Өндіріс • Бүгін, 09:12

Өндірісі өрістеген өңір

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының өнеркәсіпті дамы­ту, терең өңдеуге баса назар аудара оты­рып, экономиканы әрта­раптандыру, энерге­тика­лық инфрақұрылым мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсыр­маларының орындалу барысын тексерді.

Өндірісі өрістеген өңір

«Saran» индустриялық ай­мағының кәсіпорындары, «Qarmet» АҚ өндіріс нысандары, оның ішінде металлургия комбинаты мен «Саран» шахтасына барды. Энерге­тика, ком­муналдық және ауыл шаруа­­шылығы салаларындағы жобаларға назар аударылды.

Премьер-министр Қараған­ды облысының Саран қала­сында орналасқан «Saran» индус­трия­лық аймағының дамуымен танысты. «Қазақстандық ыс­тық мырыштау зауыты» ЖШС мырышталған металл бұ­йым­дарын өндіретін жаңа кәсіп­орынның ашылуын мысалға ала отырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тексерілді. Ыстық мырыштау немесе металл бұйымдарын тот басудан қорғау құрылыста, машина жасау мен ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында кеңінен қолданылады. Еліміздің өнеркәсібіндегі оң динамиканы ескере отырып, мырышталған металл бұйымдарына сұраныс жыл сайын артып келеді. Қуаты жылына 50 мың тонна өнім шығаруға жететін кәсіпорынды іске қосу отандық металл конструкцияларын өндірушілер қажеттілігінің 80%-ын өтеуге мүмкіндік береді. Жобаға 6,2 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 80%-ы – «Бәйтерек» холдингінің тетіктері ар­қылы ұсынылатын қарыз қара­жаты. Зауыт мемлекеттік қолдау шараларының тиім­ділігінің нәти­жесінде іске қосыл­ды. 115 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ірі өндіріс ошағы төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуін дамытуға қосымша серпін берілмек.

Премьер-министр Саран қаласындағы шиналар шыға­ратын «Tengri Tyres» ЖШС зауытында болды. Кәсіпорын импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған. Толық циклді зауытта халықаралық стандарттарға сай технологиялық барлық процесс іске қосылды. Биылғы қаңтар-наурыз айларында Attar брендімен жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын 135,4 жеңіл және жүк көліктері дөңгелектері және қысқы шиналар шығарылды. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, жеңіл көлік шиналары экспорты жүзеге асырылады. «Tengri Tyres» ЖШС директоры Александр Уставщиков жыл соңына дейін құны 29,3 млрд теңге болатын 1,2 млн шина шығару жоспары туралы айтты. Қазіргі таңда зауытта 850 адам жұмыс істейді. Толық жобалық қуатына шығу жалпы 1 125 тұрақты жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.

Премьер-министр жеткізі­лім­­дер көлемін одан әрі арт­ты­рудың және сату нарығын ке­ңей­тудің маңыздылығын атап өтті.

«Silk Road Electronics» ЖШС тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорнын аралау барысында өндірісті локалицазиялауды арттыру жоспарларына назар аударылды. Бұл көрсеткіш бүгінде 50%-дан асады. Әрі қарай өсу үшін жабдықты жаңғыртуға қомақты инвестиция салынды. Шығарылатын өнімдер – теледидар, су жылытқыш, шағын пеш, сорғы, шаңсорғыш, кір жуатын машина, ас үй плитасы және басқа да техникалар елімізде және көршілес елдерге сатылады.

Премьер-министр «Саран» шахтасында жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. 520 метр тереңдіктегі шахтаға түсу барысында ұңғыма учаскелер қаралды. «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов нақты уақыт режімінде жерас­ты қазбаларындағы қыз­мет­кер­­лердің орналасқан жерін ба­қылауға мүмкіндік беретін персоналды позициялау жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкес енгізу туралы хабардар етті. Бұл қауіпсіздікті бақылауды күшей­теді және төтен­ше жағдай­ларда жедел әрекет етуге мүм­кіндік береді. Жұмыс орын­дарын­дағы шахтерлермен бейне­бай­ланыстың техникалық мүм­кін­діктері таныстырылды. Жаңғырту бағдарламасы сонымен қатар ұңғыма жабдықтарын жаңар­туды, желдету жүйелерін жақ­сар­туды, өрттен қорғау­ды кү­шей­туді және жерасты жұ­мыс­тарының цифрлық инф­ра­құрылымын кеңейтуді қамтиды.

Кеншілермен әңгімелесу барысында өндірісті цифр­ландыруға бейімдеу мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов жұмыс­шылардың еңбек қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін басқа шахталарда осындай қондырғыларды жеделдету қажеттігін атап өтті. Qarmet көмір кәсіпорындарын жаң­ғыртуға салынған инвести­циялардың жалпы көлемі шамамен 500 млн долларды құрайды. Озық жүйелерді енгізу бойынша ауқымды жұмыстармен басқа да шахталар қамтылатын болады.

Премьер-министр Теміртау қаласындағы Qarmet метал­лургиялық комбинатында болды. Биылғы бес айда кәсіпорын қатты болат өндірісін 13%-ға – 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтты.

Премьер-министрге қуат­ты­лығы жылына 4 млн тон­наға дейін сұйық болат конвертер цехының алаңында Президенттің тапсырмасына сәйкес өндірістік қуаттарды табиғи газға қосу бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндалды. Өткен жылы №1 және №2 конвертерлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, корпустар толық ауыстырылды, ана­ғұрлым заманауи әрі орнықты конструкциялар орнатылды. Бұл болат балқыту көлемін ұлғайтуға және цехтың өндірістік тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Мұнда Олжас Бектенов №8 және №9 кокс батареяларының құры­лысымен танысты. Қуат­тылығы жылына 1,5 млн құрғақ кокс болатын инвестиция­лық жоба Премьер-министр­дің 2024 жыл­ғы 5 қарашада Қытай Ха­лық Рес­публикасына жұ­мыс сапары кезінде қол жет­кізілген уағдаластықтар шең­берінде қытайлық ACRE Coking & Refractory Engineering Con­sulting Co., Ltd компаниясымен бір­лесіп жүзеге асырылуда. 2027 жыл­ға жоспарланған өндірістің не­гізгі параметрлері таныстырылды.

Премьер-министр Теміртау қаласындағы жылу желілерін реконструкциялау учаскесін қарап шықты. Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық ерекше бақылауда екенін атап өтті.

Сондай-ақ Нұра ауданында орналасқан «Рамадан сүт фермасы» ЖШС-ға барған Олжас Бектенов өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен танысты.