
Байланыс операторы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде аталған елді мекенде «Кар-Тел» операторының желісі жұмыс істеп тұр. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарын сапалы мобильді байланыспен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету. Бұл бастама цифрлық теңсіздікті азайту және шалғай ауылдық өңір тұрғындары үшін заманауи телекоммуникациялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.
«Бұл ауылда 70 жылдан бері тұрып келеміз. Бұрын байланыс болмады. Ол заманда жай ғана үй телефондары болды. Ал ұялы байланыс деген мүлде қолжетімсіз еді. Қазір заман дамыды, жаңа технологиялар ауылға да жетті. Енді алыстағы туған-туыстарымызбен емін-еркін сөйлесіп отырамыз. Бұрынғыдай қиналмай, кез келген уақытта хабарласа алатынымызға қуаныштымыз» деседі ауыл тұрғындары.
Ақаралдағы жаңа байланыс тек технология жетістігі ғана емес, ауылдың тынысын кеңейткен, адам мен адамды жақындастырған игілікті қадам. Бұл әсіресе, болашаққа үмітпен қарайтын жастарға, кәсіп іздеген еңбеккерлерге және күн сайын халықпен жұмыс істейтін ұстаздар мен дәрігерлерге үлкен демеу.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы