Шымкент • Бүгін, 08:00

Мегаполис мерейі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19 маусым – Шымкент республикалық қала мәртебесін алған күн. Осыған орай 19 маусым қала күні, мегаполис үшін үлкен мереке. Биыл қала әкімдігі шаһардың туған күнін 10 күн тойлауға шешім қабылдады. Осы онкүндікте республикалық, халықаралық мәні бар өнер және мәдениет фестивальдері кеңінен өтіп жатыр.

Мегаполис мерейі

Наурыз алаңындағы «Оркестрлер ше­руі» фестивалі тұң­ғыш рет Шымкентте өтіп отыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі музыкалық ұжымдар қатысты.

Қалалық филармонияның Ұлт-аспаптар, Опера және балет театрының сим­фо­ния­лық оркестрі Сыдық Мұ­хамеджановтың «Шаттық Отаны» шығармасын орындап, фестиваль шымылдығын түрді. Қос оркестрдің қос дирижермен өнер көрсетуі  көрерменді ыстық ықыласқа бөледі. Ұлт-аспаптар оркес­трі­мен қоса, камералық, эс­традалық, үрмелі және джаз оркестрлері де өз өнерлерін көпшілікке паш етті.

Ұйымдастырушылар мұн­дай ауқымды мәдени іс-ша­ра бұдан былай үшінші мегаполисте тұрақты түрде жал­ғасын табатынын жеткізді. Осынау қызықты фестиваль 18 маусым күні оркестрлер арасындағы музыкалық «айтыс­пен» қо­рытындыланды.

Сонымен қатар мереке аясында Пушкин атындағы қалалық кітапханада «Шым­кент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симпозиумы басталады. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия елдерінен және респуб­ликамыздың әртүрлі өңірінен белгілі қылқалам ше­берлері қатысады деп күті­ліп отыр. Адамның жандүниесін қылқаламмен тербеткен су­ретшілер симпозиум барысында шаһардың ең көрікті жерлерін әуелгіде ақ кенепке бейнелесе, кейін 45 картина қалалық музей қорына табыс­талады.

Сондай-ақ Қала күні қар­саңында Наурыз алаңында өткен «Otbasy Fest» мерекелік іс-шарасында бірнеше от­басына пәтер кілттері табыс етілді. Тұрғындардың бас­па­налы болуына «Otbasy bank» іске қосқан өңірлік «Қам­қор» бағдарламасы септігін тигізді. Жеңілдетілген несие­ге негізделген осы бағ­дар­ламаның көмегімен жиырма отбасы баспаналы болды.

Барлық тұрғын үй ша­һардың инфрақұрылымы дамыған аймағында орна­ласқан. Жауапты сала маман­дарының айтуынша, дәл қазіргі таңда «Қамқор» өңірлік бағдарламасы тұрғындарды баспаналы етудің ең бірегей әрі тиімді жобасы болып табылады. Айта кеткен жөн, бүгінге дейін Шымкент қала­сы әкімдігінің өңірлік бағдар­ламасы арқылы 368 тұрғынға баспана берілген екен.

 

ШЫМКЕНТ