Құрылыс • Бүгін, 10:07

Ішкі сұранысты толық өтейтін зауыт

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысындағы Jibek Joly арнайы экономикалық аймағында толық өндірістік циклді металлургия комбинатының құрылысы бойынша ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Инвестор – Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. қытай компаниясы.

Ішкі сұранысты толық өтейтін зауыт

Сурет: bizmedia.kz

Қазіргі уақытта инвестиция бо­йынша келісім жасалып, бөлінген жер учаскелерін құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындау белсенді жүргізілуде. Индустриялық аймаққа теміржол, электр желілері және табиғи газ сынды қажетті инфрақұрылым тартылған.

Құрылыс кезеңінде 1,5 мың уақыт­ша жұмыс орны ашылып, зауыт іске қосылғаннан кейін 2,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Инвес­тор компания жұмыс күші­нің кемінде 90%-ын жергілікті тұрғын­дардан алуды көздеп отыр.

Жобаны жүзеге асыру екі кезең­ге:  2025 жылдан 2029 жылға дейін жоспарланған. Зауытты пайдалануға беру 2027 жылға белгіленсе, одан кейінгі екі жыл ішінде өндірістік қуат­ты кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Жалпы инвестиция көлемі – 756 млн доллар. Жаңа кәсіпорын темір кенін заманауи сутекті технологиямен өң­деп, жылына 3 млн тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады.

Бұл еліміздегі сутек негізіндегі шахта пешін пайдаланатын алғашқы металлургиялық кешен болмақ. Жоба саланың «жасыл» трансформациясы талаптарына толық сай келеді.

«Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» басқарма төрағасының орынбасары Ли Чжундун зауыт толық қуатына шыққан соң, оның өнімі ішкі нарықтағы болат тапшылығын өтеп қана қоймай, Орталық Азия, Украина мен Еуропа елдеріне экспортқа бағытталатынын айтты.

«Құрылыс аяқталғаннан кейін, біздің өнім Қазақстан нарығындағы болат тапшылығын толықтай жаба алады. Ішкі сұранысты қанағаттандыра отырып, біз сонымен қатар көршілес елдерге де өнім жеткізу арқылы Қазақстан экономикасының және экспорттық әлеуетінің дамуына үлес қоса аламыз. Жоба іске қосылған соң, ол тек өндіріс саласының емес, сонымен қатар логистика, кен игеру, тіпті туризм мен қоғамдық тамақтану секілді ілеспе салалардың да дамуына серпін береді», деп атап өтті ол.

Сонымен қатар жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Қабылданған міндеттемелер шеңберінде Fujian Hengwang Шу қаласында тұрғын үй кешендерін салады, сондай-ақ аумақтарды көгалдандыру, балабақ­шалар мен қалалық саябақтар салуды қоса алғанда, әлеуметтік бастамаларды тұрақты негізде қолдайды.

Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. бүгінде ҚХР-дағы үш металлургиялық кәсіпорынды басқаратын және жылына 23 млн тоннаға дейін болат өндірісінің жалпы көлемін бақылайтын өнеркәсіптік өндірістегі ең ірі әлемдік көшбасшы болып саналады. Жобаларға инвестициялардың жалпы көлемі 6 млрд доллардан асады. Қазақстанда еншілес құрылым – АЭА қатысушысы мәртебесін алған «Yonggang Central Asia Iron and Steel» ЖШС тіркелген.

Естеріңізге сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов осы жылдың сәуір айында Жамбыл облысына сапары барысында Jibek Joly АЭА аумағында жаңа ауқымды инвестициялық жоба­лардың іске асырылуымен танысты.