
Фото: Turizm jane sport ministrligi
Туризм және спорт министрлігі әзірлеген аталған құжаттың негізгі жаңалығының бірі – ҚР-ның азаматы емес спортшыларды мемлекеттік бюджет және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу. Бұл норма ел азаматтарының спорттағы және қаржылық қолдаудағы басымдығын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Біз ең алдымен отандық спортшылардың тиісті деңгейде дайындалып, жоғары жетістіктерге жетуіне жағдай жасағымыз келеді», деген еді бұған дейін сала министрі Ербол Мырзабосынов.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше аталған заң шеңберінде сондай-ақ кәсіби спорт клубтарын ұстауға мемлекет тарапынан қаржыландыру лимиті белгіленді, бұл – бюджет қаражатын тиімді әрі ашық пайдалануға, клубтарды қосымша қаржы көздерін іздеуге ынталандыруға және мемлекеттік бюджетке тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Жаңа нормалар спорт саласында тұрақты әрі тиімді қаржылық модель қалыптастыруға ықпал етеді. Ендігі кезекте бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне қолдау көрсетуге және жоғары жетістіктер спортын ілгерілетуге басымдық берілетін болады.