Жәдігер • Бүгін, 08:15

Абай шай ішкен кесе

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 140 жыл бұрын 1885 жылы Абай Құнан­байұлының Се­мейдегі орыс дос­тарының бірі Ни­фонт Долгополов жаз айларында ақынның ауылына барып, екі айдай қонақ болады. Қай­тып келген соң ол Семейдегі өлкетану музейіне Абай ауылынан қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты елуден астам зат тапсырыпты.

Абай шай ішкен кесе

Абайдың 1885 жылы өлкетану музейіне өз қолымен тапсырған заттарының бірі – қытай кесесі. Ақшыл көгілдір түсті кесе сыртына көк түсті ою-өрнек салынған. Кесе жасалған фарфордың сапасы аса жоғары емес, оны фар­фордың қалыңдығынан анық­тауға болады және кесенің ішкі жағында қара дақтар бар. 1940 жылы Семей қаласында Абай музейін ашу туралы арнайы қаулы шыққаннан бастап музей қорына ұлы ақынға қатысты экспонаттар жинау жұмысы жүріпті. Ақынның туыстары және ұрпақтары қолданған заттар Абай музейіне түседі. Кө­не­нің көзіндей болған құнды жәдігер қазір «Жи­дебай-Бөрілі» мем­лекеттік тари­хи-мәдени және әдеби-мемо­риал­дық музейінде тұр.

«Абай заманында фарфор ыдыстар көршілес Қытай, Ресей елдерінен келетін құнды зат ре­тінде бағаланыпты. Оларды арнайы ағаш қабығынан тоқыл­ған не болмаса теріден жасал­ған шыны­яққаптарға салып сақ­та­ған. Қым­батқа түскен фарфор, фаянс ыдыстарының шеттері сынса да тас­тамай, оларды құрсаулап жөн­деп алуды қазақ шеберлері өте жақ­сы мең­герген», дейді музей директоры Ұлан Сағадиев.

Бұл жәдігерлерге қатысты 1963 жылы «Ертіс» газетінің 8 қыр­күйектегі санында Абай музейінің алғашқы директор­ларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұха­мед­хановтың «Абайдың қос­қан үлесі» атты мақаласында да ұлы ақынның 1885 жылы өлке­тану музейіне экспонаттар тапсыр­ғаны туралы жазылған екен.

 

Абай облысы