Мәселе • Бүгін, 08:45

Құм көшкініне қарсы қарекет

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнайлы Атырауда да өкпек желмен сусыған құм көшкіні бар. Бірнеше елді мекен тұрғындарын құм басу қаупінің арт­қаны алаң­да­тады. Құм көшкінінен төнетін қауіп Исатай, Құр­ман­ға­зы, Қызылқоға, Жылыой ауданының ауылдарында басым бо­лып отыр.

Құм көшкініне қарсы қарекет

Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, елді мекендерді құм көш­кінінен қорғау ісі 2019 жылдан бері тұрақты жүргізіліп келеді. 2019–2025 жылдар аралығында Жы­­лыой, Қызылқоға, Исатай, Құр­­ман­ғазы аудандарының елді ме­кен­­дерінде 76,5 га аумаққа құм тоқ­та­ту мақсатындағы жұмыс ат­қа­­рылды. Жобаға сәйкес егілген сек­­сеуіл көшетінің шығуы 40%-ды құ­­райды.

2019 жылы Қызылқоға ауда­нын­­дағы Тайсойған ауылында құм көшкінін тоқтату жұмысы 3,2 гектарға жүргізілді. 2020–2021 жыл­дары Жылыой ауданының Май­көм­ген елді мекенінде 6 гa, 2021–2022 жылдары Исатай ауда­нын­дағы Кобя­ков-Забурын кана­­лының бойын­дағы 7,9 гa учас­ток­те құм көш­кі­нінен қорғау мақса­тындағы жұмыс атқарылған екен.

Құм көшкінінен Үштаған ауы­лының тұрғындары да қауіп­тенеді. Атырау облысының Ресей Федера­циясымен шекара­дағы Құрманғазы ауданында орна­лас­қан елді мекенде тұрғындар саны көп емес. Биыл ауылдың іргесі қаланғанына 110 жыл толған. Мұнда 140-тан астам адам тұрады. Бәрінің негізгі табыс көзі – төрт түлік. Елді ме­кендегі тұр­ғын үй­лер­ді қоршаған құм­ның ұзын­ды­ғы шамамен 5, ені 2 ша­қы­рымға созыл­ған. Бұйрат құм тоқ­­тау­сыз жыл­жып, кейбір үй­лер­­дің тұ­сында тау секілді үйіліп жатыр.

«Үштағанда төрт түліктің бәрін өсіруге жарайтын шүйгін жайы­лым бар. Жер астынан тұщы су шы­ғады. Газ желісі тартылды. Бір бала­мыз мал өсіреді. Бізді алаң­да­татын екі жайт бар. Бірі – құм­нан төнетін қауіп, екіншісі – аудан орталығына қатынайтын жол­­дың жайы», дейді ауыл тұр­ғын­­дарының бірі Балғаным Қапан­қызы.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қар­масының мәліметінше, 2021 жылы аталған ауылдың аума­ғын­дағы 33,8 га жерге құм көшкінін тоқ­­тату жұмысын жүргізу мәселесі зер­де­леніпті. 2022–2023 жылдары елді мекен маңындағы 10 га жерге сек­сеуіл егілген.

Осыған ұқсас жұмыс былтыр Исатай ауданындағы Нарын ауылында қолға алынған. Биыл елді мекенге қауіп төндірген құм көшкінін тежеу мақсатында 8 га жерге сексеуіл көшетін отырғызу жұмысы жалғасып жатыр.

Қызылқоға ауданының Сағыз, Бүйрек, Қаракөл, Жасқайрат, Қара­бау ауылдарын да құм басу қаупі бар. Сол себепті, аталған ауыл­дарда 32,4 гектарға, атап айт­қанда, Сағыз елді мекенінде 11,5, Бүйректе – 0,5, Қара­көл – 14, Жас­қай­ратта – 0,45, Қара­бау ауылының тұсында 6 га учас­токке сексеуіл егу жұмысы атқарылған.

Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Зейнолла Шәліковтің дерегіне сүйенсек, Қарабау ауылындағы құм көшкініне қарсы жұмыс мерді­гер – «Еділ-Строй Сервис» ­ЖШС-ға жүктелген. Жобаның құны – 647 млн 981 мың теңге.

Қарабау – аудандағы шежірелі тарихы бар ауылдың бірі. Өткен ғасырдың 1952–1959 жылдары Қызылқоға ауданының орталығы болған. Ауданның қазіргі орталығы – Миялы ауылынан 80 шақырымдай қашықта орналасқан. Округте мыңнан астам адам тұрады.

Исатай ауданындағы Исатай ауылында құм көшкіні басталғалы 10 жылдан асып отыр. Қазір 300-ге жуық тұрғын мекен ететін ауылда құм көш­кінін тоқтату 2019 жылы қол­ға алыныпты. Сол жылы тамыр жай­ған сексеуіл 2 метрге дейін өскен. 2021–2022 жылдары елді мекен маңындағы 9 га жерге сексеуіл егіл­ген. Ауылды құм көшкінінен қор­ғау жобасының құны – 600 млн тең­ге. Қазір оның 340 млн теңгесі иге­ріл­ген.

Жылыой ауданындағы Май­көм­ген ауылының тұрғындары да жыл сайын құм басу қаупін сезі­неді. Ауылдық округ әкімі Нұр­жарық Сауытовтың айтуын­ша, тұр­­ғын­­дар көшеден құм шығару мәсе­лесін 2022 жылдан бері көтеріп келеді.

«Былтыр ауылды құмнан тазарту жұмысын қолға алдық. Тұрғын­дар­дың өтінішіне сәйкес, үйлердің ау­ма­ғынан 5,5 мың тонна құм шы­ға­­­­рылды. Оған 8 жұмысшы мен ­6 тех­­­ника тартылды», деді Н.Сауытов.

 

Атырау облысы