Туризм • Бүгін, 17:30

Биыл туризм саласына қанша инвестиция тартылады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб отырысында туризм, спорт және су ресурстары салаларындағы қазіргі даму мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл туризм саласына қанша инвестиция тартылады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың мәліметінше, 2025 жылы салаға 1,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға көп.

2024 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша 215,6 млрд теңге инвестиция тартылған және бұл жоспардың 191%-ы құрайды.

«Салаға тартылатын инвестиция көлемі орналастыру мен тамақтану, өнер, ойын-сауық пен демалыс, кітапхана, мұражай, мұрағат, жерүсті, әуе мен су көлігі, жалға беру, туроператор қызметі және басқа да қызмет түрлері есебінен қалыптастырылады. Инвестицияның негізгі ағыны екінші жартыжылдықта түсуі тиіс», деді Ержан Еркінбаев.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен бірлесіп, құны 991,3 млрд теңгеден асатын 320 жоба пулы жасалған. Оның ішінде 244,5 млрд теңге мөлшеріндегі 11 ірі жоба жүзеге асырылуға жақын.

Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биыл су шаруашылығы инфрақұрылымы саласында 358 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, биыл аталған жобаларға 193 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 75%-ға көп. Ал іске асырылатын нысан саны 2,4 есеге артқан (2024 жылы 110,5 млрд теңге сомасындағы 151 жобаға қаржы берілді). Сондай-ақ үш жаңа су қоймасының құрылысы басталып, екі су қоймасы қайта жөнделеді.