсат құжаттары, қоршау, таразы, қоқысты сұрыптайтын орын, арнайы көліктер, т.б. болуы керек. Алайда ондай мүмкіндік аудандардың қолынан келмейді. Ауыл халқы рұқсат етілмеген полигондарға қоқыс тастауға мәжбүр болып отыр. Себебі жаңадан салынған қоқыс орындары жоқ. Қолданыстағы заңнама бойынша ауылдық полигондарды әзірге заңды деп санауға болмайды, – дейді облыстың мемлекеттік экологиялық инспекторы Руслан Темірболатов.
Қоқыс алаңдарын ұйымдастыру елді мекендердің қолынан келмейтіндіктен, адам саны көп тұратын Баянауыл, Майқайың, Тереңкөл, Ертіс ауылдарында полигондар салуға Экология министрлігіне өтінім берілген. Бірақ министрліктен жауап жоқ. Жобаны іске асыру мерзімі – жеті ай.
– Төрт ауылға қатысты қоқыс орындарының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткіздік. Әрқайсысын іске асыруға 1 млрд теңге керек. Облыста 316 қоқыс полигоны Экология кодексінің талаптарына сай емес. Олардың барлығын реттеп шығу өте көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан ауылдарға белгілі бір жеңілдіктер жасалуы керек. Әрі барлық өзгеріс Министрлік тарапынан орталықтандырылған жүйеде ұйымдастырылуға тиіс, – дейді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бас маманы Сандуғаш Нұрғажинова.
Облыс экологтері заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау, тәртіп бұзушылардың әрекетіне жол бермеу, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары үзбей жүргізіліп келе жатқанын мәлім етті.
Павлодар облысы