Тұлға • Бүгін, 08:43

«Жол таптым бар қазақтың жүрегіне...»

40 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл аты аңызға айналған жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толуы республика көлемінде кеңінен тойланып жатыр. Осыған орай жазушының туған жері Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында үлкен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Алыстан келген қадірлі қонақтар алдымен Сәбит Мұқановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан әрі Оқушылар сарайында «Сәбит Мұқанов: Тұлға. Дәуір. Мұра» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Жол таптым бар қазақтың жүрегіне...»

Конференция жұмы­сы­на Президенттің ке­ңес­шісі Мәлік Отар­баев қатысып, Мемлекет бас­шы­сының конференцияға арна­­ған құттықтауын жеткізді. Онда жазушының ұлттық мәде­ниетке, халықтың рухани әлемін, эстетикалық талғамын арттыруға, Қазақ Республикасы іргесінің алғашқы жылдардағы нығаюына сіңірген жазушылық, қоғамдық еңбегіне зор баға берілген. Мәлік Отарбаев осы конференцияға қатысып отырған жазушының перзенті Жанна Сәбитқызына Президенттің атынан шапан жауып, гүл шоқтарын сыйлады. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те конференцияға қатысушыларға ыстық лебізін арнады. «Сәбит Мұқановтың біздің жерлесіміз болғанын әрқашан мақтан етеміз», деді ол сөзінде. Жазушының қызына әкім де ықылас білдіріп, гүл ұсынып, әкесінің портретін сыйлады. Ал қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, ақын Олжас Сүлейменовтің құттықтау сөзін жиын модераторы, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы оқып берді.

Осыдан әрі С.Мұқановтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді. Онда жазушының өміріне шолу жаса­лып, шығармашылығын терең білетін ғалымдар мен зерт­теуші­лер­дің, мемлекет және қоғам қай­рат­­керлерінің ой-пікірлері жазыл­ған екен.

Конференция жұмысы одан әрі Жазушылар одағы басқармасы­ның төрағасы Мереке Құлкенов­­тің сөзімен жалғасты. Ол жазушы­ның өміріне қысқаша шолу жасап, ерекше еңбектеріне тоқталды. Со­ның ішінде Жазушылар одағын ең қатерлі 1937–1938 және 1943–1951 жылдары басқарып, сол кезеңнің өзінде оның дамуы мен ықпалының артуына зор еңбек сіңіргенін ата­ды. «Сәбит Мұқанов қазақ халқы­ның тарихын, фольклорын зерттеуге, айтыс, жыршылық сияқты ұлттық өнерлерін жаңғыртуға күш салды. Басына қауіп төнетініне қарамастан, қазақ тілінің дамуын­ да үнемі еске салып отырған. Он­даған қаламгердің қанатының қа­таюына жәрдем етті. Жазушы­лар Есмағанбет Ысмайылов, Са­фуан Шаймерденов, Тұрсын­бек Кәкі­шев, Герольд Бельгер, т.б. Сәбеңнің қамқорлығын көріп, әде­биетке қанат қақты. Ал қазақ әде­биетінің классигі Әбдіжә­міл Нұр­пейісовті үйіне тұрғы­зып, шығармашылығын қолдаған. Балалары оны «Әби-Жәми» деп атаған. Оның қарапайымдылығы, халыққа жақындығы барлық жазушыдан артық. Сәбең – сол мінезі­мен де аты аңызға айналған адам, халық оның жазғандарын іздеп жүріп оқитын. Мұхтар Әуезов­пен шығармашылықта әдеби бәсеке­ге түсіп, үнемі үзеңгі қағысты­рып жүрді. Ал бәсекелестік орта бол­ған соң, қазақ әдебиетінің шы­ғар­машылығы да сол жылдар­да қатты дамыды. Көршілес туыс­қан халықтар әдебиетімен салыстыр­ғанда қазақ әдебиеті сол жылдарда көш-құлаш алға кетіп, оларға үлгі бола білді», деді Құлкенов сөзінде.

Осыдан кейін жазушының қызы Жанна Сәбитқызы Президентке, Үкіметке, облыс басшылығына, ғалымдар мен ақын-жазушыларға және жиналған қауымға алғыс айтты. Сонымен бірге С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың, қазақ драма театрының тамаша жұмыс істеп тұрғанына ризашылығын білдірді.

Жазушының шығармашы­лы­ғы туралы ғылыми баяндаманың бі­рін Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек жа­сады. Ғалым жазушының же­тімдік талқысын көріп өскен бала­лық шағынан бастап қоғамдық әді­летсіздікке қарсы болғанын айтты. «Біреу шат, біреу неге қайғы зарда, Неге байлық бір емес, барлық жан­ға?» деп тағдырына сұрақ қоя­ды жас ақын. Осындай әділетсіздік­ке жауап іздей жүріп, ол өзінің ақыл-ойын, өмірлік көзқарасын жетілдіріп, ақындық қабілетін ұштады. Абай мен Тоқайды оқып көп нәр алады. Кеңестік дәуірге аяқ басқанда большевиктердің насихатына құлай сенген ол ел­дегі ірі оқиғаларды патриоттық рухпен жырлап, «Сұлушаш» (1920), «Жұмаштың өлімі» (1923), «Альбом» (1924), «Балбөпе» (1926), «Ақ аю» (1935) поэмаларын жаз­ған. Прозада С.Мұқанов қалам тарт­паған тақырып жоққа тән. 20-жыл­дардың өзінде ол сан алуан­ стильдік-көркемдік ізденістер­ге барды. «Ақбөпенің сыры» (1927), «Жарқын жолмен» (1931), «Екпін­ді» (1932), «Балуан шолақ» ( 1940–1941) хикаяттары әлеуметтік теңсіз­дік, билеушілердің әділетсіздіктері, қоғамдағы қайшылық мәселесін аяусыз әшкерелегенін» айтты. Одан әрі жазушының пісіп-же­тілуінің айғағы болған шым-шытырықты күрделі оқиғаларды қамтыған «Адасқандар» (1931) романына тоқталып, оның алғаш рет орыс тілінде «Сын бая» (1935) деп басылғанын, «Мөлдір махаббат» атанған соң, қазақ-орыс тілдерінде бес рет қайта жарық көргенін атап өтті. Жазушының жұртқа белгілі «Сырдария», «Ақ­қан жұлдыз», «Ботагөз», 3 томдық «Өмір мектебі», т.б. кесек туындыларын оқырман жылы қабылдады. С.Мұқановтың шығармашылығы туралы қазақтың атақты әде­биет­танушы ғалымдары мен жазу­шыларының бәрі, соның ішін­де М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжі­баев, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Е.Лизунова, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, С.Қас­қа­басов, Ш.Елеукенов, Р.Нұр­ғалиев, Қ.Ергөбек, К.Ахметова, т.б. жазды деп ол сөзін аяқтады.

Белгілі айтыс ақыны, филология ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізді. Әрі қарай С.Мұқанов­тың қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тербегенін еске салды. «Сәбит Мұқанов – есім­дері Алашқа аян Қожаберген жырау, Сегіз сері, Нияз сері, Біржан сал, Ақан сері, Шал ақын, Үкілі Ыбырай өмір сүрген ортада дүниеге келіп, қатарластары Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсіреповпен тізе қоса еңбек етіп, ұлттық әдебиетіміз­де айрықша із қалдырған дара тұл­ға­ларымыздың бірі. Сәкеннің «Көк­­шетау», Мағжанның «Батыр Баян» поэмаларымен қатар оның «Сұлушаш» поэмасы да әде­бие­тіміздің інжу-маржандары қа­тарынан орын алды. Қазақ қы­зының жаңа тұрпаттағы көркем бейнесі көрініс берген «Ботагөз», ұлы ғалым Шоқан образы да Сә­бең­нің қалам қуатымен халық­қа танылды. Қазақ драматургия­сында да Сәбит Мұқанов көш­басшылардың біріне айналды. Ал оның белгілі әдебиеттану­шы ғалым екендігі – өз алдына бір төбе. Сонау Бұқар жыраудан бас­тап оның ХІХ–ХХ ғасыр басындағы әдебиетімізге байланысты зерт­теулері барлық әдебиеттану ғылы­мының көшбасшысы болды», дей келіп, шешен бүгінгі күні кейбір әсіреалаштанушылардың Сәбит Мұқановты сынап, Мағжанға және т.б. алашшыларға қарсы қоюын шенеп өтті. «Сәбит Мұқанов Алаш ақын-жазушыларына да кезінде өзінің жоғары бағасын берген. Оларды мүмкіндігінше қолдаған. «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген де Сәбит Мұқанов», деді ол.

Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығын ұзақ жыл­дар зерттеген филология ғы­лым­­да­ры­ның докторы Күләш Ахме­това жазушының ғылыми ең­бек­­теріне кеңінен тоқталды. ­«ХХ ға­­сыр­дың­ басында әдебиеттану оқу­лық­­тары мен әдебиеттің тарихын негізінен С.Мұқанов жазды. Алдымен ол 8 және 9-сыныптар­дың оқу­лығын жазып, хрестома­тиясын құрастырды. Кейін жоғары оқу орнының әдебиет оқулығын да құрастырған. Оқулық құрастыру жазудан да қиын. Ол кезде архивтер қолжетімсіз болатын, со­ған қарамай жас ғалым тынымсыз зерт­теуімен «ХХ ғасырдың ба­сын­дағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты көлемді оқулық құрастырған. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғұмар Қараш, т.б. еңбектерін алғаш С.Мұқанов тірілтіп, оқырманның көзайымына айналдырған. Сәбең өзінің қасына тең автор ретінде ҚазПИ-дің үшінші курсында оқитын Қалижан Бекқожинді алып, ЖОО-ға да арналған осы әдебиет оқулығын жарыққа шы­ғарды. Кейін көптеген академик, соның ішінде Рымғали Нұрғалиев те бар, Сәбеңнің оқу­лығынан көптеген дерек алған. Сәбеңе сілтеме жасамағандары үшін ғана Тұрсынбек Кәкішев оларға қатты ренжіген еді», деді Күләш Ахметова. Сонымен бірге Сәбеңнің жазған оқулықтары ұлт­тық рухты, мәдениетті ескеріп отырғанын айтты. Ғалым Сәбит Мұқановтың 1974 жылы, өзі өмірден өткен соң жа­рық көр­ген «Қазақ қауымы» (өзгерті­ліп басылған нұсқасы «Халық мұра­сы») еңбегінің маңыздылығы­на да кеңінен тоқталды. Ал қазір Сәбеңді сол заманның ахуалын тү­сінбей жөн-жосықсыз сынап жүр­гендер туралы сөйлегенде Қу­ғын-сүргін құрбандарын то­лық ақтау туралы Мемлекеттік комиссияның мүшелері құпия ­архивтерден жазушының біреу­ді сатып, көрсеткені туралы құжат­тар таппағанын жеткізді.

Ғылыми-практикалық конференцияда Президент жанында­ғы Басқару академиясының профессоры Анатолий Башмаков, С.Мұқа­нов пен Ғ.Мүсірепов мем­лекет­тік әдеби-мемориалдық ке­ше­­нін 25 жыл басқарған Әділғазы Қайыр­бековтер де сөйлеп, заңғар жазу­шының халқымыздың әде­биеті мен өнеріндегі орны туралы айтты.

Осы күні кешке Алматыдан, Астанадан және еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтар С.Мұқановтың «Мөлдір махаб­бат» романының желісімен қойыл­ған драманы тамашалады. Ол жа­зу­шы атындағы Солтүстік Қазақ­стан облыстық драма теа­трын­да қойылды. Ал ертесіне алыс­тан келген қонақтар және жер­гі­лікті ақын-жазушылар мен өнер қай­рат­керлері жазушы туып-өскен Жам­был ауданының ор­талығы Прес­нов ауылына ба­рып, мерейтой іс-шараларын жал­ғастырды. Мұнда «Сөз зергері – Сәбит» атты рес­пуб­ликалық ақын­дар айтысы өтіп, 12 ақын бақ сы­наған додада жазу­шының жерлесі Жарқын Жұпар­хан 2 млн теңгелік бас жүлдені еншіледі.

 

ПЕТРОПАВЛ