
Сурет: kaz.inform.kz
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 34 мекеме ішкі нарықты сұйытылған газбен қамтиды. Бұл мекемелер 101 бекетке иелік етеді. Мұнайлы шаһарда 56 газ құю бекеті бар. Өңірдегі 7 ауданда осындай 45 бекет ашылған. Мұның сыртында 125 жанар-жағармай бекеті бар. Бірақ басқарманың мамандары міндетіне сәйкес күнделікті отын бағасына, қордағы қалдыққа мониторинг жүргізумен шектеледі.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтің айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік өрт бақылау талаптарына сәйкес қолданылатын критерийлер бар. Айталық, өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша Атырау қаласында 36 жанар-жағармай және газ құю стансасы тіркелген.
«Жанармай стансалары құрылыс нормалары стандартына сәйкес жобаланып, салынады. Стандартқа сәйкес автомобиль жанармайы және газ құю стансалары мен тұрғын үйлердің арақашықтығы 60 метрді құрауға тиіс», дейді С.Жаймағамбетов.
Оның айтуынша, 2020–2024 жылдары жанар-жағармай және газ құю стансаларының қауіпсіздігіне тексеріс жүргізілмеген.
«Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жанар-жағармай стансаларының қауіпсіздік мәселесі қозғалғанда, кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметi салаларында мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру тәртiбiнің сақталуы тұрғысынан тексеру тәртібі белгіленген Кәсіпкерлік кодексінің 85-2-бабының 5) тармағы басшылыққа алынады. Екіншіден, 2020–2024 жылдары жарияланған мораторий, Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы №1206, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №814 «Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекiту туралы» бірлескен бұйрығы бар. Осылардың негізінде жанар-жағармай стансаларының өнеркәсіптік қауіпсіздігіне тексеру жүргізу мүмкін болмады», деді С.Жаймағамбетов.
Жақында Құлсары қаласындағы бір жанар-жағармай стансасында газ-ауа қоспасы жарылды. Соның салдарынан болған өрттен 14 тұрғын күйік алып, 2 адам ажал құшты. Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мәлім еткендей, қазір бұл қайғылы оқиғаға байланысты тергеу ісі жүріп жатыр.
«Атырау қаласы мен аудандарда арнайы комиссия құрылады. Комиссияларға әкімдердің орынбасарлары төрағалық етеді. Комиссиялар Атырау қаласы мен аудандарда газ құю бекетін ғана емес, жанар-жағармай нысандарының барлығын тексеруі керек. Барлық жұмыс заң талаптарына сай атқарылады. Қазір Атырау қаласында мұндай бекеттердің қай жерде орналасқаны туралы негізгі тізім бар. Адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтау қажет», дейді Қ.Нұртаев.
Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллиннің айтуынша, облыста мемлекеттік өрт бақылау критерийіне сәйкес 144 жанар-жағармай, 41 газ құю стансасы есепке алынып отыр.
«Жобалау-сметалық құжаттаманы келісуге, жер учаскелерін құрылысқа бөлу, салынып жатқан нысандардың өртке қарсы жай-күйін тексеру және құрылысы аяқталған нысандарды қабылдау жөніндегі комиссияларға қатыспайды.
«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға сәйкес нысандар құрылысының сапасын бақылау, сондай-ақ осы нысандарда сәулет, қала құрылысы тәртібін, жобалық құжаттаманың сапасын қадағалауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады», дейді Б.Абдуллин.
Былтыр өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізу жоспарына 47 жанар-жағармай стансасы енгізілген. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы 24 жанар-жағармай стансасына профилактикалық тексеру жүргізілді. 23 жанар-жағармай стансасына өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестігі туралы аудит жасалып, қорытындысы берілді. Тексеру кезінде Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы №55 «Өрт қауіпсіздігі қағидасы» талаптарын сақтамауға байланысты бірнеше кемшілік анықталды.
Атырау облысы