
Оның айтуынша, Ақтау қаласының жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр – бұл жұмыстардың нәтижесінде олардың тозу деңгейі 79%-дан 75%-ға дейін төмендейді.
«Ақтау қаласында 1-6 ықшамаудан (115,3 км) және 7-24 ықшамаудандар (118 км) жылу желілерін қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жобаның кешенді сараптамасының қорытындысы биылғы жылдың екінші жартыжылдығында алынады. Қуаттылығы 360 Гкал/сағ жаңа орталық қазандық салу жоспарланып жатыр. Бұл жұмыстар қаланың жаңа шағынаудандарын сапалы жылумен қамту мәселесін түпкілікті шешу мақсатында жүргізіледі. Жобаның мемлекеттік сараптамасы мақұлданды. Биыл қазандық құрылысын бастау жоспарланып жатыр», деді Бердібек Қартбаев.
Бұл шаралар ақтаулықтарды күзгі-қысқы кезеңде үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.