Қазақстан • Бүгін, 15:15

Орталық Азия елдері тәжірибе алмасты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) жоғары лауазымды тұлғаларының отырысы шеңберінде 17 маусымда Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия елдерінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) саласындағы уәкілетті органдарының қатысуымен өңірлік форум өтті. Аталған форум – МЖӘ тетіктерін дамыту, қатысушы елдердің осы саладағы тәжірибе алмасу, экономикалық өсімді ынталандыру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда бірлескен бастамаларды ілгерілету және МЖӘ саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуды көздейді, деп жазады Egemen.kz.

Орталық Азия елдері тәжірибе алмасты

Фото: МЖӘ баспасөз қызметі

Форумға Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, ҚХР, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысып, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласындағы құқықтық базаны жетілдіру, МЖӘ бойынша оқыту, халықаралық келісімдерді дамыту мен трансшекаралық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

МЖӘ бойынша трансшекаралық жобаларға арналған сессияда «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Көбетов баяндама жасап, Қазақстанның негізгі жетістіктерін, соның ішінде сәтті іске асырылған жобаларды, МЖӘ саласындағы жүргізілген заңнамалық реформаларды, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп іске асырылатын ерекше маңызы бар жоспарланған жобаларды таныстырды.

Форумда талқыланған негізгі бастамалардың бірі – Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын жаңа автожол жобасы болды. Жобаның алдын ала құны шамамен 150 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл көлік дәлізі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға, көлік қолжетімділігін арттыруға әрі жеке инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Жаңа жол құрылысы өңірлік деңгейде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолданудың айқын мысалы ретінде қарастырылып отыр. Жобаның сәтті іске асырылуы Орталық Азияда осыған ұқсас трансшекаралық инфрақұрылымдық бастамаларды іске қосуға серпін береді деп күтіліп отыр.

Осылайша, Чолпон-Атада өткен форум Орталық Азия елдерінің өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылысын растап, қатысушылар МЖӘ тетіктерін одан әрі дамытуға және нақты бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.