Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:22

Ақпараттық гигиена заңға сай келе ме?

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ақпарат майданында күн сайын жеңіліп жатырмыз. Әлеуметтік желіде бірін-бірі балағаттаған, жалған қауесет таратып, «қан майдан» болып жатыр. Жалған ақпарат, фейктің өріс алғаны соншалық, түрлі провокациялық видеолар өріп жүр», дейді Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.

Ақпараттық гигиена заңға сай келе ме?

Осылай деген депутат елімізде ақпа­раттық гигиена жоқ екенін алға тартып отыр. Оның айтуынша, көзге ілінетін ақпараттардың 90 пайызы – өсек-долбар ғана. Кейбір журналист, блогерлердің кәсібилігіне қарның ашады.

«Қазір көптеген ақпарат құралдары ресми ақпарат жоқ деген желеумен халықты бұрыс ойға жетелейтін, дұрыс зерделенбеген мәлімет таратуға құмар. Алайда бұл жалған ақпарат таратуға рұқсат деген сөз емес. Күдіктіні сот қылмыскер деп таппа­йынша, сырттан үкім кесіп, дербес дерек­терін жариялай салу белең алып бара­ды. Бұны да қадағалап, жұмыс жүргізіп, кейбір БАҚ-тарды сүзгіден өткізу керек», дейді М.Толықбай.

Бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен салалық министрліктер бұл мәселені назарда ұстап отырғанын айтады. Олар дер кезінде қауесетті жоққа шығарып, күмәнді сайттар мен аккаунттарды қадағалау жұмыс­тары жүргізілетінін мәлімдеді.

Ақпараттық қауіпсіздік, медиа саясат саласында жүргізіліп жатқан жұмыс туралы депутат сауалына жауап берген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қазіргі жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жалған ақпаратты таратуға жедел ден қою мемлекеттік органдардың басым мін­деті екенін жеткізді. Министрдің айтуынша, ақпараттық кеңістіктің мониторингін Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырады және жарияланған материалдарда қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда құзыреті бойынша құқық қорғау органдарына жібереді. Ал Ішкі істер министрлігі өз кезегінде өкілеттік шеңберінде ашық көздер мен әлеуметтік желілердегі жария­ланымдарға мониторинг жүргізеді.

Мәселен, министрлік таратқан ақпа­ратқа сәйкес осы жылы құқыққа қайшы мазмұны бар 38,1 мың интернет-ресурс анықталып, оның 14 мыңы бұғатталған. Оның ішінде порнографиялық материалдар – 1 836, экстремистік бағыттағы – 22, қаржы пирамидаларының және басқа да алаяқтық ұйымдардың қызметі жөнінде – 1 037, есірткі қылмысына қатысты – 7 436, интернет-казино қызметі туралы 602 материал бар.

«Фейктердің, оның ішінде арандату­шылық бейнематериалдардың және референдумдар немесе билік органдарының әрекеттері туралы жалған хабарламалардың таралу фактілері бойынша қызметтік тексерулер жүргізіліп, қолданыстағы заңнама шеңберінде әкімшілік не қылмыстық іс қоз­ғалады. Деструктивті контент авторларын, оның көздері мен таратушыларын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», делінген министрдің ресми мәлім­демесінде.

Сондай-ақ жыл басынан бері жалған ақпарат таратқан 89 басылым анықталған. Нәтижесінде, 15 қылмыстық іс қозғалып, 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған. 27 әкімшілік материал бойынша анықталған 39 адамға құқықтық және түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жыл­дың 23–24 сәуірінде референдум өткізу туралы жариялады» мәтінін «WhatsApp» мессенджерлері мен әлеуметтік желілерде жариялап, жалған ақпарат таратқанын Алматы қаласының (2) және Қарағанды облысының (2) тұрғындары толық мойындады, олар әлеуметтік желілерден жа­рия­ланымдарды жойды және әкімшілік жа­уапкершілікке тартылды. Тексерілмеген деректерді жариялауға, кінәсіздік презумпциясын бұзуға және ақпарат беру этикасына қатысты мәселелер – ерекше назарда», делінген Е.Сәденовтің мәлімдемесінде.

Жалпы, ІІМ өкілеттіктер шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдарымен және тиісті реттеуші органдармен осындай құ­қық бұзушылықтарды алдын алу мақса­тын­да өзара бірлескен жұмыс жүргізеді. Қолданыстағы заңнама нормалары­на сәйкес құқық бұзушылар дербес деректер­ді таратқаны және жала жапқаны үшін жауап­қа тартылуы мүмкін.

Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, интернетте жалған ақпарат таратқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жариялаған ақпараты жалған екені анықталса, жеке тұлғаларға – 72 мың, заңды тұлғаларға 360 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Ал жағдай қайталанса, қамауға алынуы мүмкін. Қазір, әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде жалған ақпарат көптеп тарайды. Заңнамаға сәйкес фейк таратқандар жауапсыз қалмайды, алайда көп адам бұдан бейхабар.

Жалпы, барлық елде жалған ақпарат­ты тарататын – жекелеген адамдар. Оның анық-қанығына көз жеткізбей бөлісе салады. Сондықтан ресми емес басылымдардағы ақпарат, мақалаларды таратпас бұрын оның шындыққа жанасатынын тексеріп алған жөн.

Алдымен ақпаратты немесе мақаланы қандай БАҚ таратып жатқанын анықтап алған абзал. Көбіне фейк ақпарттарды сайттар таратады. Ақпарат таратқан сайтты бір шолып өтсек, оның қандай бағыттағы ақпарат құралы екенін анықтау қиынға соқпайды. Қазір танымал сайттардың атын жамылып немесе ұқсас дизайнмен ашылған жалған ақпарат тарататын сайттар бар.

Мақала, ақпараттың авторы жазылмаса, ол күмән тудырады. Ақпараттық сайттарда көбіне автор фотосымен беріледі, осыған назар аудару қажет. Ал егер ақпарат шетелдік дереккөздерден аударылған болса, оның түпнұсқасына сілтеме болуы қажет. Осындай бірнеше тәсілмен ақпарат, мақаланы сүзгіден өткізіп алып таратсақ, заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құра алар едік.