«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:23

Ақжайықта 238,2 мың көшет егіледі

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Батыс Қазақстан облысында да кең қанат жайған. Өңірде экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында 2024–2029 жылдарға арналған облыстық жоспар бекітілді. Жоспар 3 бағыт, 43 тармақтан тұрады.

Ақжайықта 238,2 мың көшет егіледі

Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН

Жоспардың бірінші бағы­тын­да экологиялық ойлау, мінез-құлық, оның ішінде экологиялық жауапты мінез-құлық­ты ынталандыру, көтермелеу шаралары қамтылған. Экологиялық құқық бұзушылықты тіркеуге арналған камера­лар санын көбейту мақсатында 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 300 бейне­бақылау камерасын сатып алуға 571 млн теңге қаржы бөлінген. Айта кетейік, былтыр 100 бейнебақылау камерасы сатып алынып, Орал қаласына орнатылған еді. Бейнебақылау жүйесі облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

Өңірде жасыл желек отырғызу, оларға күтім жасау жұмысы да басты назарда. 2025 жылы облыстың елді мекендерінде 238,2 мың түп ағаш егу жоспарланған еді. Осы көктемде 150,9 мың ағаш отырғы­зылды. Қалған 87,3 мың көшет алдағы күз айларында егіледі. 2024 жылы 116,9 мың дана ағаш егілген еді. Бұл көк желек былтырғыдан екі есе көп егіледі деген сөз.

Әрине, егілген көшеттің тамыр тартып, жерсініп кетуіне жүйелі күтім, жеткілікті су керек. Қазір өңірде су үнемдейтін технология жаппай енгізіліп жатыр. Соның нәтижесінде биыл су үнемдеу технология­лары арқылы суарылатын алқап көлемін 13 700 гектарға жеткізу жоспарланған.

Тазалық сақтаудың бір жолы, эколо­гиялық мәдениетті қалыптастыру­дың ең басты қағидасы – қалдықты өңдеу, қоқысты сұрыптау, қалдықсыз тех­нологияға жету. Бұл еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сақтауға тиіс, түсінуі қажет қағида. Қазір Орал қаласы аумағында, халық көп жиналатын орындарда қайталама шикізат қабылдауды ұйымдастыру жөніндегі 3 заманауи қабылдау пункті ашылды.

Экологиялық тазалық сақтау қалаға да, далаға да ортақ мәселе. Қоршаған ортаның тазалығы қолайлы жағдай қалып­тастырады. Осы мақсатта ұйымдас­тырылған облыстық «Үлгілі ауыл» бай­қауында Тасқала ауданының Мерей ауылы жеңімпаз атанған еді. Бұл ауылдың үздік жетістіктері республикалық байқауға жолданды.

Жоспардың екінші бағыты – өске­лең ұрпаққа экологиялық білім беру мәселесі. Бұл тәрбие балабақша мен мек­тептен басталуы керек. Қазір өңір­де «Ме­кенім – жасыл елім», «Таза таби­­ғат», «Біз экологияға жауаптымыз», «Менің аулам – менің бағым» атты байқау­лар мен ак­­циялар жүзеге асырылып жатыр. Бұл шараларға оқушылар белсене қатысады. 2022–2023 оқу жылынан бастап барлық мектепте «Жаһандық құзыреттер» курсы қолға алынған болатын. 5-11 сыныптар аралығындағы 10104 оқушы «Экологиялық мәдениет» сабағын оқып жүр. Биыл осындай экологиялық сағаттарға 52 мыңнан астам оқушы қатысты.

Экологиялық мәдениетті дамыту жоспарының үшінші бағыты – ағарту жұмыстарын барынша жүргізіп, атқарылған іс-шараларды жалпыға жария­лап отыру. Өңірде өткен экологиялық акциялар туралы облыстық баспасөз бетін­де 131 мақала, жергілікті телеарналарда 72 сюжет, әлеуметтік желілерде 6000-нан астам жазба, интернет ресурс­тарда 160 материал жарияланған екен. Экология тақырыбына 75 бейнеролик дайын­далып, LED-экрандарда 24/7 режімінде көрсетіліп жатыр. Облыс көлемінде 35 билборд орнатылған.

Қай істің де көрігін қыздырып, жан бітіріп жіберетін – жастар. Облыс аумағында өтіп жатқан «Біз таза ел үшін», «Жасыл аймақ», «Таза өлке», «Киелі мекен», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» секілді экологиялық акцияларға осы кезге дейін 7500-ден астам белсенді жастар қатысты. Эколог күні аясында облыстың елді мекендерін абаттандыру бойынша өткізілген акцияға 4 мыңнан астам тұрғын қатысып, 120,6 тонна қоқыс жиналды. Мерекелік іс-шаралар, концерттер, эковолонтерлер мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың өкілдерін марапаттау ұйымдастырылды. Алдағы уақытта «Таза жағалау», «Таза орман» экологиялық акциялары жалғасады.

2024 жылы облыс орталығы мен аудандардағы абаттандыру жұмысына республикалық, жергілікті бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлініп, 28 жоба іске асқан еді. Биыл осындай 37 жоба қолға алынып, оны жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Соның ішінде қалаға бірыңғай келбет беруге бағытталған көппәтерлі тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларын, шатырларын реконструкциялау, аулалар мен тынымбақтарды абаттандыру, арықтар салу, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған алаңдарды қоршау жұмыстары да бар.

Жалпы, акция аясында санитарлық тазалау, абаттандыру науқаны 29 наурыздан басталды. Оған өңірде 91 мыңнан астам тұрғын, 4 мыңнан астам мекеме-кәсіпорын қатысып, 134 мыңнан астам әртүрлі ағаш көшеті отырғызылды. Осы кезге дейін 26 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

 

Батыс Қазақстан облысы